Медицинаның негізгі бағдары: сапа мен қолжетімділік

EAC2356 Медицина

Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетубасты міндет. Бұл ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толық іске қосылғанға дейін әрбір адамның санатын анықтау маңызды. Бүгінде Атырау облысында 31 мың адамның санаты белгісіз. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың облысқа сапары барысында «Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру» тақырыбында өткен өңіраралық конференцияда айтылды.

????????????????????????????????????

Бір дәрігерге – 1700 адам

Екі күнге созылған конференцияда еліміздің бас дәрігері салада атқарылып жатқан жұмыстарды талдап, орын алып жатқан проблемаларды да талқыға салды.

– Біз тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын талдадық. Нәтижесінде емделушілердің дәрігер біліктілігінің төмендігін айтып, көрсетілген қызметке көңілдері толмайтыны белгілі болды. Расында бізде медицина қызметкерлерінің тапшылығын қоса алғанда, мұндай проблема бар. Дөрекілік туралы шағымдар көп, ұзын-сонар кезек мәселесі де бар. Министрлік проблемаларды анықтап, жүйелі шаралар қабылдау керек деп есептейміз. Әрине, біз барлық проблемаларды бақылап отырамыз, әрбір нақты жағдайда өз ұстанымымыз бар. Дегенмен, бұл мәселе жергілікті жерде, аумақтық бөлімшелер, медициналық мекемелердің бас дәрігерлері, әкімдер деңгейінде шешілуі тиіс. Біз проблеманы тереңірек қарауымыз керек және заңнамалық тұрғыда, қаржыландыру, осы мәселелерді шешетін кадрларды даярлауда қадамдар жасауымыз қажет, – деді Елжан Амантайұлы.

Министрдің айтуынша, бүгінде еліміздегі медицина саласында бір дәрігерге келетін халық жүктемесі нормативін 1700-ге дейін жеткізу маңызды.

«Бізде екі дәрігердің орнына бір адам жұмыс жасайды. Өкінішке қарай, бас дәрігерлерге қызметкерлердің жетіспеушілігі қолайлы болатын қаржыландыру жүйесі құрылды. Өйткені, қаржыландыру халықтың жан басына шаққандағы негізі болып табылады. Бұдан басқа, біз емханалардың санын көбейту, ауруханалар мен аурухана төсектерінің санын азайту нормативін әзірледік. Дәрігерлік тәжірибе неғұрлым көп болса, емханалар соғұрлым көп, стационарлық емдеуді қажет ететін науқастар аз болады. Өткен жылы бізде бір ауруханада 130 төсек болды. Мұны аурухана емес, бөлім деп айтуға болады. Үлкен қалаларда 1,5-2 мың орындық 2-3 аурухана болуы қажет. Сондықтан, елімізде 32 аурухана біріктірілді. Бұдан жыл сайынғы үнемдеу – 27 миллиард теңге. Еліміздегі әрбір дәрігерге айына орташа есеппен 100 мың теңгені үнемдей аламыз. Осының арқасында бас дәрігерлердің, әкімшілердің, есепшілердің құрамын ұстай аламыз», – деді Елжан Біртанов.

Маман тапшылығыбақылауда

Министр еліміздегі кадр жетіспеушілігі қолдан жасалған проблема екенін де алға тартты.

«Біз жыл сайын маман тапшылығынан үш есе көп түлек шығарамыз. Мәселен, 2800 дәрігер тапшы болса, биыл 6000 дәрігер дайындалды. Түлектер еңбек нарығында жекеменшік емханаларға жұмысқа орналасуды жөн санап,  ауылда, елді мекендерде жұмыс жасағанды қаламайды. Осыған орай жергілікті атқарушы органдарға өңірге қажетті кадрларды даярлау үшін жергілікті бюджет есебінен білім беру тапсырысын жасауға мүмкіндік берілді. Грантта оқыған барлық түлектерге міндетті үш жылдық еңбекті өтеу талабын енгіземіз. Арнайы мемлекеттік комиссия оларды өңірлерге бөлетін болады. Мемлекет олардың оқуына ақы төлегеннен кейін, олар сол жерге барып жұмыс істеуі керек. Осы мәселені жергілікті әкімдік толық бақылауға алады», – деді Елжан Біртанов.

Аталған мәселелерді шешу жолдары ұсынылып, медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша шаралар кешені қабылданатыны да айтылды.

«Міндетті медициналық сақтандыру қорын енгізумен бірге кепілдендірілген тегін медициналық көмектің жаңа моделі жасақталуда. Бұл емдеу кешені алғашқы медициналық-санитарлық, шұғыл медициналық көмектен, клиникалық-диагностикалық қызметтерден, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден, сондай-ақ, негізгі, әлеуметтік маңызды аурулар бойынша жоспарланған стационарлық көмектен тұрады. Мұнда аурулардың 262 тобы сараланып, диспансерлік емделетін ауру түрлері тізімі қайта жасақталады. Артериальды гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, онкология, туберкулез және басқа әлеуметтік маңызды ауруларды қоса алғанда, өлімнің – 70, аурушаңдықтың 80 пайызын анықтайтын негізгі ауруларды, халықтың өмір сүру ұзақтығын бақылау қамтамасыз етіледі», – деді Елжан Амантайұлы.

Жиында тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде жалпытәжірибелік дәрігерлер санын арттыруға маңыз берілді. Министрдің айтуынша, Қазақстанда бұл сала мамандарының саны – 1500. Осы көрсеткішті 2500-ге көбейту көзделуде. «Шетелдерде тұрғындардың 70-90 пайызы жалпытәжірибелік дәрігерлерге қаралады. Ал, қазақстандықтардың 25 пайызы осы сала мамандарының қызметіне жүгінеді, қалғаны басқа дәрігерлерге жіберіледі. Жағдайды ескеріп, мамандардың біліктілігін арттыра отырып, санын да көбейтеміз» деді министр. Сондай-ақ, алқалы басқосуда рецептісіз сатылатын дәрілердің санын қысқарту мәселелері, цифрландырудағы электронды құжат енгізу жұмыстары туралы айтылды.

Нұрсәуле САЙЛАУОВАоблыс әкімінің орынбасары:

Атыраулық дәрігерлерге –  қызметтік пәтер

Облыста 141 денсаулық сақтау ұйымы қызмет көрсетеді. Биыл саланы  жалпы қаржыландыру 27,9 млрд. теңгені құрады. Біздегі негізгі проблема – кадр жетіспеушілігі. Мәселені оң шешу үшін 72 дәрігерге қызметтік үй берілді. Медициналық жоғары оқу орындарына  облыс әкімдігінен былтыр – 35, биыл 54 грант бөлінді.  Биылғы желтоқсан айынан бастап сала қызметкерлеріне арналған  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Атырау облыстық филиалы арқылы салынатын типтік жобадағы Медиктер үйі қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде дәрігерлерді орналастыру үшін  2019 жылдан бастап жас мамандарға 400 айлық есептік көрсеткішке дейін әлеуметтік пакет ұсынылады. Осы жылдың сегіз айында облыста 625 мың адамға 1462 дәрігер медициналық қызмет көрсетті. Екі қалалық ауруханада мейірбикелік үй күтімінің әмбебап-прогрессивті моделі енгізілді. Атырау қалалық перзентханасындағы және Атырау медициналық колледжіндегі заманауи құрылғылармен жабдықталған Симуляциялық орталық дәрігерлер мен студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

 Нариман МҰҚЫШЕВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

Санатты анықтаудың маңызы зор

Қазақстан халқының 8,6 миллионы – жұмысқа жарамды топ. Ал, 6,5 миллионы жалданып жұмыс істейтіндер. Қалған 2,1 миллионы өз-өзін жұмыспен қамтығандар санатына жатады. Өткен жылы 442 мың жұмыссыз тіркелді. Кейбір адамдар өз қызметін құзырлы органға келіп, арнайы тіркемейді. Мұндай адамдардың саны 1,4 миллионды құрайды. Олар еш жерде тіркелмегендіктен, жұмыстары жөнінде ешбір мекемеге есеп бермейді, салық төлемейді, әлеуметтік аударымдар жасамайды.

Конференцияны қорытындылаған министр әрбір азамат сақтандыру қорына жарна төлеуге міндетті екенін, төлемеген жағдайда мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдік берген түрін ғана пайдалана алатынын баса айтты. Осы орайда емхана тарапынан тұрғындарға жанжақты түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Яғни, қазірден бастап барлық отбасы әрбір мүшесінің қай санатқа жататынын және ол үшін жарна қалай төленетінін анықтауы маңызды.

Сонымен қатар, еліміздің бас дәрігері әр адам өз денсаулығына жауапты болып, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу қажеттігін де алға тартты.

«Медицинадағы реформалар аясында халық саулығын түзетуде жұмыстар өз ретімен атқарыла береді. Ал, әркім өз саулығына ден қоюы қажет. Аурудың алдын алу бағытында профилактикалық шаралар жасауы маңызды. Өйткені, әбден асқынған дертке қуатты медицинаның да дәрменсіз болып қалатын кездері болатыны жасырын емес», – деді министр Елжан Біртанов.

Екі күнге созылған конференциядан соң министр облыс орталығындағы және Махамбет ауданындағы денсаулық сақтау ұйымдарын аралап, олардың бүгінгі тыныстіршілігімен танысты.

Алтыншаш Құрмашева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз