ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН БАҚЫТЫН

Кеңес халқын неміс бұғауынан арашалап қол жеткізген жеңіске бір адамдай үлес қосып, елдегі ауыр жүкті арқалап тер төккен тыл еңбеккері, қан майданда бауыр еті бауырынан айырылған Бекбай Жаңбыровтың өмірі мен еңбек жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Бүгінде Бекбай аға – рухани қасиеттерді берік ұстанып, қастерлеп сақтаудың үлгісін көрсетуші, замандастар арасында жасы үлкен ақылман ақсақал, еңбектің зейнетін көрген азамат.

Сонау Кеңес үкіметі уақытынан бастап тәуелсіздік алған жылдарға дейін туған өлкеміздің ырысын молайтып, несібесін еселей түсуде еңбегі зор екенін ескерсек, Бекбай Жаңбырұлының қандай құрметке болса да лайық екенін мақтанышпен айтуға болады.

Ол 1928 жылы қазіргі Махамбет ауданында дүниеге келген. Соғыстың салқыны бұл отбасын да айналып өтпеді. Жастайынан еңбекке араласқан ағасы Ұзақбай алғашқылардың бірі болып, майдан даласына аттанса, 1942 жылдың маусымында жарақаттанып, Югославиядан госпитальға кетіп барады деген хабар болған. Кейіннен 1943 жылы қара қағаз келеді.

Ал, әңгімемізге арқау болып отырған Бекбай Жаңбырұлы 1942 жылы жеті жылдық мектепті бітіргеннен соң Бақсай аудандық «Жаңа шаруа» колхозында жұмыс жасайды. 1950 жылға дейін колхозда еңбек етіп, сол жылы әскер қатарына шақырылған. 1942 жылдың қараша айында Сталинградқа келгенде, Атыраудың мұнайын Астрахань арқылы Сталинградқа жеткізу үшін теміржол салуға, топырақ төгуге қатысады. Сол кезді «қарашаның өкпені қарытар қара суығында екі киіз үй толы жұмысшы жігіттер болып, аш-жалаңаш күн-түн демей еңбек еттік» деп еске алады. Әскер қатарында жүріп, жеті кластық біліммен батальонда писарь болған.

Әскерден кейінгі еңбек жолын 1954 жылы облвоенкоматта (қазіргі облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқарма) қойма меңгерушісі болып бастап, кейін іс жүргізуші қызметін атқарады. Жұмыс жасай жүріп, кешкі мектепте оқып, Алматы сауда техникумына оқуға түседі. Бұдан соң, Гурьев асханалары мен мейрамханалары трестінде кадр ісі жөніндегі аға инспектор болып қызметке орналасып, 1978 жылы осы мекеменің директоры қызметін абыроймен атқарған. Көп ұзамай, облыстық сауда басқармасы басшысының орынбасары қызметіне ауыстырылады да, кейін трест директоры болып қайта тағайындалады.

Еселі еңбегі елеусіз қалмай, 1982 жылы Гурьев қалалық Советінің депутаты болып сайланып, «1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы және жанкешті еңбегі үшін» төсбелгісімен, Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған.

Айта кетелік, ол – кеңес заманында мемлекеттік сауда және қоғамдық тамақтану саласында ерекше жетістіктері үшін берілетін айрықша марапат – «Кеңес сауда ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері.

Бұл күнде өздерінен тараған 4 ұлдан 11 немере, 7 шөбере және қыздары Марфуғадан 2 жиен, 6 жиеншар сүйген Бекбай ата мен Қалжан әжеміз «еңбек етсең емерсің» деген қағиданы ұрпақ санасына сіңіріп, оларды еңбексүйгіштікке, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға, отбасын, туған-туысын жанашырлықпен қорғауға тәрбиелеуімен көпке үлгі болуда. Ұлдары Жолдасқали, Молдағали, Оразғали, Наурызғали мен қызы Марфуға әкелерінің өнегелі жолын жалғастырып келеді. Өз кезегінде Жаңбыровтар әулетінің жас буыны да отбасы атты киелі ұғымға дақ түсірмей, ата-аналары салған сара жолмен өмір кешуде.

Г.Болат, Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз