МЕКЕСТІҢ ӘНІ

қазақтың  дәстүрлі  әншілік

өнерінің  жарқын  жалғасы  еді

Қазақтың дәстүрлі әншілік өнері сөз болғанда алдымен елiмiздiң батыс өлкесiндегi кәсiби әншiлiк мектептiң негiзiн қалаушы дарабоз өнер иесi Мұхит Мералыұлының (Мұқамбеткерей, 1840-1918жж.) шығармашылығы сөз болады. Мұхит мұрасы – оның қасына ерiп, репертуарын тұтастай алып қалған немерелерi Шынтас пен Шайқы Қаратаевтардан Ғарифолла Құрманғалиевке ауызекi жалғасты. Осындай таланттардан жалғасқан әншiлiк дәстүрдi Ғарифолла Құрманғалиев өз шығармашылығы арқылы насихаттап, 1965 жылы республикалық эстрада-цирк өнерi студиясында ашылған батыс ән мектебi класында тәрбиеленген шәкiрттерiне үйреттi. «Мұхит мақамдары» көптеген таланттардың танылуына себін тигізді. Солардың қатарынан Ғарифолланың алдын көрген әнші Мекес Төрешовті атауға болады.

 

Өнерге  қадам басқанда…

Өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары ауыл клубтарының сәнi, жастардың көңiлiн көтеретiн бiрден-бiр музыкалық аспаптары сырнай, гармонь, баян, домбырада ойнап, ән шырқауы болды. Сондай ауыл клубтарының бірінде ән айтып өнерін алғаш жұртшылыққа танытып, «әнші бала» атанған Мекес, кейін еліміздің дүлдүл әншісіне айналған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі болды, қалың қазақтың мақтанышына айналды. Ол 1940 жылы 15 мамырда Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы, «Таубұйрат» ауылдық кеңесінің «Қарақұс» елді мекенінде туған. Ауылдағы бастауыш мектептен төрт сыныптық білім алады.

Кейін Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауылындағы орта мектептен он жылдықты бітіреді. Әкесі Төреш Төлегенов 1941 жылы Ұлы Отан соғысында Сталинград майданында ерлікпен қаза тапқан. Анасы Мәдина колхозда қара жұмысшы болып еңбек еткен. 1959 жылы Алматыға ағайынының жетелеуімен келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға тапсырады. Өкінішке орай, кейбір құжаттарының жетіспеуіне байланысты оқуға түсе алмайды. Бірақ, ерекше талантының арқасында 1960 жылдың басында жаңадан ұйымдасып жатқан «Қазақконцерт» бірлестігіне жұмысқа орналасады.

Осылайша, Мекес Төрешовтің өнердегі сапары басталады. Қазақстанның халық әртісі, домбырашы Қали Жантілеуов, Жүсіпбек Елебеков, Әзидолла Есқалиев, Роза Бағыланова, Жамал Омарова сынды көптеген өнер майталмандарымен сахнада бірге жүрді.

Бақытты  күндер – бал  күндер

Мекес Төрешовтің анасы да, әжесі де өнерден құралақан болмаған екен. «Бала Мекестің әнге үйiрсек екенiн ерте сезген әжесі жергілікті шеберлерге домбыра жасатып берген», – деп еске алады Жақсыгүл апа. Патефондағы әуенге елiктеуден тұтанған бала сезiм өмір бойғы iзденiстiң, талмай еңбек етудiң арқасында гүлденiп, өнердің шарықтау биiгiне көтерiліп, өнегелі өмірі бүгінгі ұрпақ үлгі алардай тұлғаға айналдырды.

1966 жылы Гурьев облыстық филармонияның ашылуына байланысты Мекес Төрешовті туған жеріне жұмысқа шақырады. Мекес ағамен алғаш жолыққан қызықтарын, одан бері бірге ғұмыр кешіп, Гурьевке келуін бүгінде Атырау қаласында тұратын жұбайы Жақсыгүл Төрешова былайша еске алады: «Өзім Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келгенмін. Алматыға тігіншілік мамандығына оқуға барып, Мекеспен «Қазақконцертте» таныстым. Алматыда студент кезімізде сол кездегі Гурьевтің концертін көруге біраз қыз-жігіттер бардық. Залда алдыңғы қатарда отырдым. Мекес әнді өте жақсы орындады. Бәріміз өнеріне таңғалдық. Бірақ, концерт біткен бойда ол менің жаныма келіп, танысуға ыңғай білдірді. Кейін, қасымдағы қыз-жігіттермен де әңгімелесіп, бізбен бірге «Қазақконцерттің» жанындағы Панфилов саябағына барды. Осылай танысып, үлкен өмірде де бірге болуға серттесіп, отбасын құрдық. Маған кездескенде жиі ауруханаға жатып шығып жүрген кезі екен. Сөйтіп, ақылдаса келе Атырауға 1967 жылы көшіп келдік. Әншінің туған жеріне оралуына Н.Жантөрин атындағы филармонияның алғашқы директоры Ғинаят Үмбетовтің шақыртуы әсер еткен еді. Жарты жылдан кейін үй алдық. Бірінші ұлымыз Еділ 1969 жылы, кейіннен бір қыз, ұлымыз дүниеге келді.

Қазір жетпіс бірге келсе де сүйікті ісі тігіншілік жұмысынан қалмаған Жақсыгүл апа Мекес ағаның шығармашылығы жайында үнемі сұрап келетін ізбасарлары барына қуанады. Олардың әрбіреуіне Мекес Төрешұлының ерекше қасиеттерін де әңгімелеп отырады. Алайда, жұбайының жоқтығына жүрегін аяздай қарып, «кішкентайымыздан бірге жүрдік қой» деп еміреніп, езіледі. «Шақырған жерге үнемі дайындалып, бір сағат ерте барып отыратын. Айтылған уақытында басталмаса, соған ренжіп қайтып кететін. Өте турашыл, шыншыл еді, – деп Мекес ағаның мінезін егжей-тегжейлі баяндап, көзіне жас та алады.

Қамшының сабындай күрмеуі келте ғұмыр кешіп, қайталанбас із қалдырған Мекес ағаның қайта-қайта жолын тұсап, қолын кескен – шынымен де денсаулығы еді. Өкпе дертінен айығып, енді ілгері басам дегенде, тағы бір індет бас көтерді. Тіпті, өкпе дертінен жазылғанда, дауысының екінші тынысы ашылғандай, алшаң басып, ертеңгі күнге сенімі молайып қалғандай еді. «Дәрінің де зәрі бар» деп дана қазақ тегін айтпаған шығар дейсің осындайда. Өкпеге ем болады деп, дәрігерлер тағайындаған дәрілер, бауырынан үзілуге әкеп соқтыратынын ол кезде кім біліп еді. «Бауыр дертінен жазыла алмады. Арманы көп еді. Оның жарық дүниеден өткеніне де алты жылдан асып барады. Жанымда сүйенішім – екі ұлым мен қызым ғана», – дейді өмір өткелдеріне көз жүгірткен Жақсыгүл Рахманқызы.

Артында із қалдырған өшпей-тұғын…

Мекес Төрешұлымен қанаттас жүріп, бірге қызмет еткен, алайда өмірден ерте кеткен, Атырау өңірінің өндірдей азаматы, өнер майталманы Асқар Харесов ағасымен бірге айлап іссапардан оралған кезін бірде былай әңгімелеген екен: «Сахнада алдымен жас таланттар, ең соңынан атағы бар лауазымды тұлғалар шығуы керек. Мекең де соңынан шығады. О кісіге сахнаға шығар сәтінде яғни алдындағы бір-екі нөмірден бұрын киініп, әзірленсе де уақыт жеткілікті ғой. Ал, ол болса концерт басталар-басталмас бұрын сахналық киімін киіп алып, жас балалармен бірге дайындалып сабылып жүреді. Міне, өнерге шын берілу деген осы шығар». Айта кету керек, Мекес Төрешұлының әндері мен термесін жинақтап, диск түрінде шығарып, кейінге қалдырған да осы – Асқар Харесов болатын. Мұхит пен Ғарифолланың және халық әндері бар Мекес Төрешұлының он сегіз әні топтасқан ән-терме жинағына «Нарын», «Сөз сөйлейін бөлмелеп», «Қолжетпес», «Үлкен айдай», «Кіші айдай», «Ақау құмған», «Алуаш», «Ақ иіс», «Паңкөйлек», «Ақжайық», «Қарақаншық», «Соқыр қыз», «Зәуреш», Сүгірдің термесі, «Он бір тілек» ән-термелері енген.

Ел ішінде «Мекес айтты» деген қызық та күлкілі әңгімелер де аз емес көрінеді. Өйткені, сөзге шешен, қуақылығы бар кісі еді деседі замандастары. Әзіл-қалжыңы жарасқан ақ көңіл ағасын жастайынан үлгі етіп өскен, әнші-сазгер Елемес Мағазов сағынышпен еске алады:

– Ауызынан «айналайыны» түспейтін ақжарқын ағамен 23 жасымда таныстым. Магнитафон таспасынан Мекес ағамның он әнін жазып алып, жалықпай тыңдайтын едім. Мекеңнің дауысының маған әсер еткені сондай, өңіріміздегі дәстүрлі әннің өркендеуіне «Мекес мақамының» да үлесі зор екені ақиқат.

Мекес Төрешовтің өнердегi шәкірті көп-ақ. Оған сырттай еліктеп өскен де, алдын көрген де өнерпаздар жеткілікті. Солардың бірі, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі Ханзада Сахипова: «Мекес ағаның тұла бойы өнерден жаратылған ба деп ойлаймын. Арқалы әншi деген де сол кісідей болу керек. Мен ол кісінің әндерін бала кезімнен бері тыңдап өстім. Әртіс боламын деп армандағаныммен, бірге әріптес боламын, сахнаға бірге шығамын деп еш уақыт ойламаған екенмін. Бірақ, сондай айтулы тұлғамен бірге жүргенім үшін, олардың өнегесін көргенім үшін өзімді бақытты санаймын. Ол кісі әрқашан елгезек, ақкөңіл, томаға тұйық жүрген кезін көрген емеспіз. 2006 жылы филармонияның қырық жылдығына байланысты Алматыдағы Абай атындағы балет және опера театрында атыраулық өнерпаздар, Мекес аға бәріміз барып концерт қойған едік. Сол Мекес ағаның үлкен сахнаға соңғы рет шығуы екен», – деп толғанады.

Түйін

Ән өнерінің ақиығы Ғарифолла Құрманғалиев бірде: «Аман жүрсек, сен маған нан жегізбейді екенсің» депті Мекес Төрешұлына. Әзіл де болса, астарлы айтылған осынау сөз оның қаншалықты талантты әнші екенін айқындайды. Ұстаздан шәкірт озар деген де осы болар.

Иә, өмірінің соңғы мезетіне дейін дәстүрлі әнді жанына серік еткен Мекес Төрешұлы Ресей, Монғолия, Түркияда өткен дүниежүзілік фестивальдардан да зор құрметке ие болып, халық қошеметіне бөленген. 2001-2007 жылдар аралығында қаладағы «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінде шеберлік сабақтарында дәріс беріп, шәкірттер тәрбиеледі. Өнерге қосқан ерекше үлесі үшін 1992 жылы ҚР еңбек сіңірген әртісі, 2000 жылы «Құрмет» орденінің иегері атанды.

Бүгінде Атырауда Мекес Төрешұлы атындағы аймақтық дәстүрлі ән-термешілер байқауы өткізіліп келеді. Биыл да өткізілетін байқауға еліміздің батыс өңірінен отызға тарта өнерпаз қатысып бағын сынамақ. Бұл байқау таланттардың танылуына кеңінен жол ашары кәміл.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз