Жарнама
Мәдениет

«Saz perneli Saraishyq»: Түркі әлемінің үнін асқақтатқан фестиваль мәресіне жетті

Атырауда түркітілдес халықтардың музыкалық өнерін дәріптейтін «Saz perneli Saraishyq» ІІ Халықаралық «Dombyra» фестивалі екі күн бойы жалғасып, салтанатты түрде өз мәресіне жетті.

Жайық бойын жағалай орналасқан қасиетті Атырау өңірі мен тарихын тереңінен танитын қазақ халқы үшін бұл іс-шара өткен мен бүгінгінің арасын жалғағандай, рухани мұраға бай дәстүрлерімізді қайта жаңғыртқандай болды.

Тамыры бір, тілі бір түркі елдерінен ат арылтып келген өнер майталмандарының өнері көрермендердің жүрегіне жол тауып, домбыра мен қобыздың үні қалың жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. Әсіресе, көне Сарайшықтың тарихын бейнелеп, түркі мәдениетінің байлығын айшықтай түскен шығармалар халықтың ықыласына бөленді. Жиналған қауым да осындай ерекше өнер мерекесіне куә болғанына риза.

Фестивальдің ең шарықтау сәттерінің бірі Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі болды. Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Үлкенбаева мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттер ансамблінің орындауындағы «Күй-тартыс» және басқа да өнерпаздардың шеберлігі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл шығармалар тек музыкалық қойылым ғана емес, рухани байланыс пен тарихи сабақтастықты көрсеткен ерекше өнер туындылары ретінде есте қалды.

Атырау өңірі – Ұлы Жібек жолының маңызды күретамыры, Алтын Орда мен алғашқы қазақ хандығының ордасы болған киелі жер. Мұнда келген шетелдік қонақтар да осынау тарих пен мәдениетке, қазақ халқының қонақжайлығына ерекше әсерленіп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

Фестивальдің жабылу салтанатында барлық қатысушыға сертификаттар табысталып, ұйымдастырушылар алғысын білдірді. Осылайша ұлттық өнердің құдіреті тағы бір мәрте айшықталып, түркі халықтарының рухани байланысы нығая түсті.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button