Жарнама
Мәдениет

ЖАҚАНОВТЫҢ ЖАҢА ҚЫРЫ

Өнердің әр саласын меңгерген жан-жақты талант иесі университеттің жоғары білімділер үшін қысқартылған екі жылдық курсы бойынша бакалавр мамандығын алып, үздік диплом иегері атанды. Диплом жұмысының тақырыбы – «Жерұйық» триптих» деп аталды. Ал, диплом жетекшісі – ҚР Өнер саласының үздігі, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан өнер академиясының академигі, доцент Қамбарбек Аманов.
Илья Жақановтың жұмысын бағалау үшін Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің оқытушысы, Қазақстан көркемсурет академиясының мүше-корреспонденті Еркін Серікұлы төрағалық еткен мемлекеттік аттестациялық комиссиясының құрамына ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, профессор Отарбай Кендір, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, аға оқытушы Нұрлан Бермағамбетов және аға оқытушы Жексенбек Салықұлы енді. Сарапшылардың айтуынша, жұмыста пейзаж жанры классикалық бағытқа сәйкес жасақталып, бейнелеу өнерінің дамуы, деректер, көркем әдебиеттер мен эстетикалық мүмкіндіктер кеңінен қамтылған. Сондай-ақ, сарапшылар Алматыдағы Қазақстан көркем академиясының вице-президенті Ермұхан Жүнісханұлының Илья Жақановтың суретшілік қабілеті жайында жолдаған пікірін де көпшілік алдында оқып берді.
Суретшінің дипломдық жұмысымен, картиналарымен танысқан облысымыздың құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен университет оқытушылары шара соңында жылы лебіздерін білдірді. Көрме залына қойылған Илья Жақановтың туған жер тақырыбында салған біраз картиналары жайында әңгімелеген еңбек ардагері Амангелді Селбаев:
— «Ілекеңмен көп жылдан бері жолдаспын. Оның әсем әндері бізді Ақжайықтың бойында тербетіп жүреді. Ал, мынадай сурет салатын шеберлігін көріп, таңдандым. Осы уақытқа дейін бұл өнер Ілекеңнің қойнына қалай сыйып жатты екен?! Мысалы, «Балқан тау», Маңғыстаудың «Каньоны», «Жайықтың келбеттері» деген суретін көріп, табиғаттың тылсым сырына сүйсініп тұрмын. Туған жердің тау-тасының өзіне жан бітіретін Илья кезінде «Жайлаукөл» деген әнін шығарғанда сол кездегі бүкіл қазақ жастары «Жайлаукөлге барып еңбек етсек, жазғы демалысты өткізсек» деп, арманын көлмен байланыстырған еді. Шындығында, Жайлаукөл тұнған маса, айналасы тап-тақыр адам тұруы қиын жер ғой. Көзімен көргеннен кейін әр адам «Илья аға адам бармас көлге ән арнағаны несі?» деуі мүмкін. Бұл – шынайы таланттың туған жерге деген боямасыз сүйіспеншілігін, махаббатын жеткізудегі шеберлігі, жастарды туған жерді сүюге баулуы. Нағыз өнер адамы осындай сегіз қырлы болатынына тағы бір мәрте куә болдық, — деді.
Батыс өнерін бүкіл Қазақ еліне паш етіп, насихаттаған Илья Жақановтың еңбегі мен шығармашылығы хақында ойын білдірген Атырау қаласының Құрметті азаматы Нұрпейіс Мақашев, «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес, университеттің бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, профессор Отарбай Кендір, Ш.Сариев атындағы өнер мұражайының директоры Жайдарбек Зайдоллаұлы шығармашылық табыс тіледі.
Шараны қорытындылаған университет ректоры, профессор Бейбіт Мамраев алдағы уақытта оқу орнында Илья Жақанов атындағы шеберхана ашылатынын хабарлады. Сондай-ақ, естелік сый ретінде суретшіге сурет салу құралы – этюдникті табыстады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button