Джон Ф.Кеннедидің кесірлі кербезі

ДЖОН Ф.КЕННЕДИДІҢ КЕСІРЛІ КЕРБЕЗІ Жаңалықтар

%d0%b4%d0%b6%d0%be%d0%bd-%d1%84-%d0%ba%d0%b5%d0%bd%d0%bd%d0%b5%d0%b4%d0%b8%d0%b4%d1%96%d2%a3-%d0%ba%d0%b5%d1%81%d1%96%d1%80%d0%bb%d1%96-%d0%ba%d0%b5%d1%80%d0%b1%d0%b5%d0%b7%d1%96

1955 жылдың басына дейін, тіпті, Ди Маджомен айырылысқаннан кейін де Мэрилин Монро өзінің Кеннедимен жақын қарым-қатынасын, Нью-Йоркке неге жиі-жиі барғыштап жүргенінің себебін ешкімге айтпады. Кеннедиді сүю және оған сүйікті болу өздеріне ғана белгілі бір тылсым құпияны екеуара бөлісу болып та табылады ғой. Қандай әйел болса да–оның ішінде Мэрилин де Америка Құрама Штаттарының ең бір еңсегей еркегімен өз құпиясын қалай ғана оңаша бөліскісі келмес! Кеннедидің соғыста жауырынынан алған жарақатына операция жасағанда оның палатасында Мэрилиннің қысқа шортикпен керіліп тұрған алып плакатын көргенде ешкім де таңдана қойған жоқ. Бүкіл 50 жылдар бойында Мэрилин Кеннедимен ашыналығын тоқтатпады. Тіпті, оның жазушы Артур Миллермен бас қосқан 1956 жылғы үйлену тойы да «Джекпен» ара-қатынасына көлеңке түсіре алмады. 1960 жылдың қаңтарында Кеннеди Ақ үйдегі сайлауға өз кандидатурасын ұсынғанда, Мэрилин де оны қолдаушы актерлер мен актрисалармен бірге болып, сайлау науқанына қаржылай көмек те қосты. Бірақ, Мэрилин өнебойы шаршаған, жүйкесі әбден жұқарған, мұңлы қалыпта жүрді: кенеттен түсік тастағаннан кейін өзінің енді ешуақытта бала көтермейтінін білді. Режиссері Джон Хьюстон болған, Артур Миллердің сценариі бойынша түсірілмек жаңа фильмге дайындық, Кларк Гейблмен келіспеушілік оның ұнжырғасын түсіріп жіберді, соның бәрі келіп ішімдікке, көңілдендіретін дәрі-дәрмектер мен күш-қуат беретін қоспаларды қабылдауға итермеледі. Әйтсе де Кеннедиді ұмыта алмады, ол оның Коннектикуттегі ранчосынан Нью-Йорктегі пәтеріне немесе президенттікке үміткердің штаб-пәтеріне орналастырған қонақүйдегі бөлмесіне дейін ілесіп келіп жүрді. Кеннеди оған қандай уәде берді екен? Мүмкін, ол көңілдесінің жас баладай ертегіге сенгіш, аңғал мінезін пайдаланды ма екен? Түк те олай емес. Мэрилин жалпы табиғатынан тартымды жан болатын. Ол Мэрилинмен бірге жүргенде қандай да бір айлакерлік пен екіжүзділіктен ада еді. Кеннедидің мұндай сәттерде жаны жай тауып, өзімен-өзі еркіндеп, оған еш жанға тіс жарып көрмеген жан құпияларына дейін айтатын. Дәл осы кезеңде Мэрилиннің өмір жолында кейбір келеңсіз тұлғалар да кездесе бастады. Франк Синатра – мафияның көкесі және Кеннеди тұқымдарының досы; Сэм Муни Джанкана – ұлы әншінің өзі Кеннеди тобына әкеліп қосқан адам және саясаткерлерді тұқыртуда үкімет тегеурінін ашықтан-ашық пайдаланатындардың бірі; Джудит Кембелл – Кеннеди маңайындағы аса ықпалды тұлға, бұл да Джанкана мен Синатра ортасының адамы. Демократиялық партияның съезі ашылғаннан кейінгі екінші күні, 1960 жылғы маусымның 13-інде Джон Кеннеди, әдеттегіше Джудит Кембеллдің қолпаштауымен Мэрилин Монроны және басқа жақын достарын «Беверли-Хиллз» қонақүйіндегі нөмірге кешкі тамаққа шақырды. Алдымен Мэрилин мен Кеннеди оңаша кездесіп алды. «Джек өзін өте қарапайым (болашақ президенттің бұқарашылдығына меңзеу) ұстады және зерек ойлылық көрсетті» деп сыр айтты Мэрилин Питер Лоуфордқа. «Кеннеди ұшқалақтық танытты, – деп кекесінмен еске алады біраз уақыт актрисаға қызмет еткен Лина Пепитоне, – оны әуелі Мэрилиннің өзі айтқан. Сол кезде оның қолы еркектерге тыйым салынған шекарадан өтіп кетіп, юбканың тұңғиық түбіне дейін барып тіреледі. Бірақ, актрисада іш киімнің мүлде жоқтығын білгенде, ол өзінен-өзі қатты қысылып, қызарақтап, қолын тартып ала қояды. Мэрилин болса, сықылықтап күліп жіберді».

Питер Лоуфорд та бұл көрініске куә болды. Кеннедидің күйеу баласы Мэрилинге шынайы достық көңілмен ғана қарайтын, бірақ, мінез-құлқы тым аумалы-төкпелі, махаббаттағы сәтсіздігін шампанмен басып, көңілдендіргіш дәрілерге үйір жас актриса Құрама Штаттарға Президенттікке үміткер адамның бейнесіне сәл де болса көлеңке түсіре ме деп қауіптенетін. Егер өзін Штаттың бірінші ледилігіне дайындамаса Мэрилинге саяси әдебиеттерді соншалықты түртінектеп оқу неменеге керек? Кеннеди әлемдегі ең сұлу әйелдің өте-мөте нәзік ішкі жан-дүниесін түсіне алмады. Президент болып алғаннан кейін ол әйелімен айырылысу жайын ұмытты. Алайда, етекке емінуді тоқтатпады. Ол махаббат ойнағын жасау үшін Лоуфордтан үйін жиі сұрайтын.

Мэрилиннің жәйі басқаша еді. Баспасөз оның әрбір адымын аңдып отырды және ол туралы жазылғандардың бәрі ащы зәрге толы еді. Оның Манхэттен жүйке аурулары емханасында жатып шығуы тіпті мемлекеттік маңызға ие болғандай. Бұл Джон Фицджеральд Кеннеди мен оның інісі Робертті (жаңа әділет министрі) жаныштауға және елді ұлттық-әлеуметтік және рухани өзгерістерге жеткіземін деп уәде берген ФБР шефі Эдгар Гувердің онсыз да қалың-қалың томдарына қосымша дәйек болып қосылды.

Кеннедидің адамгершілік бейнесі қандай еді? Лоуфорд бұл сұраққа жауап іздеп жатпады. Президент тап дегенде ол әрқашан Мэрилинді тауып беріп отырды. Тапсырма оңай емес еді: Лос-Анжелестің бір шетінде Брентвуд ауданындағы жаңа пәтерінде жайланып, жайбарақат ұйықтап жатқан актрисаны оятып алудың өзі бір әуре. Мэрилиннің емдеуші дәрігері, психиатр Гринсон актрисаның қасына қосып қойған арнаулы күтуші қыз да осында тұратын. Актриса үшін бұл пәтер – Кеннедимен оңаша кездесуге болатын бірден-бір көзтаса, ыстық ұя. Лоуфорд есікті ұзақ қақты. Ақырында бөлменің арғы жағынан әлі ұйқысын аша алмай, манаураған Мэрилин көрінді. «Жылдам жинал!» деп кіжінді ашулы Питер. Ұзақ уақыт сыланып-сипаланғаннан кейін жарқырап Мэрилин шықты, оның асылтас тектес қолаң шашы сәнмен жасалған қара париктің астына жасырылды.

Орыс  тілінен  аударған:

Қойшығұл  ЖЫЛҚЫШИЕВ.

 (Жалғасы бар).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз