«ЕРТЕГІДЕГІ» ЕРЕКШЕ СӘТТЕР

«Бауырсақ», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ер Төстік» пен «Күн астындағы Күнікей қыз», «Толағай», «Ұр тоқпақ»... Бала кезімізде жадымызда жатталып қалған осынау аңыз-ертегілер әрбір жанның тұлға болып қалыптасуына өз үлесін қосатыны баяғыда-ақ дәлелденген. Сондықтан да шығар, тәрбиедегі олқылық мәселесіне келгенде әжелеріміздің немересіне ертегі айтып бере алмауы жиі ауызға алынады. Өкінішке қарай, бүгінгі ұрпақ батырларды айтпағанның өзінде қазақы аңыз кейіпкерлерін емес, Спайдермен мен Спанж Бобты жақсы таниды. Осынау кемшілікті түзетуге аз да болса қолұшын бермек мақсатта қосымша білім беру қызметі бойынша Олег Козедуб Атырауда балалардың мәдени орталығын ашты.

«Жаз бойы үйіміздің жанындағы жапсаржайда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Байқап қарасақ, ішіне әкелініп жатқан ағаштарда шек жоқ. Бастапқыда монша салынып жатқан болар деп ойладық. Кейін білдік. Балалар орталығы екен…»,-деді «Ертегіге» қарай немересін ерте кірген көршісі, Сәтбаев көшесіндегі №25-үйдің тұрғыны…
Алдымен тілдесіп алған әлгі әңгімелесушіміздің айтқаны рас екен. Шынымен де, біз «Ертегі әлеміне» енгендей әсер алдық. Бір бөлмеде Сарайшықтағы «Алтын қайық» туралы аңыз тыңдауға мүмкіндік туса, келесісінің төрінде киіз үй құрылып, барлық құрал-жабдығымен қонақ көрпесі жайылып тұр. Орыс халқының ұлттық ертегілерінен сыр шертетін кейіпкерлер де жетіп артылады. Бәрі сондай шынайы… Ағаштың жапырақтары, алтын сақтайтын сандықтар – барлығы да «Ертегіде» өз орнын тапқан. Бір қызығы, бүгінгі таңда теледидар арналарынан үзбестен көрсетіліп жатқан «Саяхатшы Дара», «Диего», «Маша және Аю», «Наруто» секілді шетелдік мультфильмдердің кейіпкерлері тіптен жоқ.
– Біздің мақсатымыз да сол болатын,-деп бастады әңгімесін орталықтың негізін қалаушы Олег Козедуб,- ойымызды жүзеге асырмақ ниетпен Атырау облыстық индустриалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиеваға жолығып, жоспарымызды айттық. Ол ісімізді толықтай қолдады. «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегін алдық. Ерекше ертегі мұражайын ашуға «Халық банкі» несие берді. Өткен жылдың ақпан айында жобасын, кейін дизайнын жасадық. Ертегілердің қайсысының кейіпкерлерін көрсетсек деп ойладық. Сосын балаларымыздың киіз үй неден құралатындығы туралы ұмыта бастағандығы ойымыздан кетпеді. Біртіндеп атыраулық суретшілерді, артынан педагогтарды тарта бастадық.
Қосымша білім беру қызмет түрі болғандықтан, тәлім-тәрбиеде мұғалімдердің алатын орны ерекше екені белгілі. Бұл ретте жеке кәсіпкер тәжірибелі мамандардың көмегіне жүгінген. Сауатты педагогтар балаларға шығыс, славян, еуропа ертегілері мен халқы туралы аңыз-әңгімелер айтып береді. Тыңдаушылармен қазақ және орыс тілдерінде еркін тілдесу арқылы бүлдіршіндер жақсылық пен жамандықты, өзін ортада ұстау қағидаларын үйренеді. Сол себепті, қалалық білім беру бөлімі де осындай интерактивті мұражайдың ашылуына көмегін тигізген.
– Балалар әйгілі орыс ертегілеріндегі кәдімгі үйшіктің ішіндегі пештің қасында отырып, мыстан кемпірмен сөйлесе алады. Орталықтың негізгі жұмыс жасау бағыты театрландырылған экскурсияға құрылған. Ойнай жүріп бүлдіршіндер әр халықтың мәдениетімен танысады, шағын спектакльдерде рөлдерді сомдайды. Осылайша, балалардың тарих пен әдебиетке қызығушылығы оянады деп сенемін. Мереке мен туған күндер де назардан тыс қалмайды. Сонымен қатар, келушілер қолөнер бұйымдарын жасауға дағдыланады. Меніңше, бұл – мектеп жасына дейінгі бала және оқушылардың ата-аналары үшін кәсіби педагогикалық кеңестің бір түрі,-дейді Олег Козедубтың жары, әрі орталықтың басқарушы директоры Людмила Владимировна.
Айта кетсек, орыс және қазақ тілдерінде 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге «Қардан соғылған бауырсақ», 6-12 жастағыларға «Изумруд қаласындағы Элли және оның достарының жаңа жылдық бастан кешкен оқиғалары», 4-12 жастағыларға «Ертегіге қонаққа барғанда», 12 жастан жоғары балаларға «Лукомрьяда…» қойылымдары (бір жарым сағаттық бағдарлама-авт.) ұсынылады. Сондай-ақ, қолөнер, би сыныптары, терімен жұмыс істеу үйірмелеріне алдын ала жазылуға болады. Туған күнге арналған кештер де жетерлік.
Орталық толықтай ресми түрде ашылмағанмен, несиеге қаражат алғандықтан табыс табу мақсатында жұмысын бастап кетіпті. Жаңа жылға дейін жүзге тарта бүлдіршін келіп, «Ертегінің» ғажайыптарын тамашалап үлгерген. Қалада орналасқан орталықта мұндай бағдарламалар күніне 3-4 рет өткізіліп тұрады екен. Билет бағасын біліп, балалар мәдени орталығын қызықтағысы келгендердің 21-53-84 телефонына хабарласуына болады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз