
Абысын татулығы – елге үлгі
Атырау қаласында отбасы институтын нығайту, салт-дәстүрді дәріптеу және абысындар арасындағы жарасымды қарым-қатынасты үлгі ету мақсатында «Татулықтың тұмары» атты облыстық өнер байқауы өтті. Іс-шараны облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы, облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, сондай-ақ «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.

Облыстың жеті ауданынан және Атырау қаласынан қатысқан сегіз әулеттің келіндері төрт кезең бойынша сынға түсті. Әзіл-оспақпен өрілген таныстыру, ән мен биді, қолөнерді қамтыған шығармашылық кезең, интернет желісінің пайдасы мен зиянына арналған шағын көріністер және отбасы мүшелерінің қатысуымен салт-дәстүрді сахналау – барлығы да көрермен көңілінен шығып, ұлттық болмысымызды тағы бір мәрте терең танытты.

Байқау қорытындысы бойынша, үшінші орынға ұлттық тәрбие мен өнерді үйлесімді ұштастырып, сахнада салиқалы қойылым көрсеткен Махамбет ауданының Избуловтар әулеті лайық деп танылып, 300 000 теңге көлеміндегі ақшалай жүлдеге ие болды. Екінші орын Индер ауданының Хасановтар әулетіне бұйырып, олардың ұйымшылдығы мен сахналық шеберлігі 400 000 теңгемен марапатталды.
Ал ең жоғарғы нәтиже көрсетіп, көрермен мен қазылар алқасының жоғары бағасын алған Мақат ауданының Тасқали әулеті бірінші орынды жеңіп алып, 500 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар, олар республикалық деңгейде өтетін байқауға жолдама алып, Атырау облысының намысын қорғайтын болады.

Ал байқауға қатысқан өзге бес әулет – Атырау қаласынан Калмурзиевтер әулеті, Жылыой ауданынан Шегіровтер, Қызылқоға ауданынан Нұржановтар, Құрманғазы ауданынан Мажекеновтер және Исатай ауданынан Беркалиевтер әулеті – әрқайсысы 150 000 теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлығы мен алғыс хаттарға ие болды.
Байқау барысында көрермендер тек өнер ғана емес, шынайы өмірдің көрінісін, қазақы тәрбиенің болмысын, отбасыдағы өзара сыйластық пен ауызбірліктің озық үлгісін көрді.
-Әулет абыройын асыратын абысындардың татулығы – отбасындағы ғана емес, қоғамдағы тұрақтылықтың да негізі. Бұл байқау – келіндердің бойындағы өнер мен өнегені, сұлулық пен сырбаздықты, ұрпаққа үлгі болатын ұлттық болмысты сахнада паш етудің бірегей алаңы. Біз осы арқылы келінді тек үй шаруасының иесі емес, руханияттың тірегі, дәстүрдің жалғастырушысы ретінде көрсетуге тырыстық,- дейді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрайымы, «Қазақия» қоғамдық қорының жетекшісі Жанар Әбіш.

Айта кетейік, «Татулықтың тұмары» облыстық байқауы биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын мазмұны тереңдей түскен бұл мәдени жоба – абысындар арасындағы сыйластық пен татулықты насихаттаудың, сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың жарқын үлгісіне айналып келеді.

Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ