Тәуелсіз елдің төл теңгесі
15 қараша – Теңге күні. Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан рубль аймағынан шығып, ұлттық валютаны ресми түрде айналымға енгізді. Соның алдында үш күн бұрын Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлық шығарған болатын. Ескі ақшаны теңгеге айырбастау 1993 жылдың 15 қарашасында таңғы сағат 8.00-де басталып, 20 қараша күні сағат 20.00-де аяқталды. Бұл Тәуелсіздікті тұғырлы еткен, абыройды асқақтатқан айрықша сәт еді. Қазір теңге халықаралық қаржы айналысында өзіндік орны бар, экономиканың қозғаушы күші, ұлттық ақша бірлігі ретінде қалыптасып отыр. Әлемдік деңгейдегі қаржыгерлер оны «ең тұрақты, қорғанысы мықты, әрі дизайны ерекше валюта» деп тануда.
Тоқсаныншы жылдардағы дүрбелең жас мемлекетке өз валютасын енгізудің қажеттілігін туғызды. Өйткені, ескі үлгідегі «сабан» ақша республикаға өзен тасқынындай төгілді. Оның бақылаусыз болуы инфляцияның қарқынын күрт күшейтіп, экономиканы тоқыратты. Өндіріс орындары, мекемелер жабылып, халықтың өмір сүру деңгейі төмендеді. Осындай сындарлы сәтте Елбасы болашақты ойлаған қадам жасады.
– Теңге – еліміздің Елтаңбасы, Гимні, Туы секілді аса бағалы, ерекше құнды елдік нышандардың бірі. Ұлттық валютаны ұлықтау – елдігімізді ұлықтаумен пара-пар. Қазіргі күні теңге мемлекеттің қаржылық тәуелсіздігінің символына айналып отыр. Ол дамудың жаңа деңгейіне жол ашып, жаңа нарықтық экономиканың құрылымдарын қалыптастыруды қамтамасыз ете алды. Экономикалық байланыстар үзіліп, өндіріс құлдыраған кезеңде енгізілген ұлттық валюта нақты экономикалық егемендікке қол жеткізуге мүмкіндік берді, — дейді Ұлттық банктің Атырау филиалы директоры Бақыт Когулов.
Мұнайлы өңірде екінші деңгейдегі 20 банктің 21 филиалы жұмыс жасайды. Сондай-ақ, 62 үй жайы, 74 айырбастау бекеті халыққа қызмет көрсетеді. Ұлттық банктің Атырау филиалы директорының баяндауынша, жыл басынан бері аталған филиалдар тұтынушыларға 243,0 млрд. теңге несие берген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда,18,1 пайызға көп. Әсіресе, жеке тұлғалардың сұранысын қамту 140,1 млрд. теңгеге өсіп отыр. Мамандардың пікірінше, шетел валютасымен несие алушылардың саны азайып, керісінше, теңгемен берілген қарыздың көлемі ұлғаюда.
– Банк клиенттерінің ағымдағы шоттарына түскен қаражат көлемі 10 385,3 млрд. теңгені құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстыра көрсеткенде 30 пайызға өскен. Осы жылы жеке тұлғалардың шоттарына 817,1 млрд. теңге сомасында қаражат түскен, яғни, өткен жылғыдан 31,1 пайызға артық, — деді Бақыт Бектұрғанұлы.
Қазір мемлекет шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ерекше көңіл бөлуде. Осының нәтижесінде банктерден қарыз алып, шаруасын дөңгелеткен жандардың қатары көбейді. Мәселен, жыл басынан бері шағын кәсіпкерлік нысандарына 39,2 млрд. теңге несие берілген.
Ұлттық банктің Атырау филиалынан білгеніміздей, қазір депозитті теңгемен ашушылардың қатары күрт артыпты. Валюта нарығында да төл теңгемізге деген сұраныс ерекше. Мамандар мұның себебін әлемде қаншама қаржылық «құйындар» болғанымен, Қазақстан валютасы бағамының тұрақтылығымен байланыстырады.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында тәуекелділікпен жасалған қадам жемісін берді. Банк жүйесін реформалаудың, екінші деңгейдегі банктер қызметін халықаралық стандарттарына көшірудің нәтижесінде зор табысқа қол жетті. Бастысы, теңге шын мәнінде Тәуелсіздіктің тірегіне айналып отыр.
Азамат Базарбаев