Халық саулығының қауіпсіздігі — басты назарда
Шілде айында енгізілген шектеу шаралары еліміз бойынша оң әсерін көрсетті. Мұндай нәтиже Атырау облысында да көрініс тапқаны рас. Эпидемиологиялық ахуал ушыққан кезеңде дәрігер кеңесіне жүгініп, ақхалаттыларды іздеушілер өте көп еді. Инфекциялық аурухана мен провизорлық орындар бос болмай, денсаулық сақтау нысандары науқасқа лық толы болатын. Қазір бұл көрсеткіштер бірнеше есеге азайғанын байқап отырмыз. Мұның барлығы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталып келе жатқанын көрсетеді. Тұрғындар да бастапқы кездегідей емес, қазір өз денсаулықтарына жіті көңіл бөлуде.
Бұл ретте әрбір адам қатаң карантиндік шараларды сақтаудың маңызы зор екенін де терең ұғынуда. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев карантиндік шараларды одан әрі арттыру мақсатында, сондай-ақ, Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықтималдығын ескере отырып, Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсыруы дер кезінде қабылданған шешім екенін баса айтқым келеді.
Бұл алға қойылған міндет коронавирус індетіне шалдығушылардың және соның салдарынан болатын өлім-жітімнің көрсеткішін одан әрі төмендетуде аса маңызды екенін ұмытпаған жөн. Осы орайда “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалдары халыққа тиімді мемлекеттік қызметтерді ұсынуда. Соның ішінде Еgov порталы арқылы тұрғындарға онлайн түрде 600-ден аса электронды қызмет түрі көрсетіледі.
Мұны әрбір адам үйінен шықпай-ақ аталған портал арқылы пайдалана алады. Сондай-ақ, қағаз жүзінде көрсетілетін 106 қызмет түрі бар. Мұны пайдалану үшін азаматтар міндетті түрде Халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруы тиіс. Бұл ретте тұрғындардың мекемеге келіп, шоғырланбауы үшін, қауіпті індеттің алдын алуда орындарды бірнеше күн бұрын брон жасау жолға қойылды. Яғни, әрбір азамат өзінің алдын ала тіркелген күні мен сағатында келіп, қажетті қызметті пайдалана алады. Халыққа қызметтің бұл жаңа форматы мамыр айынан бастап жүзеге асты. Сол уақыттан бері орындарды брондау арқылы халыққа тоғыз мыңнан аса қызмет көрсетілді.
Бүгінде карантиндік шаралардың ұзартылуына байланысты біздің мекеме де бұған дейін сақталған барлық талап-ережелердің орындалуын одан әрі жалғастырады. Өйткені, халықтың саулығының қауіпсіздігі — қашан да басты назарда.
Мұса ХАЙРУЛЛИЕВ,
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры