Жарнама
Қоғам

Көпбалалы ана: «Жаңа мүмкіндік өмірімді өзгертті»

«Әрекет» жобасы аясында «шаштараз» оқу курсын аяқтаған көпбалалы ана Ақбота Алдашева осылай дейді. Жергілікті сұлулық салонына тұрақты жұмысқа орналасқан ол «Самұрық-қазына» АҚ компаниялар тобының атынан жүзеге асырылған әлеуметтік жоба арқылы қатысушылар қазіргі заманғы кәсіптерге үйренгенін айтады.

– «Samruk-Kazyna Trust», Атырау іскер әйелдер қауымдастығы сынды барша қолдаушы тарапқа алғысымды жеткізгім келеді. 180 градусқа өзгердім десем, өтірік болмайды. Себебі 14 жыл бойы бала күтімімен үйде отырдым. Жобаға келгенде, өзімді басқа қырымнан тани бастадым. Ұйымдастырушылардың мені таңдағанына қатты қуандым, — деп алған әсерін жасырмаған 5 баланың анасы қайтарымсыз гранттың тиімділігін жеткізді. Ол оқудың арқасында шаш қию мен әрлеуді, әлеуметтік желіде жұмысын жарнамалауды меңгерген. «Барынша клиенттің көңілін табуға ұмтыламын. Өйткені шаш күтіміне айрықша көзқарас, тіпті қалпына келтіруде мұқият ем қажет. Әлеуметтік желіні ақтарып, түрлі идеяларды байқап көрдім. Онда оқырман жинаудың қыр-сырын меңгердім. Тіпті тәлімгерлер қалай ойымызды жинақтап, сөйлеп, жүріп-тұруды үйретті, яғни шешендік өнердің де шаш қиюға әсері ерекше екен. Осындай қадамдардың жемісінде қызметімді тұрақты тұтынушылар пайда болуда» деп бөліскен Ақбота Серікқызы әлі де тұлғалық қасиеттерін зерделеп жатқанын жеткізді.

«Әрекет» түлегі адамдармен тіл табысу оңай еместігін әңгімелейді. Әрқайсысының бет әлпеті, шаш құрылымы жеке көзқарасты талап етеді. Сондықтан әзірге ортаңқол табысты қанағат тұтса да, Ақбота қызметіне жүгінгендерге жанашырлық кеңесін аямайды. Аталған жоба аясында бірқатар кәсіпті игерген жалғызбасты, көпбалалы және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған 100 ананың елеулі бөлігі қазірдің өзінде еңбекпен қамтылып, табыс табуда. «Тігін», «Аспаздық шеберлік», «Кондитерлік іс», «Шаштараз» және «Тазалау қызметтері» бойынша түлектерге шағын бизнестерін ашуға көмек көрсетіліп, тауар түріндегі гранттар берілді.

Өз тілшіміз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button