Исламның асыл мұраты не?
Ислам дінін бүгінде әркім әрқалай түсінеді. Ата-анасына зекіп сөйлейтін «намазхандар», тазалыққа немқұрайлы қарайтын дәрет алушылар, ұлы діннің мазмұнын сақал мен балаққа апарып тірей беретіндер, бір отбасы мүшелерінің үш-төрт ағымға бөлініп кетуі сынды жағдайлар, өкінішке орай, асыл дінімізге ұмтылушылардан гөрі, теріс айналып безушілер қатарының көбеюіне әкелуде.
Шындығында, ислам дінінің асыл мұраты не? Адам баласы не үшін жаратылды? Олардан не талап етіледі? Құранның түсу құпиясы неде? Пайғамбарлардың қызметі не? Түптеп келгенде, исламның негізгі мақсаты – адам баласын екі дүниеде рахат-қа бөлеп, бақыт пен шаттыққа қауыштыру. Енді, осы мақсатқа жетудің тетігін қасиетті Құранның мына аятынан ұғынамыз: «Мен адамзат пен жындар әлемін тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят).
Бұл аятты әйгілі тәпсірші Ибн Аббас «Мені танып-білсін» деп тәпсірлеген болатын. Ендеше, бақытты болудың негізгі тетік-сырларының бірі – бізді жоқтан бар етіп жаратқан, құдіреті шексіз Алла Тағаланы танып-біліп, шариғатына бойұсыну. Анықтап қарасақ, бұл аятта да, жалпы, Құран мазмұнында да адамдар өтірік-өсек айтсын, зина жасасын, пара алсын, қан төксін, бүлік шығарсын, ұрлық-зорлықпен айналыссын, біреуді біреуге айдап салсын деп жараттым делінбеген. Ата-анасына зекіп сөйлесін, туыстық қатынасты үзсін деген де мән жоқ. Ендеше, бұл аталғандар құлшылыққа жатпайды, адамды екі дүниеде бақытты етпейді. Бұл – бір ғана аяттың хикметі.
Тағы бір аятта мынадай бұйрық бар. «Аллаға құлшылық жасаңдар, оған еш нәрсені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңа, жақын туыстарыңа, же-тімдерге, жарлыларға, туыстығы жақын көршілеріңе, жамағайын көршілеріңе (сапарлас, сабақтас), жан жолдастарыңа, жолаушыларға, қолдарыңдағы құл мен күңдерге жақсылық істеңдер. Алла тәкаппар, мақтаншақтарды жақсы көрмейді» («Ниса» сүресі, 36-аят). Міне, бұл аятта айтылған істер құлшылыққа жатады және орындал-ған жағдайда адамды екі дүниеде бақытты етеді. Ислам дінінің кереметтігі де осында.
Сондықтан, ислам дінін Жаратушы Раббымыз құлдарын бақытты ету үшін жіберген деп анық айта аламыз.
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ, теолог.