Ұлттық домбыра күні Атырау өңірінде өз деңгейінде аталып өтті

Festival Жаңалықтар

Елбасының ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау идеясы төңірегіндегі Ұлттық домбыра күні Атырау өңірінде өз деңгейінде аталып өтті.

????????????????????????????????????

Сұлтан Бейбарыс алаңында ұйым-дастырылған «Домбыра – ата көзі, баба мұра» атты облыстық фестиваль атаулы датаның сәні мен салтанатын келтірді. Атырау даласы ұлттық аспаптың күмбіріне бөленіп, оны тамашалауға жиналғандар да аз болмады.

Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов қатысып, айтулы күннің негізгі ерекшелігі мен маңызына тоқталды.

Домбырамен ежелден ата-бабамыз әнін асқақтатып, күйін күмбірлетті. Әркез оны үкілеп, төріне іліп қойды. Жаңа түскен келіннің де бетін домбырамен ашып, аспапты қасиетті санады. Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп, оның қаншалықты қадірлі, киелі екенін екі-ақ ауыз сөзбен түйіндеді. Бұл ұлттық аспапта сан ғасырлар бойы қазақтың басынан өткен талай тарихы жатқанын аңғартады. Олай болса, Тәуелсіздіктің ақ таңында домбыраның қадірін одан әрі ұлықтау – бізге парыз. Күймен қиялымызды қанаттандырып, домбырамен бірге әр шаңыраққа шаттық тола берсін, – деді Серік Жамбылұлы.

Мерекелік іс-шарада Атырау қалалық, облыстық саз мектептерінің мұғалімдерінен біріктірілген домбырашылар ансамблінің орындауындағы Сейілхан Құсайыновтың «Мереке», Құрманғазының «Адай» күйлері орындалды. Сондай-ақ, «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық академиясы» Атырау музыка колледжінің домбырашылар ансамблі Түркештің «Көңілашар», Дәулеткерейдің «Көроғұлы», Құрманғазының «Сарыарқасын» ұсынды. Өзге де күйлер мен күй сайыстар ұйымдастырылды. «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының мүшелері өнер көрсетіп, домбыра туралы өлеңдер оқыды. Дәстүрлі әндер шырқалып, мың бұралған бишілер де өнер көрсетті.

Қазақтың өнер қайраткерлерінің домбыраларынан экспонаттар мен шеберлердің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл жұмысқа облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ш.Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұжымдары ұйытқы болды. Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы кітап көрмесін өткізді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз