Атырауда құрбан шалуға арналған 5 орын белгіленді
16 маусымда Құрбан айт мейрамы басталады. Осыған орай Атырау қаласындағы құрбандық шалатын 5 орын белгіленді, — деп хабарлайды «Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі.
Құрбан айт күндері «Тума», Асыл агро», «Қуаныш», «Атырау ет орталығы», «Адал» мал базарларында құрбан малын союға мүмкіндік болады.
«Жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп, мал базарлардың қазіргі күйін аралап көрдік. Сондай-ақ, малдың бағасын Құрбан айт күндері шарықтатпай бір бағада сатуды ескерттік. Құрбандыққа ақсақ, тоқсақ, арық, құлағынан көбі кесілген малдардың жарамайтынын және қой алты айдан жоғары болса ғана жарайтынын жеткіздік.
Құрбан айтқа жарайтын базарларды таза ұстау, қасапшылардың арнайы ҚМДБ-ның семинарынан өткен болуын да айттық. Алла Тағала баршамызды құрбан айтқа жеткізсін!» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, мүфтият бекіткен Qurban2024 сайты арқылы онлайн форматта құрбандық шалуға да мүмкіндік бар.