Қант диабеті – қауіпті дерт
Бүгінде дүние жүзінде жыл сайын миллионнан аса адам көз жұматын және кез келген адам ұшырауы мүмкін қауіпті дерт – қант диабеті. Біздің елде жыл басында мұндай диагнозбен есепте тұрғандар саны 309 мыңға жетті. Оның басым көпшілігі – әйелдер. Сондай-ақ, ауруға шалдыққандардың алты мыңға жуығы көздің көру қабілетінің жоғалуы – катарактадан зардап шексе, үш мыңы инфаркт алған. Ауру көрсеткіштерінің артуына не себеп? Біздің өңірдегі ахуал қандай? Осы және өзге де сауалдар аясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы аймақтың бас штаттан тыс эндокринологы, облыстық №2 аурухананың эндокринолог-дәрігері, тәуелсіз сарапшы, денсаулық сақтау ісінің үздігі, Ұлттық медицина Ассоциациясы «Алтын дәрігер» белгісінің иегері Анна ЧИЧИБАБИНАМЕН сұхбаттастық.
– Анна Васильевна, алдымен, қант диабетінің дамуына ықпал ететін себептер мен факторлар туралы білсек…
– Қант диабеті – бұл эндокриндік ауру, ұйқы безі бөлетін гормон – инсуллиннің мүлдем бөлінбей қалуынан, не болмаса жеткіліксіз түрде бөлінуінен қандағы қант деңгейінің көтерілуі. Сусамыр деп те аталатын бұл дерт организмдегі барлық зат алмасу үдерістерінің бұзылуына әкеледі. Қан тамырларын, жүйке жүйесін және ағза мүшелерін зақымдайды. Оның нақты пайда болу себептері белгісіз. Диабет біздің ағзамыз қандағы глюкоза деңгейін реттей алмайтын кезде пайда болады. Оның дамуына ықпал ететін факторлар: тұқымқуалаушылық, семіздік, май тағамдарды көп пайдалану, жүйкедегі күйзелістер, инфекциялық аурулар, жүрек-қан тамырлары аурулары.
– Облыстағы көрсеткіш қандай?
– Бүгінде аймақта бұл дертке шалдыққандар саны көп. Нақты статистикалық есепке жүгінсек, биыл тоғыз айдың ішінде 8619 адам тіркелді. Атырау қаласының өзінде 5504 адам есепте. Осы дерттің салдарынан биыл көз жұмғандар саны – 175 адам. Тіркеуде тұрғандар арасында сәбилер саны 75-ті құраса, 19 жасөспірім бар. Жалпы, инсулинді қажет етуші типтегі 1659 адам бар.
– Аурудың қандай түрлері бар және бұл дерттің алдын алу жолдары қандай?
– Дерт негізінен екі түрге бөлінеді. Инсулинге тәуелді диабет балалар мен жастарда дамиды. Ал, инсулинге тәуелді емес диабет әдетте 40-тан асқан, артық салмағы бар адамдарда кездеседі. Бұл – аса көп таралған аурудың түрі. Адамда ауру белгілері байқалған жағдайда, эндокринолог-дәрігерге қаралу қажет. Ең алдымен, қандағы қант мөлшерін анықтау үшін аш қарынға анализ тапсырады. Диабетті үнемі диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектер көмегімен емдеуііге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Диабетпен өмір сүруге болады. Бірақ, ол тәртіп пен өзін-өзі бақылауды талап етеді.
– Науқастарға медициналық көмекте қандай жеңілдіктер бар?
– Елімізде қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен инсулиннің 22 түрі бар.
Сұхбаттасқан: Алмаз КӘРІМЖАНОВ,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының бөлім басшысы.