Жарнама
Экология

Енді бәрі басқаша болады!..

«Таза болса табиғат – аман болар адамзат», — деп дана қазақ халқы айтқандай, адам әр кезде де табиғатпен тығыз байланыста өмір сүреді, оның байлықтарын пайдаланады және өз қызметі арқылы табиғатқа әсер етеді. Ал адамның сол әсерінің салдары табиғатқа зиянды болуы мүмкін. Бүгінгі таңда табиғатты қорғау үшін экономикасы жоғары деңгейде дамыған елдерде материалдық, мәдени және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында табиғат пен оның байлықтарын тиімді пайдалануға және қайтадан қалпына келтіруге арналған көптеген қоғамдық және мемлекеттік іс-шаралар атқарылуда.

Адамның өндірістік әрекетінің экологияға тигізетін жағымсыз әсерін белгілі бір дәрежеде шектеп, табиғи қорларды ұтымды пайдалану – ежелден бері адам баласының көкейкесті мәселелерінің бірі және қазіргі ғылыми-техникалық прогресс заманында ғаламдық мәселеге айналып отыр. Осыған орай көптеген мемлекеттерде «жасыл экономика» саясаты жүргізілуде.

«Жасыл экономика» тұжырымдамасы – тұрақты даму мәселелерін қарастыратын феминистік экономика, постмодернизм, қоршаған ортаны қорғау экономикасы, антиглобалистика, халықаралық қатынастар теориясы тәрізді экономикалық және философиялық ғылымдардың синтезінен пайда болған күрделі тұжырымдама. Жас ғылыми құжаттың экономикалық және жаратылыстану ғылымдарының тоғысуынан туындаған, басқа экономикалық пәндерге қарағанда зерттеу ауқымы кең, зерттеу әдістері мен тәсілдері де көп. Сондықтан, зерттеу әдістерінің алуан түрлілігінің нәтижесінде әртүрлі мультидисциплинарлық әдістерді пайдалана отырып, қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарының аясындағы экономика дамуының саяси және әлеуметтік аспектілері негізінде қазіргі жағдайды зерттей аламыз. Экономикалық даму мен өсу модельдері бір жағынан жаратылыстану үрдістерін, екінші жағынан саяси экономика саласын қамти отыра құрылады.

Әлемде әр елдің өзіне тән болашақ энергиясы бар. Яғни, елдің ерекшелігіне байланысты болмақ. Мысалы, теңіз жағалауында орналасқан мемлекеттер жел, судың күшін текке жібермейді, одан энергия алып, халқының қажетіне пайдаланады. Ал, шөл және шөлейт аумақтарды қоныс еткен елдер қазір күннен қуат алу тәсіліне бейімделіп, оны өте қарқынды дамытып жатыр.

Қазақстанға келсек, ұланғайыр даланың жерасты байлығы жетіп-артылады. Мысалы, қазір Батыс Қазақстан облысында жылу қуат орталықтары табиғи газбен жұмыс істеп тұр. Бұл – аралық уақытта пайдаланатын энергетика. Ал, күні ертең-ақ жаңадан басқа бір қуат көздерін тарту мүмкіндігі туындауы да ғажап емес. Өйткені, бүгінде әлем сәт сайын дамып, ғылым мен техника қарыштап дамып келеді. Баяғының қиял-ғажайып ертегілерінде айтылатын адам сенбейтін, біз үшін тың жаңалықтардың біздің өмірімізге шындап еніп кеткенін ескерген жөн. Мысалы, біздің буынның ата-әжелерінің көзі тірі болса, қазіргі ғаламтор желісі, ұялы байланыс немесе тұрмыстық қажеттіліктерді көріп, ішектерін тарта таңғалар еді. Ал, енді бәріне де көз үйренді.

Қазан айының басында Атырау облысына республика Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин бастаған депутаттар келіп, өңірдегі қоршаған ортаға келген залалдарды көзбен көріп, кәсіпорындарды аяқтай аралады. Халықпен кездесіп, мұң-мұқтажына құлақ түре отырып, Комитеттің көшпелі мәжілісін «Атырау облысындағы экологиялық ахуалдың жай-күйі» тақырыбында өткізді. Алқалы жиында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев өңірдегі экологиялық ахуал туралы баяндама жасап, Жайық өзені мен Каспий теңізінің жағдайына тоқталды.

– Облыс көлемінде Жайық өзенін оңалту бойынша оның түбін тереңдету және жағалау бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Алайда соңғы үш жылда Жайықтың арнасы тартылып, экологиялық зардап шегу алдында тұр. Өзеннің орташа көпжылдық ағынының қалыпты көлемі 9,46-дан 2022 жылы орташа жылдық ағыны 4,93 текше километрге, яғни екі есе төмендеді. Осыған орай бірінші кезекте өзеннің су ағынын ұлғайту қажет. Ол үшін Жайық өзенінің жоғары жағындағы су қоймаларынан төмен қарай су жіберу көлемін арттыру, оның ағысын үйлестіру мәселелеріне және өзеннің ғылыми-зерделеу жұмыстарын ұйымдастыруға республика Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі ерекше назар аударуы қажет деп есептеймін, — деді Жасұлан Орақұлы.

Көшпелі мәжіліске қатысқан Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев облыстағы ауа бассейнінің ластануының негізгі үлесі (85%-дан астамы) мұнай-газ өндіру және мұнай өңдеу шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарға тиесілі екенін мәлімдеді. Десе де, былтырғы және биылғы деректерді салыстырғанда эмиссиялардың көлемі 52,793 мың тоннаға азайғаны байқалған.

– Оның себебі – жанатын отын көлемінің азаюы, алауда (факель) жағылатын газдың азаюы, жылыту пештерін жөндеу және газ беруді шектеу. Сонымен қатар Атырау қаласында орналасқан сорғы станцияларын қалпына келтіру, Құрманғазы, Махамбет және Жылыой аудандарында ағынды суларды алдын- ала тазартуды қамтамасыз ету үшін кәріз-тазарту қондырғысын салу сынды өзге де мәселелер бар, — деді Мансұр Тұрсынұлы өз сөзінде.

Депутаттар облыстағы көмірсутегі шикізатын игеруші компаниялар қоршаған ортаны ластау жұмыстарын тоқтатпай, келісілген міндеттемелерді орындамаса келісім-шарт аяқталатынын айтты. Сонымен бірге олар Каспий теңізі мен Жайық өзенінде су деңгейінің түсіп кетуі, өңірдің атмосфералық ауасын қорғау, ластанған жерлерді рекультивациялау, суды үнемдеу және кәріз суларын тазалау, өңір халқының денсаулығы мәселелеріне ерекше назар аударды.

2019 жылы Мақат ауданында жел электр станциясының қадасы қағылғаны белгілі. Жоба бойынша мұндағы 24 агрегат 48 мегават/сағат электр қуатын өндіруге қауқарлы. Егер Мақат, Жылыой аудандарының электр қуатына деген сұранысы 35-38 мегават/сағат екенін ескерсек, қос ауданды қамтуға толық жеткілікті. Экологиялық жағынан таза, шығыны аз өндіріс. Себебі, бұл жел қаңғалақтары секундына 6 метр жылдамдықпен сәл самал ессе, іске қосылады.

Жыл он екі айдағы 365 күннің 300 күнінде азынаған жел соғып тұратын Атырау өңірі үшін өте тиімді қуат көзі осы болғалы тұр. Дәл осындай жоба Исатай ауданына қарасты Манаш ауылы жанынан да салынды. Демек бастама бар. Тек баянды болсын деп тілейік.

Қорыта айтқанда, электр энергиясына балама болатын қуат көзін қарастыру – кезек күттірмейтін шара. Себебі, соңғы жылдары мұнайлы өңірде өндірістің қарыштап дамуына электр энергиясы ілесе алмай келеді. Облыстың энергия тұтыну мөлшері – 734 мегават/сағат болса, оның тек 414 мегават/сағатын ғана Атырау жылу-қуат орталығы өндіреді екен. Ал, қалғанын облысішілік өзге көздерден, көрші облыстардан, қала берді ресейлік электр желілерінен алуға мәжбүрлік туындап тұр.

Ендеше, жер жүзі жұртшылығы осыдан 25-30 жыл бұрын бет бұрған осындай бастамалар біздің елде енді ғана баянын табуы тиіс.

Бақберген ТӨЛЕН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button