«Өз ағашыңды отырғыз»

Атырауда қасиетті Рамазан айының қарсаңында басталған «Өз ағашыңды отырғыз» атты тал егу акциясы бүгінде жалғасын тауып жатыр.

Осынау игілікті іске, елдік шараға ұйытқы болғандардың қатарында «Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг&Прокьюрмент С.А.Л. ­– Офшор (ССЕР) компаниясы бар.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің болашақ кеңейту жобасы аясындағы үшінші буын зауыты құрылысының бас мердігерлерінің бірінен саналатын кәсіпорынның ұйымдастыруымен тал егу акциясы Атырау қаласы Қайыршақты ауылдық округінің аумағындағы Талғайраң елді мекені мен Жұлдыз шағынауданында жалғасты.

agash

Бұл күні компанияның еріктілер тобы жергілікті тұрғындармен бірлесіп, осындағы негізгі және орта мектептердің ауласына 140 талшыбық отырғызды.  Олардың арасында пирамидальді терек, шағанды үйеңкі, жасыл шаған және қарағаш секілді ағаштардың көшеттері бар. Сол сәтте талдардың түбіне су құйылып, органикалық тыңайтқыштар салынды. Келешекте жас өскіндерді бағып-күту міндетін де компания өз міндетіне алып отыр. Ал, бұған дейін аталған құрылымның  бастамасымен «Атырау­ – Қарабатан» жолына дейінгі аумаққа 500 түп ағаш отырғызылған болатын.

Кәсіпорын елді мекендерді көгалдандырумен қатар, қайырымдылық шараларына да белсенді атсалысып, лайықты үлесін қосып келеді. Мәселен, биылғы «Алғыс айту» күніне орай Жылыой ауданындағы 100 мүмкіндігі шектеулі жан мен аз қамтылған отбасына 10 мың теңгенің азық-түлік сертификатын тапсырса, осындай көмек Атырау қаласының тұрғындарына да көрсетілді. Оған қоса, «Жүректен ­– жүрекке» қоғамдық қорымен бірлесіп, күнелтіс деңгейі төмен отбасы мүшелері мен көп балалы аналардың бір тобын бес түрлі мамандыққа тегін оқытып, тренингтен өткізуді жоспарлаған. Тек өткен жылдың өзінде әлеуметтік салаға 1,4 млрд. теңге қаржы бағытталған.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз