Аса қауіпті дерттерден сақтаныңыз!

2019.02.28 news 00 1 Жаңалықтар

Atr.kz/22 қараша, 2019 жыл. Облыс аумағында  табиғи-ошақты, зооантропноздық аурулардың эпидемиологиялық, эпизоотологиялық жағдайдың алдын алу іс-шараларын күшейту қажет. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде өткен «дөңгелек үстелде» айтылды.

Жиынға департамент өкілдері, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы, республикалық ветеринариялық зертхананың облыстық филиалы, облыстық ветеринариялық басқармасы және обаға қарсы күрес стансасының басшылары мен қызметкерлері қатысты. Сала мамандарының айтуынша, облыста жануарларға және адамдарға ортақ бруцеллезбен күрестің қажетті шараларын алу, сондай-ақ, бақылау, бағалау және жұқпаның зақымдалмаған аумақтарға таралуына жол бермеу өзекті мәселе болып табылады.

«Биыл аймақта тұрғындар арасында жедел бруцеллезбен 18 науқас, оның ішінде Индерде – 7, Қызылқоға ауданында – 6, Атырау қаласында – 3, Жылыой ауданында  2 жағдай тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 2,8 болды. Былтырғы осы кезеңдегі деңгеймен салыстырғанда аурушаңдық үш есеге азайған» деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бас маманы Зульфия Қайреденова.

Оның айтуынша, мал төлдету науқаны алдында және одан кейінгі кезеңдерде бруцеллезге қарсы шараларды ұйымдастыру аурудың алдын алуда маңызды. Халық арасында бруцеллезге қарсы санитариялық-ағарту жұмыстарының нәтижелі жүргізілуіне байланысты тұрғындар арасында бұл дертпен аурушылық азайды. Аймақта жануарлардың тістеуінен, тырнауынан,  сілекейленуінен зардап шегіп, медициналық  көмекке   биылғы  тоғыз айда  1019 адам жүгінді.

Оның ішінде 372-сі балалар болды. Бұл жағдай  өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,5  пайызға азайған. «Антирабиялық көмекке келгендердің негізгі үлесін, яғни 96,9  пайызын ит-мысықтардан зардап шеккендер құрайды.  Бұл ит-мысықтар санының өсуімен және ит пен мысық иелерінің үй жануарларын ұстау ережелерін сақтамауымен байланысты» дейді З.Қайреденова.                                                                    

Жиында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да талқыланды. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымбек Бисенғалиевтің айтуынша, жануарлардың ауруларын алдын алуға арналған ветеринариялық препараттардың барлығы  облыс орталығынан аудандарға уақытылы жеткізілді. Вакцинациялау, диагностикалау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

– Биыл тоғыз айда құтыру ауруының төрт ошағы, вирустық диарея, қойдың күл ауруы, қарасан және мүйізді ірі қара малдарының төрт ошағы тіркелді.  Құтыру, вирустық диарея, қойдың күл ауруы мен бруцеллездің бір ошағына карантин-шектеу іс-шаралары алынса, қарасан және бруцеллездің үш ошағына сауықтыру жұмыстары жүргізілді, – деді Ғалымбек Хайроллаұлы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Биыл тоғыз айда бұралқы  иттермен және мысықтармен күрес жұмыстары былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 17,5 %-ға көбейіп, барлығы 14894  ит, 1519 мысық ату жолымен жойылған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз