Атырауда ауаны ластап жатқан автокөліктер тексерілді

rejd эkologiia 1 Экология

Өңірде экологиялық жағдайдың нашарлауының және ауаның ластануының негізгі факторының бірі – автокөліктер. Оның ішінде белгіленген талаптарға сай келмейтін көлік құралдарының саны көп-ақ. Олар ауаға зиянды заттар шығару арқылы қоршаған ортаға қаншалықты залалын тигізуде? Мәселенің алдын алудың жолы қандай? Біз осы сауалдарға Атырау облысы бойынша экология департаменті ұйымдастырған рейдте жауап іздедік.   

Экологтар неге алаңдайды?

Облыстық полиция департаментімен бірлескен «Таза ауа» жедел алдын алу шарасына экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің мамандары қатысты. Тәртіп сақшылары Атырау қаласының көшелеріндегі түтіні будақтаған көліктерді тоқтатып, жүргізушілерге мән-жайды түсіндірді. Табиғат жанашырлары жылжымалы зертхана арқылы олардың техникаларын арнайы тексерістен өткізді.

Экология департаменті зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің бас маманы Әділбек Екпіннің айтуынша, автокөліктерден шығатын газдардың уыттылығы арнайы аспап – газоанализатор автотест арқылы өлшенеді. Көміртегі тотығының газдағы мөлшері карбюраторлы қозғалтқыштарда – 3,2, инжекторлы қозғалтқыштарда 1 пайыздан аспауы тиіс. Ал, көмірсутегінің газдағы мөлшері карбюраторлы қозғалтқыштарда – 1 200, инжекторлы қозғалтқыштарда 1 ppm-нан жоғары болмауы керек. Бұл көрсеткіш қозғалтқышы бензинмен жүретін автокөліктер үшін белгіленген. Ал, дизель отынын тұтынатын автокөліктің еркін жылдамдату режимінде түтіндеу мөлшері норма бойынша 40 пайызды құрайды.

Рейд барысында көліктің шығарындыларында ластаушы заттардың белгіленген көрсеткішке сәйкестігі тексерілді. Қабдолов көшесінің бойынан алғашқы тоқтатылған көліктен шыққан зиянды заттың мөлшері қалыптан асып кетті. Жүргізушіге хаттама толтырылып, ескерту берілді. Осы сәттен бастап көлік иесі техниканың жағдайын ретке келтіруі тиіс. Бұл бағытта жанар-жағармайдың да сапалы түрін пайдалану қажет. Десек те, бұл тозығы жеткен көліктер үшін мәселенің шешімі болмайды. Сондықтан, экологтар мұндай көліктердің ауаны ластауға айтарлықтай зиян келтіретініне алаңдауда.

Рейд кезінде қозғалтқышы бензинге арналған 10 автокөлік тоқтатылды. Оның ішінде 2-еуінің шығарындысынан ауаны ластау дерегі анықталды. Бұл деректер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 334-бабының 1-ші тармағына сәйкес әкімшілік шара қолданылды. Полиция қызметкерлерімен көлік жүргізушілеріне ескерту беріліп, хаттама толтырылды. Бұл жағдайдан кейін олар міндетті түрде көлік моторын күрделі жөндеуден өткізуі тиіс. Егер екінші рет осындай жағдайға тап болса, оларға заң шеңберінде айыппұл салынады.

Экологтардың айтуынша, көлік түтінінен ауаға 200-ге жуық химиялық зат бөлінеді. Сондықтан, бұл адам денсаулығына да айтарлықтай залалын тигізеді.  Автокөліктерден шығатын газ қалыпты жағдайда болуы үшін қозғалтқыштардың техникалық жағдайы мен жұмыс режимі де тұрақты болуы қажет. Көлік тізгіндеген әрбір адам мұны қатаң ескеруі тиіс.

rejd эkologiя 2

Облыста – 157 577 көлік

Бүгін өңірде көлік саны күн санап артуда. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша, аймақта 157 577 көлік бар. Оның ішінде қозғалтқыш бөлшектері мүлдем ескірген, соған қарамастан бірнеше жылдан бері қолданыста жүргендері де көп-ақ. Десек те, аймақта олардан бөлінген  зиянды заттар мөлшерін бақылап, тексеретін арнайы орталықтар жоқ. Сондықтан, қала экологиясын жақсартуға бағытталған бірлескен рейдтік шаралардың маңызы зор.

-Бізде мұндай тексерістер ай сайын ұйымдастырылады. Жыл басында «Автобус» профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл кезеңде 21 автокөлік тексерілді. Нәтижесінде 12 автокөліктің шығарындысынан зияндың заттар бекітілген мөлшерден асып түсті. Бұл жайтқа жол берген жүргізушілерге заң шеңберінде әкімшілік шара қолданылды. Негізінен мұндай рейдтер ай сайын ұйымдастырылады. Карантин жағдайына байланысты жұмыстар бірнеше ай бойы тоқтап қалды. Ендігі кезекте қала экологиясын оңалту мақсатындағы мұндай бақылау жұмысы жалғаса береді, – деді эколог Әділбек Екпін.

Ал, былтыр осындай іс-шаралар кезінде 53 автокөлік құралы тексеріліп, заң бұзушылыққа жол берген 31 жүргізуші анықталды. Оларға әкімшілік шара қолданылған.

Жүргізушілерде жауапкершілік  жоқ

Рейдте бірқатар көлік жүгізушісі техника құралын арнайы құрылғыда тексерместен бұрын талапқа сай еместігін мойындап жатты. «Итінің сыры иесіне таныс» демекші, олар өздері тізгіндеп жүрген көлігінен шыққан шығарындылардың ауаға көбірек зиянын тигізіп жатқанын біледі. Десек те, олар жауапкершіліксіз жүре беруді әдетке айналдырған. Ал, аяқ астынан түтінді тексергендердің тірлігі кейбір жүргізушінің ызасын да келтірді. Біреуі «жанар-жағармайдың сапасы нашар» деп ақталса, енді бірі асығыс екендіктерін айтып, қашып құтылудың түрлі себептерін алға тартты.                         Жүргізуші бірінші рет экологиялық стандартты бұзған болса, оған хаттама арқылы ескерту беріледі. Егер дәл осындай заңбұзушылық жыл ішінде қайталанса, онда міндетті түрде айыппұл салынады.                                                                                       

Сондай-ақ, рейд кезінде көлік құралдары тексерістен оң шыққан жүргізушілер заң бұзушылық жасамағаны үшін өз-өздеріне риза болып жатты. «Мен зейнеткермін. Көлікті жиі жүргізбеймін. Дегенмен, оны міндетті түрде техникалық тексерістерден өткізіп тұрамын. Істен шыққан бөлшектерін де уақытылы жөндетіп аламын. Қазір полиция қызметкерлері түтіндеп бара жатқан, ластанған көліктерді өз еркімен тоқтатпайды. Өйткені, бұл міндет олардың құзырына берілмеген. Тек қана бірлескен рейд жұмыстарында ғана бақылау жасалады. Сондықтан, жүргізушілер де жауапкершілікке бей-жай қарайды. Олай болмасы үшін құзырлы орындар рейдтік шараларды ұдайы қолға алғаны жөн» деді қала тұрғыны Виталий Тимофей.

Түйін

Қалай десек те, қоршаған орта – бәрімізге ортақ. Сондықтан, оның тазалығы мен жұтар ауамыздың жұпарлығына тек қана экологтар жауап бермейді. Мұны әр адам жете түсінгені жөн-ақ. Осы бағытта зауыттардың лас шығарындыларын айтпағанда, өзіміз күнделікті тізгіндеп жүрген көліктердің түтінінен де айтарлықтай зиянды қалдықтар тарайтынын ұмытпаған ләзім.

Сіз не дейсіз?

Тілекқос СҮЙЕСІНОВ, экология саласының ардагері:

Ауаның ластануы 8 есе артты

– Желмен жарысып, жүйіткіген көліктер айшылық алыс жерлерге жылдам жеткізеді. Десек те, олардан шыққан түтінінің атмосфераға, адам денсаулығына тигізер зияны шаш-етектен. Соның ішінде дизель отынымен жүретін көліктер бензин мен газға қарағанда ауаға екі есе артық лас қалдықтарды шығарады. Бізде дизель отынын тұтынатын көліктер аз емес. Тіпті, Алматы қаласында оның құны арзан деп өңірге тасымалдаушылар жетіп артылалы.

Біз өңірдегі ауа сапасына зертханалық талдау жасап жүрміз. Жуырда Исатай-Махамбет алаңының маңында ауа сапасына зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде қаланың ауасы қалыпты жағдайдан 8 есе лас болды. Бұл аумақта көлік қозғалысы көбірек орын алады. Сонымен қатар, жан-жақтағы зәулім көп қабатты үйлер ауаға тараған лас қалдықтардың бір орынға шоғырланып қалуына себепші. Соған сәйкес, зерттеу  қорытындылары қаланың әрбір бұрышында әрқалай көрсетеді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз