![Аймақта 170-ке жуық заңсыз қоқыс орны анықталды 1 qaldyqqqq](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/qaldyqqqq-780x470.jpg)
Аймақта 170-ке жуық заңсыз қоқыс орны анықталды
Аймақта жүргізілген ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған 170 заңсыз қоқыс орнының 53-і Атырау қаласында болса, 115-і Жылыой ауданында орналасқан. Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов брифинг барысында өңірде заңсыз қоқыс орындарын жою, қалдықтарды қайта өңдеу және көгалдандыру шаралары белсенді жүргізіліп жатқанын мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес анықталған заңсыз қоқыс орындарының 125-і толық тазартылды. 3 орын заңдастырылған қалдық полигондары ретінде танылса, 40 аумақ бойынша жергілікті билік жекеменшік иелеріне шара қолдануда.
Сондай-ақ департамент басшысы өткен жылы өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар маңызды жобаның іске асырылғанын айтты.
–Қалдықтарды дұрыс басқару – өңіріміздің экологиялық қауіпсіздігі үшін аса маңызды мәселе. Біз заңсыз қоқыс орындарын жою, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамыту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыстарды күшейттік. Нақтырақ айтқанда, «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары аяқталса, «Квадрат» булану алаңын қалпына келтіру жобасы жүргізілуде, биыл 36 147 м³ ластанған тұнба тазартылды. Сонымен қатар Жайық өзенінің арнасын тазарту жұмыстары және өнеркәсіптік қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту үшін кәсіпорындармен экологиялық стандарттарды күшейту бойынша келіссөздер жүргізілуде, — деді А.Жүсіпов.
Айта кетейік, қазір Атырау облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылуда. Оның аясында кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.