ГЕОСАЯСИ ШИЕЛЕНІСТІҢ САЛДАРЫ ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫН ДА АЙНАЛЫП ӨТПЕГЕНІ БЕЛГІЛІ. ӘСІРЕСЕ, ОСЫДАН БІРНЕШЕ АЙ БҰРЫН КӨРШІ МЕМЛЕКЕТТЕГІ ҚАТТЫ ДАУЫЛДЫҢ КЕСІРІНЕН ҚҰБЫРЛАРДЫҢ ІСТЕН ШЫҒУЫ КӨПТІҢ КӨҢІЛІНЕ КҮДІК ҰЯЛАТА БАСТАДЫ. ТАБИҒАТТЫҢ ТОСЫН МІНЕЗІ ДЕ БОЛАР, БІРАҚ, СЫРТҚЫ НАРЫҚҚА ШЫҒАТЫН «ҚАРА АЛТЫННЫҢ» 80 ПАЙЫЗЫ ОСЫ НОВОРОССИЙСК ПОРТЫ АРҚЫЛЫ ЭКСПОРТТАЛАТЫНДЫҚТАН ҚАУІП ТЕ СЕЙІЛЕ ҚОЙМАДЫ. СОНДЫҚТАН, МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ МҰНАЙ ЖЕТКІЗУДІ ӘРТАРАПТАНДЫРУДЫ ТАПСЫРҒАН ЕДІ. ЯҒНИ, ТРАНСКАСПИЙ БАҒДАРЫН БАСЫМ БАҒЫТҚА АЙНАЛДЫРЫП, ЖАҢА МАРШРУТТАРДЫ ДАМЫТУДЫ ЖҮКТЕГЕН БОЛАТЫН.
Бүгінде елімізде өткір тұрған проблемалардың бірі – уақытша жабылып жатқан бағыттарға балама жол іздеу болып отыр. Өйткені, көмірсутегі шикізатын тұтынушыға кідіріссіз жеткізу – басты міндет. Ал, мұнай тасымалының уақытша болса да тоқтап қалуы отандық экономикаға айтарлықтай соққы тигізетіні сөзсіз. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше ай бұрын көрші елдегі қатты дауылдан теңіз астындағы құбыр желілері істен шығып, екі айлақ жөндеуден өткен еді. Оның өзі де оңайлықпен келмей, шетел кейбір қондырғыларды жеткізуден бас тартып, біраз уақыттан кейін ғана амалы табылған болатын. Сол кезден-ақ елімізде «қара алтын» экспортына балама жол қарастыру жайы қозғалды. Республика Энергетика министрі Болат Ақшолақов оқыс оқиға кезінде мұнай жеткізуді бірден басқа арнаға ауыстыру мүмкін еместігін атап көрсеткен еді.
– Біріншіден, Атыраудан Ресейдің Самара қаласына дейін баратын мұнай құбыры бар. Ол Ресей жүйесіне қосылып, Қара теңіз бен Балтық теңізіне дейін жетеді. Сол құбыр арқылы 6,5-7 миллион тоннаға дейін қосымша мұнай жіберуге болады. Бірақ, оның сапасы өзгереді. Бұрын біз консорциум арқылы «CPC Blend» деген сапа стандартының мұнайын тасымалдасақ, Атырау[1]Самара арқылы ол «Urals» стандартты мұнай болып шығады, — деді ол.
Ведомство басшысының айтуынша, Ақтау теңіз портының қуаттылығы да бұрынғыдай емес екен. Бұрын ол 12 миллион тоннаға дейін кеңейтілгенмен, қазір шектеулі. Бұл порт арқылы тек 5 млн. тоннаға дейін мұнай тасымалдауға мүмкіндік бар көрінеді. Əрі қарай Баку арқылы Қара теңізге дейін жеткізуге болады. Одан əрі қарай тұтынушыларға кемемен ғана жеткізіледі. Ал, теміржолмен тасымалдауға вагондар саны аз болып тұр.
«Теміржол қатынасын ішкі нарықта пайдаланатындықтан, тек Теңіз портына ғана жеткізуге мүмкіндігіміз бар», — деген Болат Ақшолақов Атасу-Алашанькоу маршрутының əлеуеті де шектеулі екендігін жасырған жоқ.
Себебі, Ресеймен арада бекітілген келісім-шарттар бар. Атасудан Алашанькоуға дейін баратын құбырдың қуаттылығы 20 млн. тоннаға жеткенмен, қазір тасымалданатын 11,5 миллион тонна мұнайдың 10 миллион тоннасы – көрші елдің транзиттік шикізаты. Қалған 1,5-2 миллион тонна – өзіміздің мұнай. Ал, Алашанькоу бойынша өткен жылдары рейверс жұмыстары жасалған болатын. Яғни, бұрын Ақтөбе облысынан Атырауға дейінгі құбыр рейверс арқылы Атыраудан Кеңқияққа дейін бағытын бұрған. Ішкі нарықта мұнай тасымалдауға арналған құбырдың қуаттылығы — 6 млн. тонна.
Қалай болған күнде де, бізге əзірге тиімді бағыт – «Каспий Құбыр Консорциумы». Былтыр «Каспий құбыр консорциумынан» 585 танкер тиелген. Кейбір елдерді қоспағанның өзінде Италияға 213, Францияға 39, Америка Құрама Штаттарына 26, Испанияға 41 танкер жөнелтілген. Консорциумның бас директоры Николай Горбанның айтуынша, былтыр «КҚК» теңіз терминалына тиелген 60,7 тонна мұнайдың 53 млн. тоннасын қазақстандықтар жіберіпті. 7,6 тонна Ресей аумағынан тасымалданған. Бұл құбыр желісі арқылы негізінен Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарынан өндірілген шикізат экспортталады. Осыдан үш жыл бұрын консорциумтар желілерді кеңейту бағдарламасын іске асыра бастаған еді. Ол мұнайды тасымалдау қарқынын арттырып, құрылғылардың қуатын күшейтуге мүмкіндік бермек. Бұл жұмыстар аяқталған соң консорциум біздің елден жылына 72,5 млн. тонна мұнайды сыртқы нарыққа жеткізе алады.
Ал, үйкеліске қарсы қоспалар қосса, ресейліктердің шикізатын қоса алғанда жылына 83 млн. тонна мұнай айдау жоспарланып отыр. Былтыр консорциумның теңіз терминалында 60,7 млн. тонна мұнай тиелген. Бұл 2020 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 3 пайызға артық. Негізі, өткен жылдың желтоқсан айы нəтижелі деп саналады. Себебі, осы кезде теңіз кемелерінің сыйымдылығы 6,2 млн. тоннадан асып кеткен екен. Десек те, геосаяси жағдай мемлекеттің негізгі экспорттық тауары – мұнайдың бағытын əртараптандыруды ұдайы жалғастыра беру керектігін тағы да еске түсірді. Жуырда консорциумда тағы бір жағдай орын алды. Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары Виктория Абрамченконың тапсырмасы бойынша «КҚК-Р» АҚ-на қарасты қауіпті өндірістік нысандардың техникалық жай-күйін бағалау жəне оларды пайдалану кезінде экологиялық талаптардың сақталуын бақылау жүктелді. Нəтижесінде, Оңтүстік Ространснадзор UMRN бастығының шешімімен 28 сəуірде «КТК-Р» АҚ-ға көшпелі тексеру жүргізу туралы шешім қабылданған еді. Жоспардан тыс тексеру 6 мамырда өтіп, қорытындысында мұнайдың апаттық төгілуін жою жоспары бойынша бірнеше құжаттамалық бұзушылықтар анықталғаны белгілі болды. Консорциумға бұл кемшіліктерді 30 қарашаға дейін жоюға тапсырма берілді.
Сонымен қатар, маусым айында Новороссийск желілік бөлімі əкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасаған. Бұл тараптың айтуынша, «КҚК-Р» АҚ «лицензияда көзделген шарттарды өрескел бұза отырып, көлік саласындағы кəсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны» үшін іс сотқа жолданған. Ұйғарымның орындалу мерзімі қараша айында аяқталатынына қарамастан, құзырлы органдар Новороссийск қаласының Приморск аудандық сотына акционерлік қоғамның қызметін 90 күнге тоқтата тұру туралы өтінішпен жүгінген. Сот қаулысымен «КҚК-Р» АҚ-на қызметін 30 тəулікке əкімшілік тоқтата тұру түріндегі жаза тағайындалды.
Ал, «Каспий Құбыр Консорциумы» Ресей Федерациясының құқықтық алаңы аясында жұмыс істейтін болғандықтан, сот шешімін орындауға мəжбүр. 6 шілде күні «Каспий Құбыр Консорциумы» Новороссийск қаласының Приморск аудандық сотына шешімнің орындалуын тоқтата тұру туралы өтініш жібергені белгілі болды. Онда Каспий Құбыр Консорциумының үздіксіз циклді кəсіпорын екені, оның қызметін тоқтату өндірістік процесс үшін қайтымсыз зардаптарға əкелетіні айтылған. Демек, қол қусырып, ғажайыпты көктен тілеп отыруға уақыт жоқ. Біздің ел қалай еткенде де тасымалға тосқауыл жасамауы тиіс.
Ақордада өткен транзиттік əлеуетті дамыту жөніндегі жиында мемлекет басшысы: «Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау əлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін», — деген еді. Сондай-ақ, ел президенті Транскаспий бағдарын басым бағыт ретінде қарастыруды атап өтті. – «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасы инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ жəне Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет, — деді Қасым[1]Жомарт Тоқаев.
Шын мəнінде, біздің қоғам да ««Каспий Құбыр Консорциумының» орнын алмастыру үшін не істеу қажет? деген сұраққа жауап күтетіні жасырын емес. Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, дəл бүгін «КҚК»-ға балама бола алатын бағыт жоқ.
– Қазіргі мүмкіндік 1-1,5 млн. тонна тасымалдауға жетеді. 2020-2021 жылдары біз Ақтау портыннан тек 2 млн. тонна мұнай жібердік. Осы көктемде «Теңізшевройл» компаниясы екі айда темір жол арқылы 500 мың тоннаны жөнелтті. Бюджет мұнайға, ал мұнай сапасы технологияның үздіксіз жұмыс істеп тұруына тəуелді. Технологияны тоқтатса, мұнай қоймалжыңға айналып, сапасы төмендейді, — дейді Н.Жұмағұлов.
Бүгінде компаниялар «қара алтынды» 2 5 АҚШ долларынан сатады. Ал,əлемдік нарықтағы баға 100 доллардан асып кеткен. Арадағы айырмашылығы экспорттан түскен пайданың есебінен жабылып келген.
– Біздің ел Əзербайжанмен жеткізілім көлемі мен тариф бойынша нақты келісімдерге қол жеткізуі қажет. Менің білуімше, Əзербайжан тарапы қазақстандық мұнайды өз шарттарымен қабылдауға келіседі, — дейді сарапшы.
Ол қазақ мұнайын «Баку – Тбилиси – Джейхан» құбыры арқылы айдауда проблемалар бар екенін де жасырмайды. Себебі, бұл құбыр желісі біздің мұнаймен салыстырғанда жеңіл жəне «Brent» маркалы «қара алтынмен» салыстырғанда қымбаттырақ «Azeri Light» мұнайына бейімделген. Егер Теңіз бен Қашағанның күкіртті жəне ауыр мұнайы түсетін болса, онда БТД акционерлері мұнай сапасының төмендеуіне байланысты кірістерін жоғалтпау үшін айдау тарифін көтеруі ғажап емес. Сарапшының пікірінше, бірінші кезекте мəселе танкерлерге байланысты болып тұр. Оларды жалға алу арқылы мəселе шешілген күннің өзінде паромдар да тапшы.
Бүгінде бір паром 54 теміржол контейнерін ғана сыйғыза алады. Осы мəселелер шешімін тапса, Ақтау жүк қабыл дап-жөнелтетін халықаралық алып хабқа айналады. Н.Жұмағұловтың баяндауынша, Қашаған мұнайының иелері «CNPC» мен «KMG Kashagan B.V.» биылғы қазаннан бастап, қара алтынды Ақтау порты арқылы жөнелтуді ойлап отыр. Техникалық мамандарының делега циялары Ақтау айлағына барып қайт қан. Келіссөздерде отандық порт арқы лы қашағандық мұнайдың алғашқы пар тиясы қазанда əлемге жол тартатыны ай тылған. Əзірге көлемі жəне əрі қарайғы бағдардың жайы пысықталып жатыр. Біздің ел үшін келешегінен үміт күттіретін бағыт – Қазақстанның Ақтау порты арқылы мұнай тасымалын көбейту. Бұл желі бойынша Қазақстан «Баку – Тбилиси – Джейхан» құбырына жеткізілген мұнайды бұрыннан тасымалдап жүр. Егер порттың өткізу мүмкіндіктерін кеңейтсек, бұл бағыт та альтернативті бағыттардың біріне айналуы мүмкін. Қосымша тағы бір мүмкіндік – Иран арқылы тасымалдау.
– Қазақстан мұнайын Иран өзі алып, орнына Парсы шығанағынан өз «қара алтынын» экспорттау мүмкіндігіне ие болуға болады. Бұл бағыттың өзі əлемдік нарыққа энергетика ресурстарын тасымалдауға мүмкіндік береді. Бірақ, бұл жерде де қитұрқы мəселе бар. Біріншіден, Кавказ – өте тұрақсыз аймақ. Таулы Карабах мəселесіне əлі нүкте қойылған жоқ. Ресей мен Грузия қатынастары мəз емес. Абхазия мен Оңтүстік Осетияның шешілмеген мəселелері – соның көрінісі. Əрине, бұл «Баку – Тбилиси – Джейхан» жобасы жұмыс істемейді деген сөз емес. Бұл жоба осыған дейін де өзінің тиімділігін көрсеткен маңызды жоба болды. Бүгінгі таңда бұл бағыт басты көлік құралдары – теңіз жəне теміржол арқылы өзара сауданың деңгейін тұрақты өсіріп отырса, болашақта құбырлар мен тасжолдың мүмкіндіктері арқылы тауар айналымы еселеп артып, Жібек жолының толық қалпына келтіруге болатындығы сөзсіз, — дейді экономист сарапшы Шыңғыс Ергөбек.
Жасыратыны жоқ, бұған көп уақыт пен қаржы керек. Бірақ, біздің ел экспортты əртараптандырудың ең тиімді маршруттарының бірі ретінде осы бағытта да назардан тыс қалдырмауы қажет. Бүгінде жоба Қытай мен Еуропаны жалғастырушы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Екіншіден, бұл еліміздің транзиттік əлеуетін еселеп өсіретін маңызды жоба болмақшы.
Р.S.:
РАС, КЕЗ-КЕЛГЕН ЖОБАҒА, ЖАҢА БАСТАМАЛАРҒА ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫ ҚАЖЕТ. БІРАҚ, ТӘУЕЛСІЗДІК АҚШАМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ. ЕЛІМІЗДІҢ КЕЛЕШЕГІ ДЕ ОСЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУМЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ БОЛЫП ТҰР. ЕҢ БАСТЫСЫ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН ТӨТЕ ЖОЛДАРДЫ ҚАЗІРДЕН БАСТАП ТАУЫП, ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ КЕРЕК. ӘЙТПЕСЕ, ОНСЫЗ ДА БАСҚА ТАУАРЛАРЫМЫЗДЫ КӨРШІНІҢ КӨҢІЛІНЕ, ШЕТЕЛДІҢ ҚАС-ҚАБАҒЫНА ҚАРАЙ ИІЛІП АЛЫП ОТЫРҒАНДА ӨЗ ШИКІЗАТЫМЫЗДЫ ӨЗІМІЗ СЫРТҚА ШЫҒАРА АЛМАЙ ҚАЛАТЫНЫМЫЗ ӨКІНІШТІ. СІЗ БҰҒАН НЕ ДЕЙСІЗ?
Айбөпе САБЫРОВА