Хангелді ӘБЖАНОВ: «Діттеген меже мен мақсатқа жеттік дей алмаймын»
Иә, ашаршылықтың қалдырған қасіретті ізі көп. Аштық деп аталатын алапат жұтқа, «қызыл қырғын» «сталиндік-голощекиндік» зобалаңға тап болатыны ежелден тыныштық сүйгіш қазақтың түсіне де кірмеген-тұғын. Тарихымыздың қаралы парағы саналатын бұл тауқымет ешбір әулетті айналып өтпеді. Кейбір деректерде ашаршылықтың демографиялық, экономикалық зардаптарынан айығуына ширек ғасыр қажет болғаны жазылады. Бұл туралы бізге тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Хангелді Әбжанов айтып берген болатын. Сұхбатта көкейдегі сауалдарымызға жауаптар алдық…
– «Ауыз өзімдікі» дейтін кейбіреулер қазақтың аштыққа ұшырауын халықтың шаруаға қырсыздығынан көреді. Осы пікірге тарихшы ретіндегі көзқарасыңыз қандай?
– Шаруаға қырсыздығынан өлетін болса, қазақтар ХХ ғасырға жетпей-ақ қырылып қалар еді. Қазақ хандығы шаңырағын көтергенде халқының саны 200 мың ғана болыпты. Арада төрт ғасырдан астам уақыт өткенде қазақтың саны 6 миллионға жетті. Осыншама уақыт бойы өсіп-өнген халқымызға аяқ астынан шаруаға қырсыздана қалатындай не көрініпті? Бәрі – сыртқы күштер мен факторлардың, саясаттың әкелген сойқаны.
– Ашаршылық – бүкіл елге келген нәубет. Бұл қырғын «ұжымдастырудан басталды» деп оқытылды. Қазақ халқын бір емес, үш мәрте қырғынға ұшыратқан аштықтың астарында нендей саясат болды?
– Түптеп келгенде, кеңестік социалистік идеяның, теория мен практиканың Қазақстанда орын алған бұрмалауларын, қателіктерін, іркілісін түсінуге, ғылыми дәйектеуге, шығармашылық ізденіске сұраныс та, қажеттілік те жетерлік. Бірақ, тоталитаризмнің екі қылмысын қазақ халқы кешірмейді, ұмытуға жатпайды, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттай береді. Оның бірі – 1917 жылғы қазанда билікке келгеннен 1991 жылы тарқағанша КОКП үздіксіз жүргізген кеңестік саяси қуғын-сүргін. Ал, екіншісі – әр кезеңдегі, әсіресе, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық.
1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық «гуманитарлық апат» деген анықтама аясына сыймайды. Ол – адамзатқа қарсы жасалған қылмыс, ғаламдық қасірет. Ашаршылықтың әлденеше жылға созылуына, қисапсыз қайғы-қасірет әкелуіне себеп болған басты фактор – қоғамның объективті-ырғақты даму диалектикасы мен қисынын бұзған номенклатура өктемдігі. Кеңестер елінде номенклатура деп басшы қызметтерде отырған адамдар қауымдастығын атады. Экономика салаларының, білім мен ғылымның, құқық қорғау органдарының – әрқайсысының өз номенклатурасы бар болатын. КСРО-да партиялық номенклатура бәрінен жоғары тұрды. Батыстық зерттеушілер кеңестік номенклатураға «жаңа тап», «бюрократиялық артықшылыққа ие тап» атақ-айдарларын тағуы кімнің кім екенін айқындай түседі. Мемлекеттік деп аталған меншіктің қызығын, материалдық, қаржылық ресурстарды бөлу рахатын, баршаға міндетті шешім қабылдау құқығын партиялық номенклатура уысынан шығарған емес. Бұл – бір.
Екіншіден, ғылым ашаршылықтың түрлі формасы мен деңгейін анықтап отыр. Эпидемиялық ашаршылыққа құрғақшылық, су тасқыны, тағы басқа мерзімдік-мезгілдік құбылыстар туындатқан қиындықты жатқызады. Келесі түрі – тұтынған азық-түлік калориясының адам организмі сұранысына сай келмей, төменгі деңгейде қалуы. Азық-түлік мәселесінің барынша асқынған көрінісі – ұзақ мерзімге созылған аштық («хронический голод»). Осы соңғы түрі 30-шы жылдар басындағы қазақ даласын жайлады. Ол қалаларды, индустрия ошақтарын айналып өтті, қазақ ауылдарын баудай түсірді.
– Хангелді Махмұтұлы, ашаршы-лық ақиқаты өз деңгейінде ашылып жатыр ма? Яғни, зерттелу жайын айтып отырмыз…
– Ашаршылық ақиқатын ашуға арналған еңбектер баршылық. Бірақ, діттеген меже мен мақсатқа жеттік дей алмаймын. Бүгінде ғылыми еңбекті қалың қауым оқи бермейді. Ақиқатты көркем суреткерлікпен ашудың әлеуеті де, пайдасы да зор. Мәселен, М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы ойшыл ғұламаны әлемге танытты емес пе? Демек, ашаршылық туралы кемел де көркем туынды керек. Ол экранға «Қыз Жібек» тәрізді биік өремен шығарылса, ұлттық тарихымызды, қасіретті тағдырымызды бүгінгі ұрпаққа боямасыз, қалтқысыз жеткізе алар едік.
– Қазір сол зұлмат жылдарды зерттеп жүргендер ашаршылықтың құрбандары жайында әртүрлі деректі айтады. Отызыншы жылдары қырылғандар саны – 2 миллионнан астам, ал, оның алдындағы ашаршылық құрбандары 1 миллионнан асады дейді. Бұл деректер нақтыланған ба?
– Ашаршылықтан келген адам шығынын дәлме-дәл ешкім айта алмайды. Түрлі демографиялық, деректік өлшемдермен, есептермен болжауға болады. Менің ойымша, 1931-1933 жылдарғы ашаршылық кем дегенде 3 миллион қазақтың өмірін қиды. Әрбір алтыншы қазақ туған елінен безіп, жат елге, жат жерге кетті. Егер 1897 жылы отар өлкеде 3,5 миллион қазақ тұрып жатса, ал, халықтар санындағы үлесі 82%-ды құрады. 1939 жылы олардың саны 2,3 миллион адам болып, республика тұрғындары арасындағы үлесі 38%-ға дейін қысқарған еді. Жан шошытарлық қасірет азабы бүгінге дейін жүрек сыздатады.
– Аштыққа қатысты мұрағаттарда «құпия» таңбасымен қатталып жатқан құжаттар бар ма?
– Мүмкін және бар деп есептеймін.
– 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Ашаршылық құрбандары репрессияға ұшырағандардың тасасында қалып қойып жатқан жоқ па? Деректерге сүйенсек, Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарының саны ашаршылықта қырылған халықтың жартысына да жетпейді екен. Репрессия құрбандары мен аштық жылдары қырылғандарға екі бөлек дата арнауымызға не кедергі болып отыр?
– Екі қасіретті салыстыра-шендестіре қарастырған жөн емес. Репрессия мен ашаршылық – тоталитарлық қылмыстың ең сорақы түрлері. Демек, екеуін жеке-жеке атап өтуге айтарлықтай қажеттілік жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ
Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ