Аудандардағы эпидемиологиялық ахуал қандай?

virusy3 Жаңалықтар

МАХАМБЕТ

Жыл басынан бері ауданда 131 тұрғын коронавирус инфекциясына шалдыққан. Бұлардың тең жартысына жуығы (63 адам) аудан орталығында есепке алынып отыр. Қауіпті науқастан айығып шыққандар 117-ге жетсе, 8-і ауруханада, алтауы үй карантині жағдайында емделуде. Есепті мерзімде ауданда 1 400-ге жуық адам індетке қарсы екпенің бір компонентін қабылдады, 215 тұрғын вакцинацияның екінші кезеңінен өткен. Бұл туралы аудандық аурухананың басшылығы баяндады. Пандемиямен күрестегі маңызды шараның бірі – вакцина алу екені белгілі. Оның өзі азаматтардың еркімен өткізілетін науқан саналғанымен, уақыт өтіп, эпидемиологиялық ахуал күрделілене түскен сайын қажеттілігі айқын сезілуде. Сол себепті бүгінгі таңда өңірде осы мəселеге баса мəн беріліп, маңыздылығына назар аударылуда. Осы орайдағы ойларын жергілікті жұртшылық өкілдері де ашық айтып отыр.

Батырбек САЛЫХОВ, Бақсай ауылдық округінің əкімі: – Денсаулық ең алдымен өзіміз үшін керек. Əркімнің алыпқашпа сөзіне ермей, өз саулығыңды ойлап, өз еркіңмен екпе алған дұрыс деп ойлаймын. Вакцина алып, өзімізді, жақындарымызды, отбасымызды қауіпті індеттен қорғайық.

 Құралай АМАНҒАЛИЕВА, Есбол орта мектебінің мұғалімі: – Саулық сақтықта емес пе? Отбасымыздың, балаларымыздың амандығы үшін вакцина салдырған дұрыс деп есептеймін. Əріптестеріме, ауылдастарыма айтарым – айықпайтын ауру жоқ. Бəріңізді вакцина алуға шақырамын.

ҚЫЗЫЛҚОҒА

Бүгінгі таңда ауданда КВИ-ге қарсы екпе алғандардың саны 1 340 адамның шамасында. Аудан əкімдігінің ресми сайтында жарияланған ақпараттарға қарағанда, вакцина салдырғандардың ішінде педагогтардың үлес салмағы (429 адам) басым, келесі кезекте еріктілер (337 адам) екен. Алғашқы үштікті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері (242 адам) тұйықтайды. Сол сияқты, вахталық əдіспен жұмыс жасайтын 128 адам, 126 мемлекеттік қызметші жəне 77 құқық қорғау құрылымдарының қызметкері екпенің бірінші кезеңінен өткен. Аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Айбек Өрдековтің айтуынша, мұнда өз еркімен екпе салдырып жатқандардың қатары күннен күнге көбейіп келеді. Абзалы, аурудың таралуына тосқауыл қою үшін əркім өз жауапкершілігін жоғары деңгейде сезініп, вакцина алуға ерікті түрде баруы тиіс. Сонда нəтиженің де ойдағыдай болары сөзсіз.

МАҚАТ

Вакцинациялау төңірегіндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мұнайлы өңірде де жүйелі жүргізілуде. – Екпе алу – індеттен сақтанудың ең басты жолы. Əр адам соны түсініп, өзі үшін, жанұясы, əріптестері үшін екпе алса дұрыс болар еді. Коронавирус – жай ауру емес. Осыны жадымызда сақтайық. Аудан тұрғындарын денсаулығын күтіп, айналасына қамқор болуға шақырамын. Өзім де, ұжымдастарым да вакцина салдырдық. Бəріміздің жағдайымыз ойдағыдай, – дейді аудан əкімінің орынбасары Оксана Айқашева. Алайда мұнда бəрі жақсы деуге болмайды. Ауданда халыққа сансалалы қызмет көрсетіп, халық тұтынатын тауар түрлерін өндіретін бизнес субъектілерінің арасынан небары 20-ға жетпейтін кəсіпкер вакцина салдырған. Ал, барлығы 1 073 адам екпе алған. Жалпы, ақпан айынан бері ауданға «Спутник V» вакцинасының 1 550 дозасы жеткізілген.

ҚҰРМАНҒАЗЫ

Ауданның бас мемлекеттік санитарлық дəрігері Карл Отаровтың мəліметінше, ауданда жыл басынан бері 382 адам коронавирус індетіне шалдыққан. Ақпан айынан бастап 2 710 тұрғын қауіпті дертке қарсы вакцина алған. Бұлардың арасында ең көп екпе алғандар мұғалімдер (776 адам), 326-сы денсаулық сақтау, 126-сы құқық қорғау, 124-і əкімдік қызметкерлері болып отыр. Əйтсе де, жеткізілген дозаның (2 910) 200-і игерілмеген. Жыл басынан бергі бес айда карантиндік шектеу шаралары мен санитарлық талаптардың орындалуын бақылау мақсатында мобильді топтардың қатысуымен 12 000-нан астам мониторинг жүргізілген. Оның нəтижесінде, шектеу шараларын бұзудың 18 дерегі анықталып, 16-сына қатысты əкімшілік жазалау шарасы алынған. Жолдың шалғайлығы жəне қатынастың қиындығы ескеріліп, Кудряшов, Жыланды ауылдарынан екпе пункттері ашылған. Соның нəтижесінде Қиғаш өңірі тұрғындарының екпені сол жерден алуына мүмкіндік жасалып отыр.

 Дəулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз