Қайрат Жолдыбайұлы «Атырау-Ақпарат» ұжымымен кездесті (+ФОТО)

img 20220209 wa0028 Жаңалықтар

Танымал теолог, Мысырдағы Әл-Азхар университетінің түлегі, қоғам қайраткері Қайрат Жолдыбайұлы «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің ұжымымен кездесті.

Алдымен медиахолдинг басшысы Ысқақ Егембердиев алыстан келген қонаққа «қош келдіңіз» айтып, мекеме жұмысымен қысқаша таныстырып өтті.

– Кеше Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» атты кітабының таныстырылымы өтті. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ине шаншыр орын болмады. Сол жерде айтылған әр әңгімеден зор әсер алғандардың қатарында өзім де болдым. Осынау сәтті пайдаланып, құрамына екі облыстық және жеті аудандық газет пен бір журнал, 11 сайт, өңірлік коммуникациялар орталығы және типография мен полиграфия қызметі кіретін үлкен шығармашылық ұжыммен кездесу өткізгенді жөн көрдік, – деді Ы.Дүйсембайұлы.

img 20220209 wa0034

Осыдан кейін құрметті қонаққа сөз берілді.

– Негізінде, белгілі актер Бекжан Тұрыс бастаған 25 адамнан құралған командамыз болған. Ол кісі кітаптағы ғибратты оқиғаларды сахна арқылы да көрсеткен. Биылдан бастап ел ішін аралап шығу жоспарда болған. Соңғы оқиғаларға байланысты кідіре тұруға тура келді.

Кітаптың атауын кей оқырмандар Президенттің әкесімен байланыстырып жатады. Ал, шындығында ол туралы еш жерде айтылмаған. Яғни, бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ. Қоғамда өзіндік орны бар, жан-жақты, әсіресе, рухани жетілген жанды «кемел адам» деуге болады. Абай оны «толық адам», ал, Мәшһүр Жүсіп «түгел адам» дейді.

Тағы бір айта кетерлігі, бұл діни емес, мотивациялық туынды. Мұнда бүгінгі уақыттың тренді болып табылатын – уақытты тиімді пайдалану, дұрыс тамақтану, адамдармен тіл табысу және басқа да мәселелер қозғалады. Мен өзім бұл кітап үлкен сұранысқа ие болады, бірнеше рет басылып таралады, тіпті, Президенттің өзі оқып, халық алдында өз бағасын береді деп ойлаған емеспін. Менің мақсатым тек жастардың, қоғамның өміріне оң өзгерістер әкелу ғана болды, – дейді белгілі дінтанушы.

img 20220209 wa0035

Автор Мәшһүр Жүсіптің алты қағидасын да жекелей атап өтті. Соның ішінде «кідіріс» ұғымына кеңінен тоқталды. Айтуынша, қазіргі қарбалас өмірде, әсіресе, жұмыстан бас алмайтын кезде бір сәт тыныштықта тынығудың маңызы зор. Бір қызығы, рухани еңбектің алғы сөзін автор Стамбул-Алматы бағытында ұшып бара жатқан кезінде жазып шыққан екен. Міне, кейде кідіріс жасаудың да керек екенін осыдан-ақ білуге болады.

Сондай-ақ, жиналғандар экраннан автордың қарапайым сумен салыстырған философиялық тұжырымдары жинақталған бейнероликті тамашалады.

(Қайрат Жолдыбайұлының журналистермен әңгімесін толығырақ «Атырау» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар)

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

img 20220209 wa0029
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз