Тасқынға тосқын қашан қойылады?

338941696 734505335007411 3980383734029176052 n Қоғам

Баспасөз қашанда өмір айнасы, қоғамдық пікірдің мінбері, бұқараның көкейіндегіні билікке жеткізер дәнекер, оқырманның сенімді серігі. Осы тұрғыдан қарағанда, бір ғасырлық тарихы бар облыстық «Аtyraý» қоғамдық-саяси газеті «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (А.Байтұрсынов) ретінде өзіне жүктелген мәртебелі де мерейлі міндетін абыроймен атқарып келеді. Мұны жақсы түсінген облыстан сайланған Парламент депутаттары да газетпен қарым-қатынасын тұрақты қалыптастырған. Халықтың өкілі болғандықтан, барлық деңгейдегі депутаттардың ел ішінде жүріп, жұртшылықпен жүздесулеріндегі бұқараны мазалайтын мәселелерді басылым арқылы көтеріп келеді. Оған айқын мысал – республика Парламент мәжілісінің бір топ депутатының Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалы маңызды тақырыпты қозғап отыр.

Онда жыл сайын дерлік қайталанатын көктемгі су тасқыны, тосыннан келген топан судың елді мекендерді басып, халық тұрмысына ауыртпалық әкеліп отырғаны, соның кесірінен қалыпты тіршілік ету мүмкіндігінен айырылуы кімді болса да бейжай қалдырмайтыны айтылған. Нақтырақ айтсақ, төтелеп келген төтенше жағдай әдетте қиын жағдайға душар болған отандастарымыздың өмірі мен мал-мүлкіне қауіп төндіріп қана қоймай, олардың моральдықпсихологиялық жай-күйіне кері әсерін тигізіп, күйзеліске ұшыратып, түңілдіретінін де тәжірибеден көріп жүрміз. Өзекті мәселенің мән-жайын зерттепзерделеген Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Дүйсенбай Тұрғанов, Ғалымжан Елеуов және Ерлан Саировтың мәліметінше, Үкімет жыл сайын су тасқынына қарсы күрес шараларын жүргізуге мемлекет қазынасынан жүздеген миллиард теңге бөледі. Өкінішке қарай, осыншама қомақты қаражаттан қайыр шамалы, қаралған қаржы «құмға сіңген судай» қайда кеткені, қандай мақсатқа жұмсалғаны, қалай және қаншалықты игерілгені белгісіз күйінде қала береді.

Ал, ахуал келесі жылы тағы қайталанады. «Мысалы, биылдың өзінде Ақтөбе облысының Қобда ауданында су тасқынынан 79 үй, дәмхана, мектеп пен спорт кешені, Ойылда 25 тұрғынжай зардап шекті. Сол сияқты, Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласы мен маңындағы ауылдарда 180-ге жуық үйді су басты. Сондай-ақ, Атырау облысы, Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылында жауған нөсер жаңбыр мен еріген қар суынан екі мәрте су тасып, тасжол бұзылды, маңайындағы ауылдарға елеулі қауіп төндірген. Ақиқатына жүгінсек, мұның өзін бірнеше жүздеген отбасының ғана көз жасы емес, тұтас халықтың басына түскен қиындық, төнген тажал деп бағаласақ орынды болар еді», – дейді депутаттар. Бір сәт сауалда келтірілген деректерге зер салсақ, зардап шеккен тұрғындардың бүлінген баспанасын қайта қалпына келтіруге «AMANAT» партиясы да мүмкіндігінше құрылыс материалдарымен көмектескен.

Бәрінің бірдей «жыртығын жамауға» жағдайы жетпесе де, барын теңдей бөліп, адамгершілікпен қолғабыс қылу – әрбір азаматтың адами парызы. Депутаттардың пікірінше, су да кетер, бәрі де біртіндеп ретке келер. Әйтсе де, тасқын судан сызданған үйлерді дым болмағандай қылып құрғату оңай да, мүлдем мүмкін де емес. Соның салдарынан үйдің ылғалды қабырғалары жылдың салқын мезгілінде сыз тартып, көгеретіні бар. Ақырында, осының кесірінен тұрғындардың саулығына елеулі түрде нұқсан келіп, қалыпты тұрмысына теріс әсерін тигізеді. Адамдар науқастанып, түрлі кеселге шалдығады, тіпті моральдық тұрғыдан күйзеліске ұшырайды. «Сайып келгенде, су басудың салдары қаншалықты ауыр болатынын білсек те, неге біз адамдарды осындай қиын жағдайда қалдырамыз? Не себепті қауіптің алдын алып, қатердің бетін тойтаруға қарекет қылмаймыз? Неге бір сәт сол зардап шеккен жандар мен жанұялардың орнына өзімізді қойып көрмейміз?» деп өз сауалында Мәжіліс депутаттары бүкіл қоғамға кеселін тигізер ортақ мүддені қозғап отыр. Мәселені жан-жақты таразылап, ой елегінен өткізген Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Үкімет басшысынан төмендегідей ұсыныстарына назар аударуын сұрапты:

«Біріншіден, Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, апатты жағдайлар орын алған Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарындағы тасқыннан зардап шеккен барлық отбасыларға жедел түрде материалдық жәрдем берілуін қамтамасыз етуі тиіс. Қалай және қаншалықты күрделі болғанда да тасқынның салдарынан баспанасынан айырылған азаматтарға мейлінше тездетіп үй салып беру мәселесін уақыт оздырмай шешіп, дереу сөзден іске көшу қажет. Екіншіден, еліміздің барлық аумағында су тасқыны қаупі бар жерлердің картасын жасақтауды кешіктірмей қолға алу міндет. Топан су басу қаупі туындаған учаскелерде тасқыннан қорғайтын дамбылар, контрреттегіштер, су жүретін өткелдер салу аса маңызды. Жаз айларында Қазақстанда су ресурстарының жетіспейтінін ескерсек, жаңадан дамбылар мен бөгеттер тұрғызу елді мекендерді тасқыннан қорғап қана қоймайды, өңірлерде ауыл шаруашылығы өндірісін дамытумен байланысты қордаланған проблемалардың оңтайлы шешілуіне де септігін тигізеді. Алайда, жекелеген өңірлерде жергілікті атқарушы билік органдарының басшылары су тасқыны болу қаупі анықталған аймақтардың өзінде тұрғын үй құрылысының жүргізілуіне рұқсат берген. Соның салдарынан жеке тұлғаларға да, мемлекетке де орасан зор шығын келтірілгені жасырын емес.»

Депутаттардың ойынша, бұлайша бассыздыққа барып, жауапсыздыққа салынған лауазымды тұлғалар дереу анықталып, кінәлілер жазасын алуы, бұл жөнінде қатаң шара қабылдануы керек.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз