ЖЕДЕЛ СҰХБАТ: Сапалы қызметтің сыры неде?

partfel 0712 Жаңалықтар

Аtr.kz/21 сәуір, 2020 жыл. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері халыққа мемлекеттік қызмет қалай көрсетілуде? Атырау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Данияр АЛТЫБАЙМЕН сұхбат осынау маңызды мәселе төңірегінде өрбіді.

– Мемлекеттік қызмет ыңғайлы, түсінікті әрі жедел түрде көрсетілуі шарт. Осы орайда өңірдегі ахуал қандай?

– Әрине, мемлекеттік қызметтер адам өмірінде маңызды орын алады. Қазіргі жағдайда оның халыққа қолжетімдігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміздің бірі. Тұрғындардың наразылығы туындамас үшін мемлекеттік органдар өз функцияларын мүлтіксіз әрі тиісінше дәрежеде жүзеге асыруы тиіс. Жалпы, мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес, республика бойынша қызмет беруші органдар барлығы 694 қызметті жүзеге асырады. Оның ішінде қағаз түрінде көрсетілетін қызмет – 86, яғни 12,4 пайызды құраса, электронды түрде көрсетілетін қызметтің саны – 608, яғни, 87,6 пайызды құрайды.

Бұл ретте, 608 электронды түрде көрсетілетін қызметтің ішінен тек қана портал арқылы көрсетілетіні 324 болса, 284 қызмет баламалы түрде көрсетілген. Ал, біздің облыс бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан 170 қызмет көрсетіледі. Оның ішінде қағаз түрінде көрсетілетін қызмет – 34, яғни 20 пайыз, электронды түрде көрсетілетін қызметтердің саны – 136, яғни, 80 пайызды құрайды. Демек, 136 электронды түрде көрсетілетін қызметтің 57-сі портал арқылы, ал 79 қызмет баламалы түрде көрсетіледі.

– Карантин уақытында тұрғындарға керек құжатын онлайн режимде алуға тура келді. Осы орайда, электрондық қолтаңба қажет қой.

– Бүгінгі күні мемлекеттің қызметтің 80 пайызын «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн алуға болады. Дегенмен, барлығы бірдей сайтта өз бетінше жұмыс істей алмайды. Мұндайда «1414» қауырт желісі көмекке келеді. Жалпы, қызметтердің басым бөлігін порталдан ЭСҚ (электрондық сандық қолтаңба) арқылы ғана алуға болады. Ал, ЭСҚ-ны үйден шықпай-ақ аласыз. Бұл
үшін өтініш берушіні сәйкестендіріп, азаматты растау үшін фото (селфи) жасау керек болады.

Содан соң өзінің жеке куәлігін жүктеп, видеобайланыс арқылы қосылған «Халыққа қызмет көрсету орталығы» қызметкерінің бірнеше сұрағына жауап беру керек. Таяуда заңды тұлғаларға да ЭСҚ-ны онлайн алу мүмкіндігі іске қосылды. Біздің департамент мамандары онлайн режимде ЭСҚ-ны, сұранысқа ие қызметтерді қалай алуға болатындығы туралы арнайы нұсқаулықтың бейнеролигін әзірледі.

Қазір әлеуметтік желідегі ресми парақшалар (Фейсбук, Инстаграм) арқылы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл тәжірибеге қоғам тарапынан оң баға берілді. Егер азаматтарда мемлекеттік қызметке кіру және өту, мемлекеттік қызметшілердің әдебі, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты сұрақтар болса, онда онлайн режимде әлеуметтік желілерде Мемлекеттік қызмет істері департаментіне жүгінуге болады. Қазір азаматтарды онлайн форматта қабылдаймыз. Сондай-ақ, 26
27-83 сенім телефоны да қызмет етеді.

– Мемлекеттік қызмет алуды жетілдіру үшін байланыс қызметіне талап пен сұраныс күшейді. Осы бағытта қандай жұмыс атқарылуда?

– Мемлекет басшысының төтенше жағдайды енгізуіне байланысты мемлекеттік аппаратқа барлық саланың жұмысын қамтамасыз ету үшін үлкен жауапкершілік жүктелген. Азаматтардың мемлекеттік қызметтерге жүгінуі – үздіксіз жүретін процесс. Осыған орай, департамент жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін қызметтердің портал арқылы алу мүмкіндігіне талдау жүргізді. Нәтижесінде, 20 қызмет әлі де қолжетімсіз болып отырғаны анықталды.

Сондай-ақ, өткен жылдың қорытындысымен көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерге талдау жасалды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін 18 қызмет сұранысқа ие екен. Жалпы, 170 қызметтің 134-ін электронды алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің 17 түрі веб-порталдан бөлек «Геопортал», «Хаусинг-Атырау», «Интегро» сияқты ақпараттық жүйелермен жүзеге асырылуда.

Жалпы, қызметтерді онлайн алу арқылы өзімізді және жақындарымызды қорғап, ортақ қауіпсіздікке үлесімізді қосамыз. Ал, талдау жұмыстарын жүргізу барысында аудандарда және ауылдық округтердегі интернет желісінің жылдамдығының төмен екендігі анықталды. Осыған байланысты, аудандардағы ауылдық округтердің интернет желісінің жылдамдығын көтеру бойынша тиісті жұмыстарды жүзеге асыру жөнінде қала және аудан әкімдіктеріне тиісті ұсыныстар берілді.

Әңгімелескен: Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз