РУХТЫ КӨТЕРГЕН МӘДЕНИЕТ МИРИАДАСЫ

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше қолдауына ие

Өнер – адамға теңдесі жоқ көңіл-күй сыйлайтын халық мұрасы. Әсіресе, кең даланың еркін өскен перзенттері — қазақ халқы үшін өнердің мәні айрықша зор. Міне, сондықтан да, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым өнерге, талантты жастарға қамқорлық жасап, қолдау көрсетіп отырады. Ұлт көсемінің осындай өнегесі өңірлердегі мәдениет пен өнердің де бағын ашты. Дарынды жандардың көкірегіндегі көмбесін халық кәдесіне жарату бағытында ақындар мен суретшілерге, әншілер мен күйші-композиторларға ықылас ерекше. Олардың рухани әлемінің байып, талғамдарының толысып отыруы үшін шетелдермен де байланыс жолға қойылды.

 

Қазыналы Атыраудың мәдениеті мен өнері де соңғы жылдары қайта түледі десек артық емес. Ақ Жайық жағасындағы ақжарма жұрттың рухани самғауы басқа өңірлерді қайран қалдырып отырғаны анық. Облыста тек соңғы екі жылда бес бірдей кәсіби өнер ұжымы құрылды. Мәселен, Атырауда соңғы кезде құрылған камералық ансамбль өнердің ерекше бір түрінің Атырау жұртына шаттық сыйлауына ұйытқы болды. Қыздар мен ерлер би топтары құрылды. Облыстық халық шығармашылығы орталығында «Ақ ерке-Жайық» фольклорлық -этнографиялық ансамблінің тұсауы кесілді.

Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптары оркестрі бірнеше рет төрткүл дүниенің төрт бұрышын шарласа, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония ұжымы да өз өнерлеріне әлемнің бірталай елін тәнті етті. «Ақ ерке-Жайық» фольклорлық-этнографиялық ансамблі Каирде болып, халықаралық фестивальдің жеңімпазы атанды. Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы ұжымдарының шетелге гастрольдік сапарға шығуы дәстүрге айналғаны қуанышты.

Сонымен қатар, мұнайдың астанасы атанған Атырау өңірінің мәдениет ошақтары, өнерпаздар ұжымы Қазақстанның басқа аймақтарының өнерімен, мәдени дәстүрлерімен танысуы да жолға қойылып отыр. Атап айтатын болсақ, өткен жылы Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облысына, үстіміздегі жылдың маусымында Оңтүстік Қазақстанға сапар шегіп, мәдениет күндерін өткізді, ондағы өнерсүйер жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Қазақ халқының айтулы өнері – айтыс бүгінде қанатын кеңінен жайып, дамып келеді. «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты республикалық ақындар айтысы да аймақтың рухани өмірінде айтулы оқиғалардың бірі болды. Исатай ауданының орталығы Аққыстауда өткен облыстық ақындар айтысына қатысқан аудан жұртшылығы, жанкүйер қауым өздерінің ризашылықтарын білдіруде. Жақында ғана ТШО-ның демеушілігімен өткен «Мәңгілік Қазақ елі» атты айтыстың да халыққа берері мол. Осының бәрі де – мемлекетіміздің өнерді қамқорлап келе жатқандығының айғағы.

Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдығына орай Атырау қаласында өткен, бір мың кәсіби өнерпаздан құрылған оркестр өнер көрсеткен күй фестивалі — Қазақ елінің тарихында бұрын-соңды болмаған өнер шеруі. Елбасының Ұлт жоспарында көрсетілгендей, ел мәдениеті биік дамымаған жерде экономикалық жетістіктің де болмайтыны даусыз.

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Бүкілодақтық орындаушылар байқауының лауреаты, профессор Әзидолла Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» республикалық күй сайысында күй дүлдүліне «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілгені көпшілікті бір серпілтіп тастады. Еліміздегі мәдени өрлеу табысқа табыс, шабытқа шабыт қосуда. Музыка танушы, композитор, жазушы, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері Илья Жақанов шығармашылығына арналған «Еділ мен Жайық» І Халықаралық фестивалі композитордың әндерін орындаушыларды бүкіл елімізге танымал етті.

«Ынтымақ пен бірлік – Мәңгілік ел тұғыры» атты Атырау қаласы мен аудандарының мәдениет фестивалі халыққа жасампаздықтың сырын шертті, келешекке ұмтылдырды. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, жас таланттар есімі де көпшілікке таныстырылып, абырой-беделі артты.

Ұлы Даланың ұландары осылай Елбасымыздың бастауымен ата-бабадан қалған өнер мұрасын келешекке апара жатыр.

Абат КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы басшысының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз