Кәсіпкерлердің басты кемшілігі қандай?

Сапасыз тағам тәжірибесіз маман Жаңалықтар

Қоқысқа толы қойма. Мерзімі өткен тағам. Санитарлық кітапшасы жоқ маман. Істен шыққан тоңазытқыш… Мұндай көріністер бизнес нысандарының  барлығынан  дерлік  кездеседі. Оған не себеп болып отыр?

Сапасыз тағам, тәжірибесіз маман

Талап та, тәртіп те – ортақ

Әрине, ел экономикасына өз үлестерін қосып жүрген кәсіпкерлердің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Олар жергілікті жердегі жұмыссыздық мәселесін де шешіп отыр. Әйтсе де, өздері іске қосқан нысанда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қаншалықты сақтайды? Бұл туралы бізге облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті балалар, білім беру және тағам объектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Әлия Бекешева баяндап береді.

– Жалпы, тамақтану гигиенасы бойынша облыста 2474 нысан бақылауға алынған, – дейді ол. – Оның 104-і тамақ өнеркәсібі, 786-сы қоғамдық тамақтану, 13-і базар және 1571-і ірілі-ұсақты сауда нысандары. Өткен жылы тексерілу тізіміне 754 кәсіпкерлік нысан еніп, бас прокуратура сайтына жолданды. Әйтсе де, оның тең жартысын тексеру мүмкін болмады. Неге? Біріншіден, олардың бірқатары уақытша не мүлде жұмыстарын тоқтатқан болса, енді бірі атын өзгерткен. Ал, қалған 92 нысан санитарлық-эпидемиологиялық аудиттен мүдірмей өткендіктен тексерістен босатылған. 

Аталған бөлім басшысының айтуынша, Кәсіпкерлік кодексінің 147-бабында көрсетілгендей, «Тексерісті жүргізу тәртібі» кәсіп иелеріне отыз күн бұрын жазбаша түрде жолданады. Кейбір кәсіпкерлер бизнесін уақытша тоқтату арқылы тексерістен сытылып кету амалын қарастырып қояды екен. Бұл орайда «уақытша» деген сөзді тура мағынасында қолданып отырмыз. Яғни, кешкі сағат алты-жетіге дейін есік жабылады. Ал, құзырлы орындарға оның тұрақты түрде жұмысын тоқтатқандығы жөнінде хабар түседі. Енді алданбай көріңіз?!

– Бұл істің ақ-қарасын ажырату үшін тексеріске дейінгі отыз күн ішінде тізімде тұрған нысандарға ревизия жүргізу қажет. Егер санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай келмейтін деректер табылса, дереу қалпына келтіру керек. Бұл біздің бөлім мамандарының негізгі міндеті болып табылады. Осылайша, былтыр белгіленген 456 нысанның түгелге жуығында (96%) санитарлық-эпидемиологиялық талап сақталмай отырғаны анықталды. Бұл ретте зертханалық тексеру әдісі қолданылды. Мәселен, 2193 азық-түлік сынамасының 202-сінде микробиологиялық қауіпсіздік және 2197 сынаманың 33-інде санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша нормадан тыс ауытқушылықтар анықталды. Демек, бизнес нысандарында тазалыққа жіті мән берілмейді деген сөз, – дейді Әлия Аюпқалиқызы.

Көзбояушылық көбейді

Одан да басқа өрескел тәртіп бұзушылықтар тексеріс барысында анықталып жатады. Соның ішінде көп кездесетіні – қарапайым тоңазытқыш секілді тұрмысқа ең қажетті технологиялық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі. Департамент мамандары олардың кейбір жерлерде тек көзді алдау үшін ғана орнатылатынын айтады. Тағамның неше түрі осындай іске қосылмаған тоңазытқыштарда сақталады. Бұл – тексеруші мамандардың көзбен көргендері ғана. Қоймаларда да тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау шарттары орындалмайды. Температуралық және ылғалдылық талап сақталмайды. Өнімдер жеке қасиеттеріне сай іріктелмейді. Тіпті, қайсыбірі еденде шашылып жатады.

Міне, осының бәрі тексеріле келіп, бүгінде 442 санитарлық нұсқама берілсе, соның 331-і орындалып, қалғаны әкімшілік сотқа жолданыпты. Олар – «Гулеке» кондитерлік цехы, «Колхида» кафесі, Махамбет ауданындағы «Баймырза» мейрамханасы және «Мұрагер» базары. Барлығынан жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл өндіріліп алынды. Ал, екеуінің жұмысы уақытша (35 күнге) тоқтатылды. Сонымен бірге, 513 дерек бойынша 21464520 теңге айыппұл салынған. Медициналық тексерістен өтпеген 320 қызметкер жұмыстан шығарылды. Ал, «тексерістен кімдер босатылады?» деген сауалға келсек, одан биылғы бірінші жартыжылдықта 14 нысан босатылған. Өйткені, олардан санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға қатысты бірде-бір кінәрат табылмаған.

Сапасыз тағам, тәжірибесіз маман-2

 Тамақтану гигиенасы сақталмайды

Департамент маманы Әлия Бекешеваның айтуынша, қазіргі таңда тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне халық тарапынан түсетін арыздардың тең жартысы қоғамдық тамақтану гигиенасына қатысты. Бұл бағытта жауапты тұлғалар әкімшілік тәртіпке шақырылғанымен, одан қорытынды шығаруға асықпайды. Яғни, біздің өңірде тағамның дайындалуы мен қызмет көрсету сапасы ақсап тұр. Әсіресе, салаттардың сан түрі мен тәтті тағамдардың өзінен гөрі сыртындағы әдемі орамасы тазалау ма деп қаласың. Ас атасы нан мен құтыдағы өнімдердің де сиқы сын көтермейді.

Мұнайлы мекенде бәрінен бұрын қоғамдық тамақтану саласы үлкен басымдыққа ие. Себебі, мұнда ірі мұнай кен орындарының вахталық қалашықтары орналасқан. Ал, ондағы асханалардан мыңдаған жұмысшылар тамақтанады. Ендеше, мұндай жерде тамақтан улану қаупі де зор. Оның алдын алу мақсатында былтыр облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жаппай тамақтану мен қызмет көрсету орындарының тізімі жасақталыпты.

– Өткен жылы тамақтан улану қаупі жиілейтін сәуір мен қараша айларының аралығында 407 кәсіпкер мен 839 көпшілік шараларды ұйымдастырушылар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Олардың 264-і бизнес нысанын тексерістен өткізуге өздері ниет білдірді. Қарапайым мысал, тез бұзылатын тағамдар дастарханға той басталмастан төрт сағат бұрын қойылады. Ал, шындығына келгенде, бұл санитарлық талапқа қайшы.

Екіншіден, тамақтану саласын қамтитын кәсіпкерлер өз қызметкерлерін медициналық тексерістен өткізіп тұруы қажет. Тіпті, даяшылардың өздері 200-ден аса адамға қызмет көрсетеді. Алайда, таныс-жуықтары арқылы жұмысқа алынған олардан көп ретте санитарлық кітапша сұралмайды. Оның үстіне көбісін арзанқол жұмыс күші болып саналатын оқушылар мен студенттер құрайды, – дейді ол.

Жоғары эпидемиялық маңызы бар нысандар санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны алуға асықпайды екен. Мысалы, Жылыой ауданында осыған ұқсас сегіз жағдай орын алыпты. Осылайша, «Лара Сервис», «ТехноГарантСтрой», «Сенімді Құрылыс», «ГауһарТас», «Мұқан Сервис», «Сенімді Сервис Групп», «Ер-Ар Строй» және «Құлсары Құрылыс» серіктестіктері тарапынан заң бұзушылыққа жол беріліп отырғаны анықталды. Тексерушілер мұндай жағдайды облыстың барлық аудандарында да кездестіруге болатынын айтып, дабыл қағады. Мәселен, 200 орынға арналған асханалардың бірінде мың жарым адам тамақтанатыны белгілі болған. Ал, аспаздар мен даяшылар тапшы. Техникалық құралдар да жетіспейді.

«Самса» дүңгіршіктері самсап тұр…

Санитарлық тексерушілердің назарына іліккен тағы бір қызық жағдай бар. «Ыстық самса» секілді кейбір ұсақ сауда нысандарының жұмыс істей бастағаны жөнінде тиісті орындарға хабарлама берілмейді екен. Олардың саны Атырау қаласының өзінде елуден асып жығылады. Сол сияқты, киоскілер мен дүңгіршіктерде сатылатын тағамдардың тым сапасыз дайындалатыны анықталған. Бұл бағытта жеке және заңды тұлғалардың біразы тиісті жауапкершілікке тартылған.

Айтпақшы, қазір бұрынғыдай емес, өнім өндіруші HACCP, яғни «Hazard Analysis and Critical Control Points» (тәуекелді қолдау және бақылаудың аумалы нүктелері) деген жаңа талап қағидаларына сүйенуі тиіс. Бүгінде бұл жүйе облыс бойынша тек 38 нысанға ғана енгізілген. Олардың қатарында Теңіз бен Қарабатан секілді ірі кен орындарының вахталық қалашықтарында орналасқан асханалар да бар.

«Биыл тексеріс барысында тәркіленген 27 тонна 746 келі өнім жарамсыз деп танылды. Оның 52 пайызы құс еті мен өнімдері болса, 40 пайызы бидай мен ұн тағамдары және қалғаны – балық тағамдары. Мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен тауарларды Атырау қаласындағы «Атырау Агросервис» ЖШС не үшін сақтап келген? Ол жағы белгісіз. Сондай-ақ, Ақмола облысынан келген құс еті, өзіміздің «Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытынан» алынған бағалы балық пен уылдырық және Ресейден әкелінген нан өнімдері жарамсыз болғандықтан түгелдей жойылды» дейді департаменттегі мамандар.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз