Байланыс аясынан тыс қалмайды
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілетіндігін баса айтты. Қазіргі таңда елімізде қалаған кәсібін бастаймын деген адамға мүмкіндік мол екендігі белгілі. Алысқа бармай-ақ Индер ауданында жастардың арасында кәсіпкерлік жолды таңдап, кәсібін дөңгелентіп отырғандары жетерлік. Сол жас кәсіпкерлердің бірі – Индербор кенті тұрғыны Нұрлан Қайратұлы.
Бүгінде ол аудан орталығындағы «Талап» базарының ішінен жалға орын алып, ұялы телефон жөндеумен шұғылданады. Кәсібін ашқанына бар болғаны бір жылдай уақыт болса да мамандығын жақсы игеріп, тұтынушылардың сұранысына ие болуда. Нұрлан Қайратұлы – Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің түлегі. Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің гуманитарлық-заң факультетін тәмамдаған. Алайда қатарластарымен бірге жоғары білім алғанымен, қолайлы қызмет орны бола қоймайды. Жасыратыны жоқ, қазір жастар арасында заңгерлік пен қаржыгерліктің қос-қос дипломын арқалап жүргендер көп. Сондықтан да ол уақыт оздырмай, лауазымды қызмет күтіп бос жүрмей кәсіпкерлікпен айналысқанды жөн көреді. Қажетті мамандықтарды зерделей келе ұялы телефон жөндеуші мамандығына тоқталады. Қазір еңкейген кәріден, жүгірген баланың қолынан ұялы телефон түспейтіні белгілі ғой. Байқаса аудан орталығының өзінде телефон жөндейтін бір-екі орын ғана бар екен. Оның өзі де тұрақты жұмыс жасай бермейді. Ал көпшілік тұрғындардың қалтасындағы ұялы телефоны сыр берсе облыс орталығына қатынап жөндетуге мәжбүр. Осы орайда алдына мақсат қоя білген кейіпкеріміз Алматы қаласындағы арнайы оқу орталықтан ұялы телефон жөндеуші мамандығын игереді. Өзі таңдаған болашақ мамандығының қыр-сырын терең білуге ұмтылады. Жақсылыққа ұмтылған ісі нәтижесіз қалмайды. Ұялы телефон жөндейтін құрал-жабдықтар іргедегі Атырау қаласынан табылғанымен, әттеген-айы таңдау бола бермейді. Әрі құны қымбатқа шығады. Сондықтан да ұялы телефонға қажетті қуат беру блогын, сепаратор, дәнекерлеу құралы сынды құрал-жабдықтардың бәрін Алматыдан таңдап жүріп алады. Осылайша телефон оңдау кәсібімен айналысуға түбегейлі тәуекел жасайды.
– Қазір күніне кем дегенде 2-3 ұялы телефон жөндеймін. Кейде тапсырыс көбейіп, 10 телефонға дейін жөндейтін кездерім болады. Қазір қолданыстағы ұялы телефондардың экраны мен көлемі үлкен болғандықтан да көбі экранын зақымдап алады. Сондай-ақ көпшілігі қуаттандыру блоктарынан да істен шығады. Әрбір тұтынушыма жұмысымды мүмкіндігінше сапалы етіп жасауға ұмтыламын. Қызметімнің ақысын аудандық деңгейге сай қолжетімді етіп, қымбаттатпай ұстауға тырысамын. Ал суға түсіріп алған ұялы телефондар жөнделе бермейді. Ұялы телефон жөндеу — өте күрделі қызметтің бірі. Оған алдымен адамның ынтасы мен қызығушылығы, жігері мен жауапкершілігі болмаса толыққанды игеру қиынға соғар еді. Қазір уақыт озған сайын шеберлігімді шыңдап, біліктілігімді арттырып келемін. Осы кәсіпті жасауға тәуекел жасағаныма өкінбеймін. Ең бастысы, кәсібім өзіме ұнайды. Өзге өңірлерге ауысымдық әдіспен жұмыс істеуге де болар еді. Бірақ, туған жерімде, отбасымның қасында жүріп еңбек еткенге не жетсін. Ал еңбек еткен жанға әрдайым жұмыс та, ақша да табылады, –дейді ол.
Нұрлан педагогтар отбасынан шыққан. Ата-анасы Қайрат пен Гүлсараның тұңғышы. Жұбайы Айдана Ағыбайқызы да Индербор кентінің перзенті. Ол А.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын педагогикалық психология мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір отбасында Асылым мен Мейірім атты кішкентайларын тәрбиелеп отыр.
С.БАЗАРБАЕВ
Индер ауданы