Адам жанының айнасы (+ФОТОРЕПОРТАЖ)
Медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында облыстық офтальмологиялық ауруханасына арнайы атбасын бұрдық. Емдеу орнының бас дәрігері Мұрат Құсайыновпен әңгімелесіп, біраз мәселеге қанықтық.
– Соңғы жылдары көз жанарының кінәратына көмек сұрап келетіндер қатары көбейді. Біздің ауруханада көз ауруларының көптеген түріне диагностика жасалады. Мәселен, глаукома, катаракта, көз рефракциясы, миопия, астигматизм ауруын анықтап, емделушілерге тексеру жүргіземіз. Диагнозы анықталған соң қажетті емдеу шаралары ұсынылады. Операцияны қажет ететін көз ауруларына ота жасаймыз, — дегені сол еді, кабинетке келген медбике бас дәрігерге хирургиялық бөлменің дайын екенін хабарлады.
Мұндай мүмкіндікті мүлт жібермейтін фототілші Ерлан Алтыбаев ота жасау сәтінен бір-екі кадр түсіруге рұқсат сұрады. Өйткені, стерильденген бөлме медицина қызметкерлері мен пациентке ғана арналғаны белгілі.
–Қазір жоспарлы ота жасалады. Науқастың диагнозы катаракта. Катаракта бұл әсіресе егде жастағы адамдарға тән патология. Линза жартылай бұлыңғыр болады. Жоғалған мөлдірлік адамға қалыпты көруге мүмкіндік бермейді. Өйткені, көзге енетін жарық сәулелері қабылданбайды. Осындай өзгерістің әсерінен қоршаған ортаны қабылдау біртіндеп өзінің айқындылығын жоғалтады, сурет барған сайын бұлыңғырлана түседі. Егер адам емдеу процедураларын уақытында бастамаса, онда соқырлықтың ықтималдығы жоғары болады, — деп түсіндірді бас дәрігер.
«Ота сәтті өтсін…»
«Адам жанының арашасы» десе дегендей-ақ, Мұрат Жақыпұлы операциялық бөлімшеге қарай асығыс кетіп қалды. Әйтеуір, алтын қолды дәрігерге «ота сәтті өтсін!» деген тілекті айтып үлгердік.
Содан соң ауруханадағы консультациялық-диагностикалық меди-циналық көмек көрсететін бөлімшеге келгенбіз. Бірінші тұрған кабинетте облыстық офтальмологиялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дулат Есқалиев дәрігерлік қабылдау жүргізуде екен. Босаған сәтін пайдаланып жұмыс барысын сұрадық.
– Бүгін көзге 10 ота жоспарланды. Бізде көзге жылына 1500-2000-ға жуық ота жасалып жүр. Көбіне катаракта, суқараңғылық, балалардағы қыли көз ауруларына жасаймыз. Сондай-ақ көзінен жарақат алатындар бар. Балалар ойнап жүріп жарақаттанса, ересектер жұмыс барысында техникалық қауіпсіздікті сақтамағаннан зардап шегіп жатады. Аурухана мамандары медициналық-профилактикалық қызмет көрсетеді. Барлығы да диагностикалау және хирургиялық араласу әдістерін меңгерген білікті қызметкерлер. Тәуліктік және күндізгі стационарды қоса есептегенде клиникада науқастар үшін 60 төсек орын бар. Сондай-ақ жоспарлы және шұғыл көмек көрсетуді жүзеге асырамыз, — деді Дулат Ғазизұлы.
Көздің көруі неге нашарлайды?
Білікті окулист «көздің көру қабілеті неден нашарлайды?» деген сұрағымызға оның түрлі себебі барын айтты. Соның ең өзектісі гаджеттер мен компьютерді көп қолданатын адамдарға қатысты.
– Мұндай кезде көзге салмақ түсіп, оның рефракциясы бұзылады. Яғни экраннан тарқайтын көгілдір сәуле көз жанарына қарсы шағылысып, кері әсерін береді. Ал, жасы егде тартқан кісілерде қанның қоюлануы, қант диабеті, гипертония сияқты қосалқы аурулармен байланысты болып келеді. Соның нәтижесінде, катаракта, глаукома, макулодистрофия сынды көздің көру қабілеті нашарлайтын түрлі ауруларға әкеліп соғады. Кейде көздің нашар көруі тұқымқуалаушылықтан да болады. Дегенмен қандай жағдайда да дәрігерге ерте бастан көрініп, асқындырып алмаған жөн, — деп кеңес берді бас дәрігердің орынбасары.
Ал, келесі кабинетте көз дәрігері Бауыржан Әллазиев пациенттің көзін аппаратпен тексеріп отыр. Өзін «Айман Әбдірешқызы» деп таныстырған емделуші былтыр көзіне операция жасатқан екен. «Жасым 60-та, оң көзімді шел басып, көрмей қалып, операция жасаттым. Содан ем қонып, жақсы болдым. Алғыс арқалаған дәрігерлеріміз аман болсын» деген қала тұрғыны кезекті дәрігерлік тексеруден өтіп жатқанын айтты.
Дәрігерлердің дабылы
Офтальмологиялық аурухананың балалар бөлімшесіне барып, онда кезек күтіп отырған бала-шағаның көптігінен «дәрігерлердің дабыл қағуы дұрыс екен» деген ой түйдік. I санатты көз дәрігері Гүлнұр Әуелбаева ата-аналар көзді күту гигиенасын ескермейтінін тілге тиек етті.
– Қазір балалар арасында көз ауруы көбейген. Өйткені, үйде ата-ана телефонды баланың қолына шектеусіз уақытқа беріп қояды. Статистикаға сүйенсек, 5 және 13 жастағы жеткіншектердің 60 пайызының көру қабілеті нашар. Қолдарындағы гаджет өз алдына, одан тарайтын қауіпті электормагниттік сәулелер ағзаға оңай еніп, көздің мүлдем көрмей қалу қаупін төндіреді, — деген дәрігердің сөзі мәселенің өзектілігін айқындады.
Расында, бұрын балалар далада асыр салып ойнаушы еді. Қазір үйден шықпай, телефонға телміретінін күнделікті көріп жүрміз. Кезекте тұрған ата-ананың бірі 3 жастағы баласын әкеліп тұр. «Балама телефон бермесе жылайды, үйреншікті жағдай болып қалды. Ауданның окулисі миопия деді, соның анық-қанығын білу үшін осында келіп тұрған жайымыз бар…» деген жас ана Қызылқоға ауданынан келіп тұр екен.
Жанары солған жеткіншектер
Балаларға арналған реабилитациялық кабинетте көз дәрігері Әсия Есенгелдина 6-7 жастағы балаларды «авитисов-мац», «визотроник» аппараттарына отырғызып, амбулаторлық ем жүргізуде екен. Үшеуі де қылилық диагнозы бойынша 3 ай сайын тұрақты ем қабылдайтын балалар.
–Балалар арасында миопия мен қылилық жиі анықталуда. Жаңа технология ғасырының да әсері бар. Біз «гаджетті қылилық» деп атаймыз. Өйткені, балаларды тексергенде көру қабілеті мен рефракция жақсы. Бірақ, көзі қыли. Тағы да айтайын, қылилықты дер кезінде емдемесе, баланың көру қабілеті нашарлайды. Көру қабілеті 20%-дан аспай қалады. Тіпті, көзі 10% ғана көріп, 3D форматтағы дүниелерді мүлдем көрмейді. Ата-аналар баланың ас мәзіріне, ұйқы режиміне, қозғалысына жауапкершілікпен қарауы керек, — деген офтальмолог ең маңыздысы телефонды шектеп, көзді күту гигиенасын қадағалау керектігіне маңыз берді.
Сондай-ақ дәрігердің айтқандарын уақытылы орындау қажет. Ал, көзі қыли 1,5-2 жастағы бала көзілдірік тағуы шарт екені тағы бар. Әрине, ол баланың көзін оптикалық жолмен емдеу мүмкін болса. Мекемеде білікті дәрігерлер соңғы үлгідегі заманауи құрылғыларды меңгеріп, ем-домның нәтижелі болуына жұмыс жасайды.
Иә, офтальмологиялық ауруханадағы көріністен көңіл-күй құлазып қайтты. Өйткені, бұрын көз дәрігерінің қарауына келетін егде жастағы ересектер келсе, қазір бесіктен белі шықпаған балақайлар толып отыр. Бұл әр ата-ананы ойландыратын мәселе. Үлкендер «Көзді күтпесең, шамданып қалады» деуші еді, нұрдың ұясы көз жанарын сақтап, уақытында дәрігердің қабылдауына барып, көру гигиенасын сақтайық, оқырман!
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ