Интернет алаяқтарынан қалай сақтануға болады?
Жасырып қайтеміз, ай бойына қарызға батып, айлық алған кезде қалтаны қағып, несие төлеп, берешек беріп «жарысатынымыз» аз емес. «Келер жері кең болсын» деп жіберген қызыл-жасыл қағаздарымыздың сауатты, сауатсыз жұмсалғаны бар, «бекер алдымға» басып бас қасытқаны қаншама. Әсіресе, алаяқтарға арбалып, армандары көкке ұшқан жандар да жүр арамызда. Оған мына сандар куә…
Оңай олжа орға жықпасын
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 409 интернет-алаяқтық қылмысы тіркеліпті. Аталған қылмыс түрінің басым көпшілігі, яғни, 314-і интернет арқылы тауар немесе қызмет көрсету түрлеріне алдын-ала төлем жасаған адамдардың алдануы, жалған сілтемелер арқылы ақша қаражатын жымқыру – 8 дерек, онлайн несие рәсімдеу арқылы алданған – 39 дерек, өзгенің атын жамылып жалған аккаунттар ашып алдаған 6 дерек тіркеліп отыр.
– Талдауға сәйкес, облысымызда интернет-алаяқтық құрбандары 30-50 жас аралығындағы тұрғындар. Әйел азаматшалар күмәнді интернет-дүкендерден тауар сатып алу, ал ер азаматтардың басым бөлігі kolesa.kz және өзге де көлік құралдары мен бөлшектерін сататын жалған хабарламалардың құрбаны болуда, — дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Интернет-алаяқтықты болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері тарапынан профилактикалық жұмыстар жүргізілуіне қарамастан, тұрғындар арасында алаяқтардың құрбаны болғандардың саны азаймай отырған көрінеді.
Мұндай алаяқтардың қақпанына көп жағдайда – «тиімді» несие, шұғыл және оңай қарызға ақша іздейтіндер түседі екен. Олар «жеңілдікті онлайн-несиелерді», «төмен пайыздық мөлшерлемемен микроқарыздарды», «артық төлемсіз адал несиелерді» ресімдеу бойынша қызметтерді ұсынады. Олар үшін қарыз алушының несиелік тарихы нашар ма, оның табыс деңгейі қандай, ол ресми түрде жұмысқа орналасқан ба, оның зейнетақы аударымдары бар ма, маңызды емес.
Ол ол ма, «қара кредиторлар» қарыз алушының жеке несиелік есебіндегі ақпаратты одан клиенттің қалауымен ақы төлеу мерзімін кешіктіру және басқа кемшіліктер туралы ақпаратты шамалы ғана төлем үшін тазартуды ұсына алады. Ол үшін алаяқтар төлем картасының деректемелерімен қоса өз құрбанының конфиденциалды деректерін сұратады. Қарыз алушылардың бейхабарлығын пайдалана отырып, алаяқтар несиелік тарихтың бар болғаны 5 жыл сақталатынын және осы мерзімнен бұрын барлық қарыздар автоматты түрде жойылатынын айтып сендіреді. Қажетті мәліметтерді алып, алаяқтар барлық банктік шоттарға қол жеткізе алады және онлайн-банкингтің көмегімен өздерінің «клиентіне» ірі несиелер ресімдейді.
«Сақтансаң, сақтармын» дегендей, мамандар несиелік тарихты үнемі тексеріп отыруға кеңес береді. Сонда ғана алаяқтық туралы біліп, сәйкесінше жедел әрекет етуге болады.
Полиция қызметкерлері де бүгінде интернет алаяқтықтың ауқымы кеңейіп, әртүрлі интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып алаяқтардың арбауына түскен алданушылар санының күн санап өсіп жатқанын жасырмайды.
Ардан безгендер
Айтпақшы, бұл қылмыстарды ашу оңай емес көрінеді. Өйткені, қылмыскерлер оларды тіркеу кезінде де, ақша алу кезінде де деректерді жасыратын ақпараттық технологияларды қолдана отырып жасайды.
– Ақпараттық технологиялардың дамуымен және оларды қолдану аясының кеңеюімен алаяқтықтың жаңа түрлері, соның ішінде интернет алаяқтықтар пайда болуда. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Интернет алаяқтықтың бір ерекшелігі – қылмыскерлер тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де болуы мүмкін, яғни қылмыстың бұл түрі халықаралық сипатқа ие. Мәселен, бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, кейде тіпті басқа мемлекетте жүруі мүмкін. Сол себепті қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді, — дейді Атырау қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дидар Қайырғали.
Әсіресе, қазіргі заманның балаларына төніп тұрған қауіп – мобильді немесе компьютерлік ойындар сатып алу кезіндегі қаржылық алаяқтық. Көптеген онлайн-ойындарда пайдаланушыларға керек-жарақ, ең жоғары деңгейге дейін жету немесе қандай да бір жаңа локацияларды бұзу үшін бонустар сатып алу ұсынылады. Әрине, бұл – жеңілдікпен кез келген ойындарды сатып алуға немесе ақылы ойынды төмен бағамен жарнамасыз сатып алуға қызықтыратын ұсыныс.
Алайда, мұндай сауданың барлығы қауіпсіз деуге болмайды. Қаскүнемдер осылайша өздерінің зиянды бағдарламаларын таратады. «Жеңілдікпен» сатып алған ойынымен бірге бала «вирустық» бағдарламаны жүктеп алуы мүмкін. Ол дербес деректерді жинауы, оның ішінде қаскүнемдерге геодеректерді беруі мүмкін. Яғни, алаяқтар мекен жайды, жұмыс орынды, бала оқитын оқу орны жөнінде, демалатын, уақытты көп өткізетін жер, онлайн-сатып алатын заттарымыз жөнінде және көптеген басқа деректерге оңайлықпен қол жеткізе алады. Осылайша, киберқылмыскерлер үшін біздің де, сіздің де және балаларымызды қызықтыратын және айналысатын істеріміз жөнінде білу түкке тұрмайды. Ал, кейбір қосымшалар, сонымен бірге, алаяқтарға пошталық сервистерге, әлеуметтік желілерге кіруге мүмкіндік береді. Бұл өте қауіпті, себебі олар банктік карта және шоттар туралы мәліметтер алулары мүмкін.
Балаларға банк картасы, әсіресе, жалақы картаңыз байланысқан телефон беруге мүлдем болмайды. Сондай-ақ, телефоннан сауда жасауға шектеулер орнатып қою артық емес және де жасөспірім кездейсоқ ресімдеп қоюы мүмкін ақылы жазылымдарды үнемі тексеріп отыруы қажет екен.
Көмектесші, қиналып тұрмын…
Жеңіл жолмен жарты күнде байып шыққысы келетіндер арамызда аз емес. Әртүрлі тәселдерді пайдаланып, Facebook, WhatsApp бастаған әлеуметтік желілерде баласының, қызының атынан аккаунттар ашып, бәзбіреулердің қаржылай көмек сұрайтындардың әрекеті күннен күнге өршіп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.
«Бір қызығы, WhatsAppыма ұлымның фотосы бар номерден қарызға ақша сұраған хат келді. Менің аватарындағы жігіттің әкесі екенімді білмеген болуы керек. «Бәленшемін, өткен жолы тойда кездескен едік» деп бастап, дәл қазір қаржылай қиналып тұрғанын айтып, көмек сұрады. Ол алаяқ өзгенің атын жамылып қаншама адамның атына күйе жағып, абыройын төгіп жүр екен» деген атыраулық тұрғын қаскөйдің кейін телефон нөмірін өшіріп тастағанын айтады.
Қалай болғанда да, алаяқтардан айла арылмай тұр. Басын кессең құйрығы тірілетін жыландай, олар құқық қорғау қызметкерлерінен де ығысатын түрі жоқ. Ол ол ма, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» демей ме, бұлар өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, «сіздің жақындарыңыз жол-көлік оқиғасына тап болды» немесе «басқа да заңсыз әрекеттерді жасады» деп алдап, бұл жағдайды шешу үшін ақша сұрауы мүмкін.
– Мұндай жағдайда уақыт өткізбей 102 операторына қоңырау шалып, айтылған ақпараттың шынайылығын тексере аласыз. Себебі орын алған оқыс оқиғалар міндетті түрде 102 операторына тіркеледі. Сонымен қатар, белгісіз адамдар Facebook, Instagram әлеуметтік желілері арқылы әртүрлі заттарды арзанға сататыны туралы жарнамалар жариялайды және тауарларға сұраныстар түскен кезде тауарлар сатылмауы үшін алдын ала төлемді жіберуді сұрайды. Бұл жағдайда әлеуметтік желі беттерінде орналасқан жарнамаларды мұқият тексеріңіз, тауарды қолыңызға алғанға дейін төлемеген дұрыс екенін ескертеміз.
Бүгінде интернет алаяқтықтың тым көбейіп кетуі қоғамдық резонанс тудырып отырғаны белгілі. Қазақстанда бұл қылмыс түрінің ең көп таралған тәсілдерінің бірі – интернеттегі түрлі хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу. Бүгінде интернет алаяқтықтардың жартысы дәл осындай жолмен жасалған. Екіншісі – микрокредиттік ұйымдардың сайттары арқылы онлайн қарыз рәсімдеу, — деп атап өтті Мейірім Ердәулетқызы.
Мұндай алаяқтар бәрімізге де қоңырау шалғанда, расыменен, сене жаздайсың. Тұтқаның арғы жағындағы өзге де операторлардың дауыстарынан бұл топтың тек саусақпен санарлық адамнан құралмағанын байқауға болады. Бұл өзі орталықтандырылған бірыңғай жүйе ме деп қаласың… Немесе, алаяқтықпен айналысатын арнайы үлкен компания бар секілді көрінеді.
Сақтанғанды сақтайды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандарынан алаяқтардан сақтану жолдарын да сұраған болатынбыз. Олардың айтуларынша, бейтаныс адамдарға дербес деректеріңізді, оның ішінде жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін ешқашан айтпау қажет және жіберу де үлкен қателік.
– Картаңыздың толық мәліметтерін ешкімге айтпаңыз және оның суреттерін интернетте жүктемеңіз. Егер біреу сізге ақша аударғысы келсе, оған картаның нөмірін немесе телефонның нөмірін айту жеткілікті. ПИН-кодты картаға жазбаңыз және оны басқа адамдарға хабарламаңыз, оны банкоматтар мен POS-терминалдардан басқа еш жерге термеңіз. Транзакциялар бойынша деректерді жедел алу үшін SMS/Push-хабарлама сервисін қосыңыз. Егер сіз жасамаған операция туралы хабарлама келсе, растау кодын енгізбеңіз, банкке қоңырау шалып, ақпаратты нақтылаңыз. Төлем картаңыз үшін 3D-Secure (VISA) немесе SecureCode (MasterCard) қосыңыз. Егер сіз онлайн сатып алу жасағыңыз келсе, веб-сайттың интернет-дүкенге тиесілі екеніне көз жеткізіп, мекенжай жолағында сайттың жазылуын мұқият тексеріңіз, ол HTTPS-тен басталып, оның жанында жабық құлыптың белгісі болуы керек. Тек онлайн сатып алуға арналған бөлек картаңыз болсын. Егер сіз карта деректерін күмәнді сайтқа енгізсеңіз немесе оларды қателікпен алаяқтарға хабарлап қойсаңыз, картаны бұғаттау үшін банкке қоңырау шалыңыз. Дербес ақпаратты беру талап етілетін күмәнді интернет-конкурстар мен лотереяларға қатысудан аулақ болған жөн. Электрондық поштаңыз бен сайттардағы жеке кабинеттеріңізге күрделі құпиясөздерді пайдаланыңыз және оларды ешкімге хабарламаңыз деген кеңестерін жеткізді.
Бастысы, құпиясөздер әртүрлі, бас және кіші әріптермен, сандармен және арнайы таңбалармен болуы керек. Электрондық құрылғыларға күмәнді бағдарламаларды орнатудан аулақ болып, гаджеттерге қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеу қажет. Интернет-банкинг сервистерін қосатын құрылғыларда вирусқа қарсы лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану да дұрыс секілді.
Уақыт талабынан олар да қалыс қалмақ емес. Алаяқтар өздерін екінші деңгейдегі банктердің, МҚҰ қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін. Көп жағдайда олар ірі және танымал қаржы ұйымдарының атаулары мен логотиптерін пайдаланады. Адамнан айла артылған ба, алаяқтар алдаудың басқа схемаларын да ойлап тауып үлгеріп жатыр. Олар клиенттерге белгісіз, дәлірек айтқанда, ойластырылған қаржылық құрылымдардың атынан байланысқа шығады. Бұл елес кредиторлар деп аталады. ТМД елдерінде алаяқтықтың бұл түрі алқымнан алған пандемия кезінде кеңінен таралып, «көтере алмасаң, қоса арқаланың» кебін жасапты.
Елес кредитордың интернетте өзінің жеке, оның ішінде фишинг парағы бар. Кейде жалған сайтта ұйымның байланыс деректері көрсетілуі мүмкін, сертификаттар мен лицензиялар орналастырылуы, ал веб-парақтың дизайны көрнекі грамматикалық қателіктерсіз және сапалы орналасумен өте сауатты жасалуы мүмкін. «Қырық айлаларына» қарамай, қармануға мүмкіндік бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Атырау қаласындағы өңірлік өкілдері басқармасының бас маманы Райымбек Тілегенов айтқандай, агенттіктің көмегіне жүгінсеңіз болғаны.
Иә, алаяқтардың сан түрлі айласына алданатындардың саны жыл өткен сайын кемігенімен, оларды біржолата ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр.
Рита ӨТЕУҒАЛИ