Ірі мұнай-газ компаниясы Атыраудағы емдеу мекемелеріне 50-ден астам қондырғыны табыстаған

ФОТО МЕДИЦИНА Жаңалықтар

Ірі мұнай-газ компаниясы Атыраудағы емдеу мекемелеріне 50-ден астам қондырғыны алып берген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева мен «ЭксонМобил» компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Ақмарал Сабырова мәлімдеді.

ФОТО - МЕДИЦИНА

«Алты жылда компания емдеу мекемелеріне елуден астам қондырғы табыстаған. Сондай-ақ, медициналық оқу орындарындағы 93 студенттің оқу ақысын төлеп берді. Ол кездері дәрігердің оқуының ақысы 600 мың теңгеден басталса, қазіргі кезде 800 мың-1,5 миллион теңге аралығында екенін ескеру керек. Сондықтан, көбінің қалтасы көтермесі анық. Компания «боламын деген баланың» арманын ақиқатқа айналдырып, дәрігерлікке оқуына мүмкіндік жасап отыр», – деді облыстың бас дәрігері.

Алты жылдағы нәтижеге тоқталсақ, емдеу мекемелеріне мерзімі жетпей дүниеге келген нәрестелердің өмірін сақтауға арналған құрылғылар, жедел жәрдем көліктерін, қан тазалайтын жабдықтар, фетальды мониторлар және тағы басқа қажетті қондырғылар алынды.

Өңірдегі медицина саласының кадр тапшылығы мәселесі де ескеріліп, биылғы жылы отызға жуық студентке материалдық көмек ұсынылған. Осы орайда, компанияның жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Ақмарал Сабырова, өз кезегінде екі жақты бірлескен жұмыстары жалғаса беретінін айтты.

Ал, компания демеушілігімен оқуын аяқтаған Атырау қалалық №5 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Ардақ Хайдаров пен Геолог емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Сымбат Мырзағалиева ірі мұнай-газ мекемесінің басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева брифинг соңында «Эксон-Мобил» компаниясының өкіліне аймақ халқының денсаулығын сақтау ісінде көрсетіп отырған ізгілікті көмегі үшін Алғыс хат табыстады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Фото job-sbu.org сайтынан алынған

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз