«АТЫРАУ» – БЕСІНШІ ОРЫНДА!

Тағы бір маусым аяқталды. Өз алаңында соңғы ойынын павлодарлық «Ертіспен» өткізген «Атырау» командасы маусымды жеңіспен қорытындылап, турнирлік кестеде бесінші орынға ие болды. 

 

Бұл ойын қос команданың да тағдырын шешетін болды. Өйткені, екі командаға да бесінші орынды иемдену үшін жеңіс ауадай қажет еді. Сондықтан, алаң иелері ойынның бірінші минутынан-ақ, басымдық көрсетуге тырысты. Осындай бір сәтте Владимир Аржанов допты бос қақпаға теуіп, павлодарлық қорғаушы Григорий Сартаков командасын қорғап қалды.

Қонақтар қарсы шабуылға тырысып баққанымен, бұл күні оларға сәттілік серік болмады. Ойынның 39-ыншы минутында «Атырау» сол жақ қапталдан шабуылға шығып, Мақсат Байжанов павлодарлық қақпашы Давид Лорияның осал тұсын оп-оңай таба білді. Есеп – 1:0.

Екінші таймда да қонақтар есепті теңестіруге бар күш-жігерлерін салып, алға ұмтылғанымен, діттеген мақсаттарына жете алмады.

Ойын соңына қарай алаңға шыққан Иван Иванович он бір метрлік айып добын еншіледі. Нүктеге келген командамыздың капитаны Стефан Эссаме гол салған болатын, алайда, төреші бұл голды ескермей қойды. Себеп – ойыншылар айып алаңына уақыттан бұрын кіріп кеткендігі. Ал, екінші мүмкіндікті капитан пайдалана алмады, доп қақпа маңынан сырғып өтті.

            Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз