Атыраулық дәрігерлер денесін күйік шалған балаларды құтқарды
Облыстық балалар ауруханасы дәрігерлері денесінің 85% және 75%-ы күйік шалған балалардың өмірін аман сақтап қалды. Жедел жәрдем бригадасы санавиация қызметі арқылы науқастарды қабылдау бөліміне жеткізген. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев хабарлады.
Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, жарақаттың сипатын, жалпы жағдайының ауырлығын ескере отырып, науқастар қабылдау бөлмесіне кідірместен, дереу жан сақтау бөліміне жатқызылды. Аталған аурухананың күйік ауруын емдеуші ақ халаттылары баланың өмірі үшін 1 ай бойы күресті. Шұғыл әрі тиянақты жүргізілген ем-домның нәтижесінде қазір балалардың жағдайы бірқалыпты.
Облыстық балалар ауруханасының травматолог-камбустиологы Жақсылық Мағзомовтың сөзінше, денесінің 85 пайызын күйік шалған бала Махамбет ауданынан жеткізілген. Ол жан сақтау бөлімінен шығарылған соң бөлімшеде 7 күн жатып, жағдайы жақсарған соң үйіне жіберілді.
–Ал, екінші пациент – Құрманғазы ауданынан шұғыл түрде жеткізілген үш жастағы баланың денесінің 75 пайызы ыстық суға күйіп қалған. Оның ауруханаға келгендегі алғашқы жағдайы шектен тыс ауыр болды. Қазір кішкентай пациенттің жағдайы жақсы, бөлімшеде ем алуда, — дейді Ж.Мағзомов.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ