Көңілді толқытқан қамқорлық

001 Қоғам

Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Сонау 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом электр станциясының төртінші блогында сұмдық жарылыс болды. Украина жеріне қазақстандықтар да алғашқы лекпен көмекке аттанды. Мен де осы топта болған едім.

Сол уақытта жастық жалынмен КСРО құрамындағы бауырлас республикадағы жапа шеккендерге қолымыздан келген көмекті жасадық. Ол кезде радиация зардабына мән бере қоймағанымыз жасырын емес. Ал, уақыт өткен сайын сол бір күндердің ізі мен табы денсаулығымыздан байқалғаны даусыз.

«Көппен көрген ұлы той» дейтін халықпыз ғой, «бас сынса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, әйтеуір, бала-шағамыздың амандығына шүкіршілік етіп, елімізде бейбітшілік пен ынтымақ болғанын тілеп жүретінбіз.

Бірақ, «ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмыт қалмайды» деген сөздің жаны бар екеніне көзім жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Қазақстан Республикасының «Ард а г е р л е р т у р а л ы » Заңында Чернобыльға қатысушылар үшін арнайы бап қарастырылған екен. Сол үшін қуанып отырмын.

Аталған заңның 6-бабы «Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер» деп аталады. Осы баптың бірінші бөлімінде Чернобыльге қатысушылардың м ә р т е б е с і т у р а л ы : «1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авария лардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ, ядролық сынақтарға тiкелей қа тысқан адамдар» деп нақты көрсетілген.

Осының өзінен-ақ мемлекеттің әкелік қамқорлығын сезіндік. Біздің жастық жігеріміз, қайратымыз босқа кетпепті. Осыны түйсініп, газетке бір ауыз пікірімді жолдағанды жөн көрдім.

Самат ҚУАНЫШЕВ,

Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысушы,

Құрманғазы ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз