Жарнама
Медицина

Қазақстанның жүрек-қан тамыр аурулары мен қатерлі ісікке қарсы күрестегі жетістіктері ДДСҰ баяндамасында атап өтілді

Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңіріндегі мерзімінен бұрын өлім-жітім көрсеткішін 2025 жылға дейін 25%-ға азайтуға бағытталған Жаһандық мониторинг жүйесінің мақсатына қол жеткізген тоғыз мүше мемлекетпен қатар тұрды. Осылайша, Қазақстан бұл маңызды көрсеткішке қол жеткізген Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды. ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының (ЕРБ) жаңа баяндамасында Қазақстан тәжірибесі баяндалып, Өңірдің әртүрлі бөліктеріндегі инфекциялық емес аурулар (ИАА) жөніндегі жаңа деректер келтірілген.

«Алдын алуға болатын өлім-жітім, қауіп факторлары және ИАА-мен күрес стратегиялары – нәтижелерге қол жеткізу үшін деректерді пайдалану» атты баяндамада Қазақстанның ұлттық денсаулық сақтау жүйесін, әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісікке қарсы күрес саласын нығайтуға мүмкіндік берген қағидалар, шаралар мен стратегиялар қарастырылады. Аурулардың алдын алуға, ерте анықтауға, емдеуді жақсартуға және өмір сүру көрсеткіштерін арттыруға ерекше назар аудара отырып, Қазақстан Өңірдегі басқа мемлекеттерге халық денсаулығына ең үлкен қауіп төндіретін екі ауруға қарсы күресте үлгі көрсетіп отыр.

«ЕРБ ДДҰ Қазақстанмен ИАА-дан болатын өлім-жітімнің негізгі себептерін жою бойынша жұмыс істеп келеді, – деді ЕРБ ДДҰ-ның аурулардың алдын алу және денсаулықты нығайту бөлімінің директоры доктор Гундо Вейлер. – Ел бірқатар кешенді шаралар қабылдады: ұлттық инсульт және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу орталықтарын құруға инвестиция салудан бастап, темекі тұтынуға қарсы күреске және құрамында қант бар сусындарды тұтынуды азайтуға дейін. Бұл шаралар қазірдің өзінде халық денсаулығына оң әсерін тигізуде».

Инсульт пен инфаркттан қорғау

Жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, созылмалы тыныс алу аурулары және қант диабеті сияқты ИАА Еуропалық өңірдегі халық денсаулығына ең үлкен қауіп төндіреді; олардың үлесіне өңірдегі өлім-жітімнің 90%-ы тиесілі. Осындай өлімнің көбін нақты деректерге негізделген саясат пен нысаналы шаралардың көмегімен болдырмауға болады.

«Қазақстан ДДҰ ұсынған ИАА-ға қарсы күрес шараларының 50%-ын толық, ал 36%-ын ішінара жүзеге асырды, бұл мониторинг көрсеткіштерінде көрініс тапты. Сондай-ақ, Қазақстанды ИАА және олардың қауіп факторларының таралуын бағалаудың ДДҰ «алтын стандарты» болып саналатын алғашқы STEPS зерттеуін өткізумен құттықтаймын. Бұл ұлттық денсаулық сақтау шараларын әзірлеудің негізі ретінде жоғары сапалы әрі халықаралық деңгейде салыстыруға болатын деректердің қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды қадам», – деп толықтырды доктор Вейлер.

Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларының ауыртпалығы жоғары екенін ескере отырып, ел бойынша мамандандырылған кардиологиялық және инсульт орталықтарын құруға айтарлықтай қаражат бөлінді. 2017–2024 жылдар аралығында өмірлік маңызды кардиологиялық араласулар жүргізетін катетеризация зертханаларының саны 31-ден 49-ға дейін өсті. Елдің әр аймағында жұмыс істейтін 83 инсульттік шұғыл көмек көрсету орталығы инсульттан кейінгі өлім-жітім мен мүгедектікті едәуір азайтуға мүмкіндік берді, өйткені мұндай аса қауіпті жағдайда уақытылы медициналық араласу өмірді сақтап қалу мен емдеу нәтижесін жақсартуда шешуші рөл атқарады.

Қазақстан жүрек пен өкпе трансплантациясы сияқты күрделі хирургиялық операцияларды жасау ісінде де табысқа жетіп, Орталық Азияда көшбасшы атанды. 2012 жылдан бері жүректің сорғыштық қызметін қолдайтын 600-ден астам қарыншалық көмекші құрылғы сәтті имплантацияланды. 2025 жылы Қазақстандағы кардиоторакалды хирургтар қауымдастығы маңызды белесті атап өтті – елде 100-ші жүрек трансплантациясы жасалды.

Ерте анықтау және скрининг

Қазақстан ИАА-ны ерте анықтауға бағытталған скринингтік бағдарламаларды кеңейтті. Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы, қант диабеті және бірнеше қатерлі ісік түрлерін қоса алғанда, сегіз ауруға скрининг жүргізіледі.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан сүт безі және тоқ ішек обыры бойынша скринингпен қамтудың әсерлі көрсеткіштеріне жетті: бір жыл ішінде мақсатты топтың 70%-ы қамтылды, бұл ел тарихындағы ең жақсы нәтижелердің бірі болды.

«Ерте диагностика, уақтылы медициналық араласу және науқастарды қолдау – Қазақстанның ұлттық денсаулық сақтау бағдарламасының басты басымдықтары болып қала береді, бұл қоғамдық денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді», – деп түсіндірді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 2022 жылғы 74,44 жастан 75,09 жасқа дейін өсті. Өлім-жітім көрсеткіші де жақсарды: 2021 жылы 1000 адамға шаққанда 9,6 жағдай тіркелсе, бұл көрсеткіш 2023 және 2024 жылдары тұрақты түрде төмендеп, 6,5-ке жетті».

Сонымен қатар, адам папилломасы вирусына (АПВ) тестілеу жатыр мойны обырын ерте анықтауды күшейтуге бағытталған, бұл Қазақстанның халық денсаулығын қорғау әдістерін әлемдік стандарттарға сәйкестендіруге ұмтылысын көрсетеді. 2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстан 11 жасар қыздарға арналған АПВ вакцинациясының ұлттық науқанын, сондай-ақ 12–13 жасар қыздарға арналған толықтырушы вакцинация кампаниясын бастады. 2025 жылдың қаңтарына дейін 116 мыңнан астам қыз (жоспарланған санның 33,4%-ы) вакцина алды. Бұл болашақ ұрпақты жатыр мойны обырынан қорғауға бағытталған маңызды қадам болды.

ИАА қауіп факторларын азайту: темекі тұтыну және дұрыс тамақтанбау

Медициналық және профилактикалық шаралардан бөлек, Қазақстан ИАА дамуының негізгі қауіп факторларын – темекі тұтыну, дұрыс тамақтанбау және қантты шамадан тыс тұтынуды азайтуға айрықша назар аударады.

Ел посткеңестік кеңістікте ең қатаң темекіге қарсы шараларды енгізді. Негізгі шараларға қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу, темекі өнімдерінің қаптамасына зияндығы туралы графикалық ескертулер орналастыру, салықты көтеру, темекі өнімдерін көрсету мен сатуға шектеу қою, сондай-ақ электронды темекі мен вейптерге толық тыйым салу кіреді. Соңғы он жылда бұл шаралар темекі шегудің таралуын айтарлықтай төмендетті – қазіргі таңда ол шамамен 20%-ды құрайды.

Сонымен қатар, Қазақстан құрамында қант бар сусындарды (ҚҚС) тұтынуды азайту бойынша да маңызды қадамдар жасады. ҚҚС семіздікке, қант диабетіне және жүрек-қан тамырлары ауруларына әкелетіні белгілі. Маңызды шаралардың қатарында мектептерде ҚҚС сатуға тыйым салу және 2024 жылы қабылданған заң бар, ол энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салады.

ЕРБ ДДҰ-мен ынтымақтастық және келешек қадамдар

Бұл жігерлендіретін нәтижелерге қарамастан, қосымша шараларды қажет ететін бағыттар бар. «Қазіргі таңда Қазақстанда тұз тұтынуды азайту және балаларға бағытталған зиянды тағамдардың маркетингіне шектеу қою бойынша іс жүзінде шаралар жоқ, ал емшек сүтін алмастырғыштар мен трансмайларға қатысты нормалар ішінара ғана орындалуда. Үкімет осы бағыттарда жұмысты жалғастырып, ИАА-ға қарсы саясатты күшейтуді жоспарлап отыр», – деді доктор Сұлтанғазиев.

«ЕРБ ДДҰ-мен ынтымақтастық Қазақстанның ИАА-ның алдын алу және емдеу стратегияларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды», – деп қосты ол.

Шынайы деректерге негізделген саясатты ұстанатын ел онкологиялық науқастар регистрлерін және денсаулық сақтау ақпараттық жүйелерін дамытуға күш пен қаражат салуды жалғастыруда. Бұл құралдар – фактіге негізделген шешімдер қабылдаудың және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына, сондай-ақ ДДҰ-ның 2016–2030 жылдарға арналған Екінші еуропалық жұмыс бағдарламасына қол жеткізудің негізгі тетігі.

Бұл оң динамиканы сақтау үшін ИАА-ның алдын алу мен оларға қарсы күреске, инновацияларға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға инвестицияны жалғастыру қажет.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button