Атырауда  дәстүрлі балық қорғау акциясы басталды

fb img 1626537608056 Экология

          Биылғы 1 сәуірден бастап ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2022» балық қорғау акциясын бастады. Осы жылдың 31-ші мамырына дейін созылатын бұл науқан кезінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын жерлерге қоныс аударуына жағдай жасалып, балық аулау және балықтардың заңсыз айналымына қарсы тұру шаралары жүзеге асырылады. Ауқымды шараның басталуына орай Атырауға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов жұмыс сапарымен келді.

          Комитет төрағасының орынбасары алдымен Жайық-Каспий облысаралық  бассейндік балық шаруашылығы инспекциясында болып, онда  балық        қорғау инспекторлары, құқық қорғау органдары және аумақтық шекара қызметкерлері қатысқан штаб отырысын  өткізді. Басқосу барысында Жайық-Каспий бассейніндегі балықты сақтап қалу мақсатында жүргізілетін жұмыстар, акция өткізудегі ұйымдастырушылық шаралары талқыланды. Сондай-ақ, балық қорғау науқаны кезінде құқық қорғау және қоршаған ортаны қорғау органдарының өзара іс-қимылын үйлестіру штабының құрамы мен іс-шаралар жоспары бекітіліп, қатысты органдардың нақты атқарар жұмыстары пысықталды. Содан кейін күн тәртібінде тұрған осынау маңызды да өзекті мәселеге орай өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында журналистерге арналған брифинг жалғасын тапты.

          – Өздеріңізге мәлім, 2014 жылдан бері республикалық орталық мемлекеттік органдардың қолдауымен жүзеге асырылатын бұл шара еліміздің батыс өңіріндегі үш облыстың аумағында жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Акция аясында браконьерлік, стационарлық және жылжымалы бекеттердің ықтимал көрінісі бар жерлерде мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылады. Каспий теңізінің жағалауы мен су айдынына және Жайық және Қиғаш өзендерінің саға алды кеңістіктеріне негізгі күштерді шоғырландыру көзделуде, өйткені браконьерлік фактілері көбінесе осы жерлерде тіркеледі.  Науқан кезінде балық және балық өнімдерін әуежайларда, вокзалдарда және ірі тасжолдарда республикадан тыс жерлерге шығару қатаң бақылауға алынады. Осы мақсатта акция басталмас бұрын БАҚ өкілдерімен бірге су айдындарындағы стационерлық және жылжымалы бекеттердің жағдайына техникалық тексеру жүргіздік. Нәтижесінде, негізінен алғанда олардың барлығының дерлік акцияны өткізуге дайын екендігіне көз жеткізілді. Бұл жұмыстарға 100-ден астам балық қорғау инспекторы жұмылдырылып, 90-ның үстінде техникалық суда жүзу құралдары  мен 80-ге жуық жерде қозғалу көліктері пайдаланылады. Өңірлерден өзге жерге шығатын күре жолдардың бойына бақылау бекеттері (олардың арасында стационерлық түрлері де бар) орнатылып, өзен жағалауларында мобильді топтар кезекшілікпен жүретін болады, – деді комитет төрағасының орынбасары Аян Бахиянов. 

          Сөз барысында ол бұған дейін Каспий теңізі  маңындағы бес мемлекетке «бекіре тұқымдас балықты коммерциялық мақсатта ауламау» жөнінде мараторий жариялау ұсынылып, көршілес мемлекеттер тарапынан бұл игі бастаманың  бірауыздан қолдау тапқанына тоқталды. Су маржандарын қорғау бағытындағы шаралар бұнымен шектелмей, сол тұста бағалы балықты қорғаудың кешенді жоспары да жасақталған болатын. Осылайша, бүгінде елімізде жыл сайын бірнеше миллиондаған шабақты қолдан өсіру үрдіске енді. Сайып келгенде, мұның өзі  балықтардың табиғи жолмен өсіп-өніп, көбеюіне оң ықпал етіп, септігін тигізгені тәжірибе жүзінде дәлелденді.

     – Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің халыққа Жолдауларында балық шаруашылығының дамуына баса назар аударуды тапсырған  белгілі. Осыған орай Үкімет балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. Осы құжатта балық шаруашылығын мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бағытында түрлі дәрежедегі субсидиялар беру жайы қамтылған. Бұның ішінде жасанды жолмен балық өсіру шараларына жәрдем беру де қарастырылған. Мәселен, Атырау облысы осы бағытта ұзақ мерзімдік өңірлік даму бағдарламасын жасақтады. Ендігі міндет ­– сонда айқындалған межеге қол жеткізу үшін қарекет қылу, – деді республикалық ведомоство өкілі.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз