АЛЛЕРГИЯДАН ҚАЛАЙ АРЫЛУҒА БОЛАДЫ?

allerg Медицина

ЖАДЫРАҒАН ЖАЗ АЙЫ БӘРІНЕ БІРДЕЙ ҚУАНЫШ СЫЙЛАЙ БЕРМЕЙДІ. ЖЕР БЕТІ КӨГОРАЙ ШАЛҒЫН, ГҮЛДЕГЕН УАҚЫТТА КЕЙБІР ЖАНДАР ӘБІГЕРГЕ ТҮСЕДІ. ОЛАР – АЛЛЕРГИКТЕР.

Статистикалық мəліметке сүйенсек, əрбір үшінші адам жаз бойы маусымдық аллергияның азабын тартады екен. Алайда, бұл дерттен айығу аса қиын. Аллергияға шалдыққандардың жалғыз амалы – шашпалы дəрі. Бірақ, мамандардың пікірінше, оған тəуелділік адам өмірі мен саулығына аса қауіпті. Аллергияның терең тамыр жайғаны соншалық, оған бола таңғалмайтын да болдық. Ал, шетел ғалымдары мұның жұқпалы індет ретінде таралып жатқанын айтады. Бірақ, медицинада толыққанды емі əлі табылмаған. Мамандардың айтуынша, аллергия – иммунитеттің төмендігі мен адам ағзасының белгілі бір антигенге кері реакциясы. Адамның өсімдікке немесе жануарға, шаң-тозаң мен күнге, басқа да нəрселерге жоғары сезімталдығынан болады. Оған қоса, кез келген жаста басталады. Бүгінде аллергияның 60-тан аса түрі кездеседі екен. Дəрігерлер «онымен күресудің басты жолы – дұрыс тамақтану» дейді. Бастысы – аллергияны шақыратын цитрусты жемістерден аулақ болған жөн. Ал, халық емі тұмшаланған тынысты қалампырмен емдеуді жөн санайды. Десе де, бұл ем-шаралар əлі нақты емес, себебі толық емі табылмаған екіұдай пікірлер ғана болмақ. Сондықтан, ем іздеп зарыққанша ауырмайтын жол іздеп, аурудың алдын алған абзал.

Осы орайда, аллергиядан айығудың жолын білу мақсатында атыраулық жоғары санатты лор-дəрігер Нұрғиса НАЙЗАБЕКҰЛЫМЕН тілдестік.

– Аллергияның негізгі белгілері қандай?

– Қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін аллергиямен шағымданып келеді. Ондай адамдар жиі түшкіреді, көзі, мұрны қышиды жəне тыныс алуы қиын. Оған қоса, көзі жасаурап, мұрны бітеліп немесе денеге бөртпелер шығуы да мүмкін. Бұл өсімдік гүлдей бастаған көктем айынан күзге дейін созылады. Бұл аурудың емі ауру асқынған кезде емес, өршімей тұрып басталғаны абзал. Оған қоса, ата-ана жауапкершілікті өз қолына алып, баланы сырқаттан сақтау керек. Сондықтан, ең алдымен əйел адам жүктілік кезінде құрамында аллергені бар тамақтарды көп жемегені жөн. Себебі, бұл жатырдағы балаға əсер етеді. Яғни, жаңадан дамып келе жатқан сəбиде аллергендер қалыптасатын өте жауапты кезең болады. Аталмыш ауру тіпті адамды жатырда жатып та жаулайды.

– Аурудың алдын қалай алуға болады?

– Ең бастысы, дұрыс тамақтанған жөн. Бізді инфекциядан қорғайтын өз иммунитетіміз жəне оны көтеру керек. Ол үшін мезгілінде ұйықтап, уақытында ұйқыдан тұрып жəне демалыс кезінде табиғат аясында демалып, тыныққан оң əсер беріп, иммунитетті нығайтады. Сосын ауа райына сай киініп жүрген абзал, қазір кейбір жастар күннің суығына қарамай, қыстыгүні жалаңбас жүреді. Сондықтан, жастардың арасында бұл ауру жиі кездеседі. Мамандардың нұсқаулығымен ғана алдын алу керек.

– Бойдағы аллергияны қалай анықтаймыз?

– Оның ең қарапайым жолы – егер өзіңізде не балаңызда аллергия белгісі байқалса, қан, үлкен дəрет, зəр талдауын жасау керек. Ондағы аллергияға қатысты өзгерістерді терапевт-дəрігер түсіндіріп бере алады. Талдауда симптомдардың белгілері нақтыланса, кеңірек консультация алу үшін аллерголог-дəрігерге қаралған жөн. Аллергия созылмалы ауруларда пайда болады. Сондықтан, инфекциялық аурулардың созылмалы түрге айналып кетпеуінен сақтану керек. Бұлардың қатарында бронхит, пневмония, бүйрек аурулары, цистит, пиелонефрит, ас қорыту жүйелерінің аурулары (холецистит, гастрит) бар. Бұл кеселдерді асқындырмаған жөн, əйтпесе иммунитет төмендейді. Соның салдарынан бронхиалды астма, аллергиялық дерматит, экзема секілді аллергиялық аурулар өршиді.

– Қандай өсімдіктер аллергияны өршітуі мүмкін?

– Көбінесе Атырауда көкпек пен терек мамығы шөптерінің көп өсуіне байланысты аллергия өршиді. Сондықтан, халықтың дені шаң-тозаң мен өсімдіктерден «зардап» шегеді. Аллергияның бұл түрін «поллиноз» деп атайды.

Əрине, экология да өз əсерін тигізбей қоймайды. Адамның орналасқан жері, ауа құрамы сынды көптеген факторлар бұл ауруға тікелей əсер етеді. – Науқастар аллергиядан толыққанды айыға ала ма? – Бұған үзілді-кесілді жауап беру қиын. Əр адамның ауруына байланысты толыққанды емделуі тиіс. Бірақ, өте қатты күтім мен дəрігердің қадағалауы аса қажет. Сондықтан, тұрғындар лораллерголог мамандардың нұсқаулығымен жүргені əрі оларға жиі қаралғаны абзал. Десе де, толық емделген науқастарымыз да болған. Дəрігер ретінде кеңесім, аллергияны қыс мезгілінде емдеткен дұрыс. Себебі, күн суып, жерге қар түскенде барлық ауру туғызатын факторлар басыла бастайды да, тиісінше ем-дом да нəтижелі болады. Аллергияның азабын тартып жүрген жандардың бірі – атыраулық Нұрила Қаршығақызы. Жыл сайын жаз маусымын дəрі ішіп, екпе салғызумен өткізеді. Тіпті, шашпалы дəрілер де оған көмектеспейтін жағдайға жеткен.

– Аллергия мамыр айында басталып, күн ысыған уақытта қоза бастайды. Өсімдік гүлдегенде, ауадағы шаң-тозаңнан жиі түшкіріп, көзім жасаурап, мұрным бітеліп, түнде ұйқы бермей мазам кетеді. Тіпті, кейбір жеміс-жидек те əсер етіп, бəрі бір мезгілде өршіп, жаным қиналатыны бар. Табиғат аясына шығып демалу да мүмкін емес жағдайға жеттім. Себебі басым айналып, тынысым тарылып, əлсіздік басады. Көптеген жерге қаралып, ем-дом жасасам да, осы аурудан құтылар түрім жоқ, – дейді шарасыз Нұрила.

Оның аталмыш аурумен күресіп жүргеніне үш жылдың жүзі болған. Аллерголог-дəрігерлерге жүгініп көрген екен, одан да нəтиже көңіл тоғайтпапты. Тек уақытша ғана көмектескен. Шынында, Атырау облысында бұл ауру түрі экологиялық жағдайға байланысты өршіп тұр. Өйткені, өндіріс ошақтарының көбеюінен ауа ластанып барады. Ал, зауыт басшылары тек айыппұл төлеумен ғана шектеліп отыр. 2017 жылы Атырау облысындағы ауаны ластаған компаниялардан мемлекет пайдасына 22 миллиард теңгеге жуық айып өндірілген. Бірақ, бұл науқастардың денсаулығын қалпына келтіреді ме? Қаншама адам ауруға шалдықты, дəрігерлер дертке дəру болар шипа таппай əлек. Немесе емнің өзі өте көп ақшаны талап етеді. Сондықтан, аурудың алдын аламыз десек, табиғатты қорғаудан бастайық. Дəрігердің сөзіне құлақ асып, ауырмайтын жол іздеп, сырқаттан сақтанайық, оқырман.

Жайна МƏЛІМҚОЖА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз