ЖаңалықтарЭкология

«Бұл күн – мен үшін қос мереке»

— Жұмысыңыз ауыр емес пе?

— Біздің жұмысымызды ауыр деп кім айтты?

Топырақ толы күректі темір сүйретпеге лақтыра салып, жымиған күйі ол бізбен әңгімелесуге бұрылды.

бұл күн мен үшін 2

Қыстың қарлы боранында қар күреп, жаздың аптабында көше кезіп, қоқыс жинау – оның негізгі міндеті. Өйткені, кейіпкеріміз – кәсіби аула сыпырушы.

— Ескі қаланың байырғы тұрғынымын. Мектепті бітірген соң «босқа жүргенше ата-анама жәрдемдесейін» деген оймен осы жұмысқа 15 жыл бұрын келгенмін. Жұмыстың ауыры, жеңілі болмайды, өйткені, ақша оңайлықпен келмейді ғой, — деп бастады Марта Қожантаева әңгімесін.

Таңғы жетіден кешкі сегізге дейін жұмыста жүреді. Үйі жақын болғандықтан түскі үзіліске барып келеді. «Ата-анамның өмірден өткеніне бес жылдай болып қалды, қазір аға-жеңгем, бауырларым бар» дейді ол отбасы туралы сұрағанымызда. «Ал, өзіңіздің отбасыңыз ше?» десек, «Алла қосайын десе, бола жатар. Әзірге бауырларыма қарайласып, жеңгеме жәрдемдесіп жүргенім өзіме ұнайды.  Шынымды айтар болсам, мен бір жаққа қыдырып, шығып көрген емеспін. Менің күнім тек жұмыс пен үйде   өтеді» дейді ол. «Негізі бұл жұмысты көбі ауыр деп айтады. Біздің салаға тұрақтамайтын себептері де сондықтан. Алайда, мен үшін түк қиындығы жоқ. Әбден үйреніп кеттім. Тіпті демалған күндері үйге сыймай кететінім де бар» дейді күліп.

бұл күн мен үшін қос мереке

«Тағы бір мәселе, бізді көргендер азғантай жалақы үшін жүргендер деп аяушылықпен қарайды. Олай емес, еңбекақымыз уақытылы беріледі, зейнетақы қорына аударылады, өзіме жетеді. Сол үшін де біз қызмет ететін мекеме басшылығына алғыс айтқым келеді. Ал, жалпы адамдар мұндай ақшаны креслода отырып табуды жөн көреді, басты мәселе сонда шығар деп ойлаймын. Егер менің жалақым аз болса, көлік алмас едім. Таяуда машина сатып алдым, енді несие төлейтін боламын» дейді ол.

«Алда мейрам келе жатыр, 8 нау-рызға не тілек айтар едіңіз? Әуелі, өзіңізге не тілейсіз, соны айтыңызшы» дедік біз қоштасар сәтте. «Мен бұл мейрамды асыға күтемін, әрі екі рет тойлаймын. Себебі, 7 наурыз – туған күнім, марқұм анам сол үшін атымды Марта деп қойған. Ал, тілек айту дейсіз бе? Негізі, мен көп, әдемі сөйлеуге жоқпын. Менде бәрі бар. Ал, басқа қыз-келіншектерге барлық жақсылықты тілегім келеді» деді ол.

Ауыр жұмысты емес, адал қызметті бәрінен жоғары қойған, қиындығына қарамастан кәсібін сүйе білген кейіпкерімізге біз де жақсылық тіледік.

Әңгімемізді аяқтап, кетуге ыңғайланғанымызда дәл қасымызға тоқтай қалған үлкен джип көлігінен түскен бойжеткен қолындағы қағазды қоқысқа жеткізбей жерге тастай салды. Марта жалма-жан жетіп барып, қағазды жәшікке лақтырып: «кәсіби инстинкт» деп күліп жіберді.

Гүлжан Әмірова

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button