ЖАЙЫҚ АПАТ АЛДЫНДА: салдары қандай болмақ? (жалғасы)

WhatsApp Image 2019 08 19 at 10.49.14 1 Жаңалықтар

Atr.kz/27 тамыз, 2019 жыл. ATPress.kz редакциясының түсіру тобы «Ақ Жайықты аялайық!» экологиялық экспедициясын жалғастыруда.

ТЕРЕҢДЕ ҚАЛҒАН КЕСЕНЕ

Орынбордан шығып, біздің түсіру тобы Ирикла су қоймасына барды. ХХ ғасырдың 50-60 жылдары салынған Ирикла су электр стансасының бөгетінен пайда болған бұл гидрообъект Жайықтың ағысын реттеу және айналадағы кәсіпорындарды, халықты сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Құрылысы кезінде 22 елді мекен, соның ішінде, қазақ ауылдары да көшірілген екен. Жергілікті өлкетанушы Жайсан Ақбаевтың айтуынша, су тұнық кезде 80 метр тереңдіктегі қазақ кесенесін көруге болады.

Ресми деректерге сүйенсек, Ирикла су қоймасындағы судың көлемі – 3,257 текше километр, айдынының алаңы – 260 шаршы километр. Алайда, биылғы көктемде тасқын судың болмауынан су қоймасына келетін су едәуір азайыпты. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, таяуда су қоймасының өзінде және кейбір өзендердің құяр жерінде балықтың жаппай қырылуы байқалған. Бұл туралы ресейлік БАҚ хабарлады. Қазір себебін анықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ирикладан соң Магнитогорскіге бет алдық. Бізге қонақжайлық көрсеткен күзетші Геннадий балық аулауға шақырды. Оның айтуынша, Магниткада Жайықты құрып кетті деп есептеуге болады.

«МАГНИТКА»

Магнитогорскідегі ең ірі қаланы асырап отырған кәсіпорын – атақты металлургия комбинаты. Өндірістің зиянды қалдықтары осы елді мекенді Ресейдегі экологиялық ахуалы ең нашар қалалардың біріне айналдырып отыр. Тіпті, атыраулықтарға бұл жердің ауасымен тыныстау қиынға соқты.

Алып өндіріс Жайыққа да әсерін тигізуде. Магнитогорскінің тұсындағы өзен суында қорғасынның шекті рұқсат етілген концентрациясы нормадан 4,2 есе, ал, мыстың концентрациясы нормадан 3,6 есе артық. Қала маңында тұрғызылған бөгет және зауыттың тоғаны өндірістік қажеттілікке қолданылады. Технологиялық мақсатта пайдаланылған су сүзбеден өтіп, қайтадан өзенге құйылады. Алайда, жергілікті экологтар атап өткендей, тазарту деңгейі жеткіліксіз, сондықтан, тоғанның суы қала тұрғындары үшін зиянды. Тоғаннан балық аулауға тыйым салынуы осыған байланысты болса керек.

БӨГЕТТЕР… ӨЗЕННІҢ ЖАУЫ?

Орынбордың Илецкий ауданынан басталған экспедиция байдаркалармен Батыс Қазақстан облысының Бөрлі
ауданына дейін жетті. Сол жерде аталмыш экологиялық қозғалыстың ардагерлері Жайсан Ақбаев және Нариман Өтешевпен тілдестік. – Алдымен, өзенде, оның тармақтарында жаңа су қоймалары мен бөгеттер салуды доғару керек, – дейді Жайсан Ақбаев. Жайыққа келер су азайған сайын, өзеннің ағысы да баяулай береді.

Түптеп келгенде, өзен Каспийге мүлдем жетпей, нәтижесінде зор апатқа ұшыратып, өңірдегі күллі тіршілікке қауіп туады. Сондықтан, өзенді сақтау бойынша бірлескен стратегиялық жоспар қабылдау қажет. Жиырма жылдан астам қоршаған ортаны қорғау саласында қызмет еткен Нариман Өтешев те әріптесін қолдап отыр. Еуропадағы Дунай бойында орналасқан көп мемлекеттің аталған өзен суын тиімді пайдалану жөнінде келісімге қол жеткізгенін оң мысал ретінде келтірді. Ал, екі елдің еншісіндегі Жайық жөнінде келісімге келуге қандай кедергі бар?

«СУ ҚОЙМАЛАРЫНАН КЕЛЕР ЗИЯН КӨП»

Орал қаласында 25-26 шілдеде өткен семинар-кеңесте ғалымдар мен экологтар өзенді сақтап қалу жөнінде өз ұсынымдарын айтты. Осы жерде Орыс жағрапиялық қоғамының вицепрезиденті, академик Александр Чибилёвпен тілдесудің сәті түсті. Ол «Жайықтың сорына айналған – Ирикла су қоймасы» дегенге қатысты пікірін білдірді.

– Кез келген су қоймасы өзеннің экожүйесіне залалын тигізеді. Ирикла – Оңтүстік Орал өңірін, Ақтөбе, Қостанай облыстарын энергиямен қамтамасыз етіп отырған электр стансасын суытуға пайдаланылатын техникалық су объектісі ғана. Көктемгі су тасуы кезінде тасқын суды тежеп қалатыны рас. Есесіне, жазғы және қысқы мезгілде Атырауға дейін Жайықты толықтырып отырады. Әйтпесе, өзеннің деңгейі бұдан да төмен болар еді, – дейді ғалым.

Оның пікірінше, Ирикла су қоймасының Жайық бассейніндегі ахуалға тигізер әсері 10 проценттен аспайды. Жайық суы үшін оның тармағы саналатын Сакмара өзенінің жағдайы әлдеқайда маңызды. Бірақ, Сакмара бастау алатын өңір – Башқұртстанның өкілдері семинарға келмеді.

– Қазақстан мен Ресей арасында келісім бар. Қазір Ириклаға секундына 7-8 текше метр су келеді. Ал, міндеттеме бойынша автоматты су қашыртқысы (сброс воды) 15 текше метрден кем болмауы тиіс. Мұндай көлем су қоймасының қоры есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Нәтижесінде, деңгейі ұдайы төмендеп келеді. Жаңадан су қоймаларын салу тоқтатылмаса, өзеннің экожүйесін сақтай алмаймыз, – дейді академик Александр Чибилёв.

Қаршыға КӨШЕКОВ,

Атырау – Орал – Орынбор – Ирикла су қоймасы – Магнитогорск – Орал

Суреттерді түсірген:

Арсен БОРАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз