Жарнама
Экономика

ӨНЕРКӘСІПТІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙДІ

 

Арнайы экономикалық аймақ: келешек кепілі

Үкімет мүшелері алдымен «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» жобаларымен танысты. Белгілі болғандай, арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы  3 475,6 гектарды құрайды. Оның ішінде 618,7 гектары жобаларға, 2 952 гектары инфрақұрылымға бөлінген. Арнайы экономикалық аймаққа отызға тарта қатысушы ниет білдірген. Сөйтіп, күні бүгінде бес жоба іске асырылу сатысында. Осынау жобаларға 110,6 млрд.теңге инвестиция салынып отыр.

«Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркінде» қуаты 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін интеграцияланған  газ-химия кешені орналасады. Құны 2,6 млрд. АҚШ долларын құрайтын жоба іске қосылған кезде 548 маман жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Ал, құрылыс жұмыстарына 4700 адам тартылмақ. Жобаның техникалық экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттарын бекіту ағымдағы жылдың екінші тоқсанына жоспарланған. Бас мердігер таңдалғаннан кейін құрылыс қарқын алып, зауыт 2018 жылдың соңында пайдалануға берілмек.    

Осы кешен аясында полиэтилен (жылына 400 мың тонна-авт.) шығаратын зауыт жобасы 5,12 млрд. АҚШ долларын құрайды. Зауыт  2019 жылдан бастап алғашқы өнімін бере бастайды.  

Сондай-ақ, технопаркте жылына 250 мың тонна бутадиен мен синтетикалық каучук шығаратын зауыт салынбақшы. Ол салынған кезде бір мыңға тарта жан жұмыспен қамтылмақ. Құны 1,6 млрд. АҚШ доллары тұратын жоба құрылысы келесі жылдың үшінші тоқсанында басталады. 

Сапалы  өнім – сенімді табыс  көзі

Полиэтиленді пленкалар мен полипропилен қаптарын өндіретін «Полимер Продакшн» ЖШС-нің зауыт құрылысы арнайы экономикалық аймақта жүргізіліп жатыр. «Индустрияландыру картасына» енгізілген жобаның өндірісі іске қосылған жағдайда 300-ден астам жұмыс орны ашылып,  өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Кәсіпорын орама өндірісі үшін қолданылатын полимерлі пленкалар шығаратын болады. Өнімнің 60%-дан астамын биаксиальды – бағдарланған полипропилен пленкасын құрайды. Пленканың осынау түрі көп таралғанмен, елімізде бірде-бір компания мұндай өнім шығармаған. Олар күні бүгінде Түркия, Қытай, Ресей, Ираннан әкелінуде. Атап айтарлығы, зауыттың барлық өнімін екінші рет қайта өңдеуге болады. Болашақта кәсіпорын сондай-ақ, био шіритін полимерлік ораманы өндіруді жоспарлап отыр. Кейбір елдерде кәдімгі пластик пакеттерін қолдануға тыйым салынған.

«Полимер Продакшн» ЖШС бас директоры Ғабит Зәкәрияның айтуынша, полипропиленді қаптардың сапасы да жоғары болмақ. 

Бұрғылау  қашаулары – өзімізден

Телекөпір кезінде мемлекет басшысының өзі іске қосып, сәттілік тілеген «Жігермұнайсервис» ЖШС күні бүгін өндірісте де, қызмет көрсетуде де табысты еңбек етіп жатқан жайы бар. Аталған серіктестік бас директорының орынбасары Александр Яковлевтың сөзіне қарағанда, 100 пайыз қазақстандық компания 150-ге тарта өнім түрлерін шығарады. 

— Өткен жылдан бастап компаниямыз импорттық өнімдерден кем түспейтін бұрғылау қашауларын өндіріп жатыр. Былтырдың өзінде үш жүз бірлік қашау шығардық. Бірақ, өніміміздің сапасы жағынан өзгелерден кем түспесе де, бағасы 30-40 пайызға арзанырақ. Әлемде орын алған экономикалық қиындықтарға қарамастан бес-алты жүздей бұрғылау қашауларын өндіру жоспарымызда бар. Сондай-ақ, енді өнімдерді ТМД елдеріне экспорттамақ ойымыз бар. Зауыт өндіретін өнімдер қатарында қашаулар  мен бұрғылау қондырғыларының қосымша бөлшектері және тағы басқалары жетіп артылады. Шикізат пен бөлшектер сатып алуда шетелдегі бірнеше компаниямен келісімге келдік. Сондықтан болар, «ҚазМұнайГаз» секілді алпауыт компаниялардан бастап Қазақстанның өзінде 180-ге тарта тапсырыс берушіміз бар. Біз бірнеше сервистік қызмет түрлерін көрсетеміз,-деген А.Яковлев бұрғылау компанияларына сервистік қызмет көрсетуде жемісті жұмыс істеп жатқандықтарын жеткізді. Сонымен қатар, компания өткен жылы украиналық компаниямен бірлесіп Қазақстанда алғашқылардың бірі болып бес мыңнан астам тереңдіктегі ұңғыларды қазатын ауыр типті бұрғылау қондырғыларын жинауды қолға алды. Биыл нарықта сұранысқа ие бұл қондырғы наурыз айында тапсырыс берушіге жеткізіліп, жұмыс істей бастайды. Экспорт ауқымы туралы сауалымызға «Жігермұнайсервис» ЖШС-і бас директорының орынбасары әзірге сыртқа шығарылатын өнім көлемі аз екенін, келешекте оны көбейтуге жұмыстанатынын айтты.  

Алыптың  қайта  түлеуі

Ведомоство басшылары бастаған топ алып өндіріс орны – Атырау мұнай өңдеу зауытында болды. Зауыт басшылығы түсіндіргеніндей, бүгінде  жаңғырту жұмыстары жалғасын табуда. Екінші кезеңнің ауқымында 2010 жылдың қазан айында хош иісті көмірсутек өндіру кешені іске қосылған. Ал, қайта жарақтандырудың үшінші кезеңі – мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы. Қазірдің өзінде мұнда ауқымды шаралар жүзеге асып үлгерген. Кешен 2016 жылға қарай іске қосылады деп жоспарлануда. Оның нәтижесінде, еліміздің ішкі нарығындағы жоғары октан жанармайы мен авиаотын тапшылығы жойылады деген сенім бар. Осылайша, Атырау мұнай өңдеу зауыты заманның ырғағымен тәуелсіз мемлекеттің жанар-жағармайға деген сұранысын қамтамасыз етуге өз үлесін қосары сөзсіз.

 

Біріккен  істе береке  бар

Бұдан кейін арнайы топ еліміздің мұнай-газ саласындағы жабдықтарды және оның қосалқы бөлшектерін шығару мен қызмет көрсетуде тәжірибесі бар мамандандырылған кәсіпорындардың бірегейі «Атыраумұнаймаш» ЖШС-ін аралады. Бүгінгі таңда компания мұнай-газ жабдықтарын жобалау, дайындау және жөндеу бойынша толық қызмет түрін көрсетуге арналған айтарлықтай өндірістік қуатқа ие. Зауыттың соңғы өнімдерімен танысқаннан кейін ірі кәсіпорын басшылары Үкімет мүшелерімен жүздесіп, шешімін күткен мәселелерін ортаға салды.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев мұнайлы өңір индустрияландырудың бірінші бесжылдығын жақсы көрсеткіштермен аяқтағанын атап өтті. Ағымдағы жылы 11 жоба іске қосылып, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал, келесі жылы газ-химия кешенінде полиэтилен мен полипропилен шығаратын зауыт құрылысы басталады. Сондай-ақ, Ғұмар Ислямұлы алдағы уақытта көмірсутегі қышқылы мен синтетика  өндірісі қолға алынатынынан хабардар етті.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов алғашқы бесжылдықта Атырау облысының көрсеткіштері шынымен де көңіл қуантарлық екенін атап көрсетті. Оның баяндауынша, облыста еңбек өнімділігі ауқымы мен өңдеу саласындағы негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі үш есеге өскен. Салынған инвестициялар ауқымы артқан. Бұл болашақта да индустрияландыруда үлкен рөл атқарады.

— Екінші бесжылдықтың негізі қаланғанын байқадық. Экономиканың басым секторлары мұнайлы өлкеде де қамтылған. Барлық жұмыс кесте бойынша жүріп жатқанының куәсі болдық. Елбасы мұндай қиын кезеңде инвесторлар тарту бағытында маңызды қадамдар жасағанын білесіздер. Яғни, олар төленетін кейбір салық түрлерінен 10 жылға дейінгі мерзімде босатылады. Сонымен қатар, біз ұлттық және мемлекеттік компаниялардан ұзақмерзімді сатып алуларға көмектесетін боламыз. Кейбір елдер инвесторларына визасыз режим қарастырылған. Мемлекеттік органдар арасында туындайтын мәселелерді шешуге омбусдмен көмегі арқылы шешуге жәрдемдесеміз. Ал, орта бизнеске қаржылай қолдау да бар. «Атыраунефтемаш» ЖШС осынау көмек түрін қолдана алады. Біз тек ішкі нарықта ғана емес, экспортта да кәсіпорындарға қол ұшын беруге әзірміз, – деді Ә.Исекешов.

Энергетика министрі Владимир Школьник елімізден экспортталып отырған басты өніміміз – мұнай бағасы түсіп кеткенмен, бірлескен істің арқасында жұмыс бір жолға қойылғанын жеткізді. Ведомоство басшысының айтуынша, еліміздегі бизнестің барлығы дерлік жер қойнауымен тығыз байланысты. Ендігі міндет – өзіміз үшін өнім шығару. Бұл бағытта тауардың құнына назар аудару қажет. Сол себепті, кәсіпорындар отандық өнім өндіруде, қазақстандық мазмұнды арттыруда бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Кездесуде ірі кәсіпорын басшылары мәселелерін атап айтты. Мәселен, «БатысАльянсСтрой» ЖШС бас директоры Әділ Жұбанов аймаққа құрылыс материалдарының кейбір түрлері өзге облыстан әкелінгендіктен, өнім бағасына да әсерін тигізбей қоймайтынын жасырмады.

— Тұрғын үй комбинаты «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасына енген. Біз құрылысқа қажетті цемент, қиыршық тас өңірімізден шықпайтын болғандықтан, көршілес аймақтардан аламыз. Тек су ғана өзімізден. Өзге облыстан алған шикізатты араластырамыз. Негізі, бағдарламада пайдалануға берілетін тұрғын үйдің бір шаршы метрі 150 мың теңгеден аспауы тиіс делінген. Алайда, соңында барлығын есептеп келгенде бір шаршы метр құны 200 мың теңгеден бір-ақ шығады. Сондықтан, темір жол тасымалына жеңілдік қарастырылып, баға сараланып отырса, бізге көмек болар еді,-деп пікірін білдірді кәсіпкер.

Айбөпе САБЫРОВА.

P.S. Кейін Үкімет мүшелері бастаған топ Атырау облысы өнім өндірушілерінің көрмесіне және жергілікті қамтуды  дамыту жөніндегі форумға қатысты. Осы шара аясында ірі жүйе қалыптастырушы кәсіпорындар мен жергілікті тауар өндіруші компаниялар басшылары өзара келісімге келіп, бірқатар меморандумдарға қол қойды.

Бұдан соң облыстық әкімдікте геология жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Бұл шаралар туралы толық ақпаратты газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button