Атырауда белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваға құрмет көрсетілді

img 20210823 wa0063 Жаңалықтар

Бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева 77 жасқа толды.

Осыған орай өнер иесінің үйіне Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова арнайы барып, аймақ басшысының ақжарма тілегін жеткізіп, туған күн иесіне  әсем гүл шоқтарын ұсынды.

– Біз Өзіңізге қарап бойымызды, сөзіңізге қарап ойымызды түзедік. «Жайықтың ақ шағаласы» атанған Сізге  Атырау жұртшылығының  құрметі шексіз.  Осынау гүл шоқтарын соның шынайы айғағы деп білерсіз, – деді  Бақытгүл Қайыржанқызы.

Қазақ халқының ұлттық поэзиясын «Өрімтал», «Наз», «Қуанышым іңкәрім», «Сені ойлаймын», «Ақ қанат», «Бақыт әні», «Жайық қызы» сынды жыр жинақтарымен байытқан Ақұштап Бақтыгереева  қазіргі күні Атырау қаласында тұрады. Көпке танымал Анна Ахматова, Вероника Тушнова, Сильва Капутикина сынды ақындардың өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетіп, көркем аудармаға үлкен үлес қосқан ол – көптеген ән өлеңдерінің де авторы. Ақын шығармаларының негізгі діңгегі – әйел-аналардың құпия сырларына үңілуге, жұмбақ жандардың жан жарасына шипа іздеуге бағытталған. Оның «Ана жүрегі», «Ана махабаты»  атты жырлары қазақ әдебиетіндегі мәңгілік ана бейнесін толықтыруға қызмет етуде.

– Қазір төңірегімізде эпидемиологиялық жағдай онша жақсы емес. Соған қарамай, көңіл білдіріп жатқандарыңызға рахмет. Мына әлемді жалмап келе жатқан вирус  ендігі уақытта адамзат ұрпағымен бірге өмір сүретін тәрізді. Сондықтан, ендігі ұрпақ соған бейімделетін шығар. Осы себепті, мен баршаңызды «медицина» деген ғылымға сенуге шақырамын. Өйткені бұрындары ұлы дала ұрпағының дені сау болды. Біз таза ауа жұтып, таза тамақ іштік. Ал, бүгін біздің ұрпақтың денсаулығы қатерде.  Сондықтан, қазіргі жағдайда елді жайлаған аурудан сақтанудың жалғыз жолы – екпе алу  деп білемін. Өз басым ресейлік «Спутник V» вакцинасының  екі компонентін алдым. Осы себепті, барша жұртшылықты екпе  алуға шақырамын. Осы арқылы біз еліміздің тұтастығын қамтамасыз етеміз, – деді ақын Ақұштап Бақтыгереева.  

Мұратбек Жаңабай

img 20210823 wa0083
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз