0 28 1

COVID-19: КЕСЕЛДІҢ КЕСІРІ

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар СарапTime

Atr.kz/27 қазан, 2020 жыл. Қасқырдан үріккен қойдай әлемді дүрліктіріп қойған белгісіз «тентек» тозаң әлі күнге айылын жимастан адамзатпен жасырынбақ ойнап жүр. Осалдарды оңдырмайтын жойқын соққысымен қарсы келгенді қоғадай жапырып, бірде Еуропа төрінде тайраңдап жүрсе, әп-сәтте кіндік Азияға жетіпті деген жағымсыз хабар дүңк ете қалады. «Көршінің келіні коронави­рус жұқтырыпты» деген сияқты ұзынқұлақтың әңгімелері де сымсыз теле­фон арқылы лезде жалғасып жүре береді. Әлемдік БАҚ құралдарының да құлақтары түрік. Өйткені, қазір адамзатты қатерлі апаттан сақтап қалу ең өзекті мәселеге айналып отыр. Араларында «дертке дауа табылды де­ген сүйінші хабарды кім бірінші жеткізеді?» деген бәсекелестік те жоқ емес. Демек, көзге көрінбейтін ортақ жаумен бірлесе күресу – уақыт талабы.

 Бейғам тіршілік иелеріне ескер­ту жасағандай «ұрланып» келіп улы демін ауа қабаттарына бір бүркіп жіберіп, әліптің артын баққан кесірлі коронавирустың адамзатқа сыйлайтын «сыбағасы» әлі де аз емес көрінеді. Бес қаруын асынып, аттандап келген жауға қарсы жалаң қылышпен шапқан жанкештілердей қапелімде абдырап қалған құзырлы орындар есеңгіреп ба­рып, ес жиды. Әрине, шұғыл шешім, жедел іс-қимылдың нәтижесінде тажалға тосқауыл қойылды. Соның өзінде жоғалтқанымыз аз емес. Ойда-жоқта туған бауырынан, ата-анасынан, сүйікті жарынан айырылып, аңырап қалғандар қаншама? Сүреңсіз статистикаға көз жүгіртсең, көңіл құлазиды.

Азуын айға білеген небір мемлекеттік қауіпсіздік, қорғаныс қабілеті мықты де­ген алпауыт елдердің өзі тажалға қарсы тырп ете алмай, дәрменсіздік танытып, пұшайман күй кешті. Саяси жауырын­шылар да қарап қалмай, сәуегейлік ай­тып, «бұл дегеніңіз бәсекелес елдердің бір-бірін экономикалық тығырыққа тіреп, өзгелерді уысында ұст ау мақсатындағы текетіресі, кезекті саяси ойын» деп ұшқары пікір айтқандары да болды. Экраннан түспеген экстрасен­стер де «коронавирустан Қазақстанға келер қауіп жоқ, бола қалған жағдайда да оның зардаптарын оңай еңсереді» деп беттері бүлк етпей, сеніммен айт­ты. Халқымызда «жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл сөз бар. Бұл да болса, көңілге медеу. Өкінішке орай, уақыт өте келе елдегі эпидемиологиялық жағдай күрделілене түсті.

Сөйтіп, жағдайды бақылаудан шығарып алған бірнеше министр, бас дәрігерлер, басқа да лауазымды тұлғаларды атынан аударып, жаза­сын беріп жүріп, топан судай екпіндеп келген тажалдың бетін қайтарған болдық. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев салқынқандылықпен халқын сабырға шақырып, сақтық шараларына ерекше назар аударды. Коронавируспен күрес шаралары­на мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлінді. Аурумен бетпе-бет келіп, алғы шепте жүргенде вирус жұқтырып, қапыда мерт болған меди­цина қызметкерлеріне өтемақы төленді. Басқа да санаттар бойынша көтермелеу шаралары ұйымдастырылды. Әрине, сабақ алар жайттар көп болғанмен, еңбек еш кеткен жоқ.

Тажалдың қанды тырнағына ілінген қаншама адам ауруынан құлан-таза айығып, отбасыларымен қауышты. Бәлкім, бақыт дегеннің өзі ауырып, ту­ралап келген аждаһа ажалдың аузынан аман қалып, күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмытып, сары уайымға салынып, Аллаға мінәжат айтып, амандығыңды тілеп отырған отбасыңа оралу болар. Өзіңнің ең бірінші отбасыңа, қоғамға керек адам екеніңді сезінудің өзі бір ғанибет. Мұндай жағдайды (құдай сақтасын, беті әрмен) бастан кешпегендер қапелімде түсінбеуі де мүмкін. Қаншама айты­лып, жазылып жатса да, құлақ аспай, тығылып той жасап жүргендер бір сәтке ойланса нетті?

Әлбетте, тағдырдың «тосын сыйына» тосырқай қараған алпауыт елдер әлемге үстемдік етуге ұмтылып, бір кездері жан­таласа қаруланғандары сияқты бұл жолы да әп-сәтте беймәлім тозаңның күлін көкке ұшыратын вакцина ойлап табуға қызу кірісті. Тіпті, кейбір елдер «эврика, таптық, таптық» деп айқайлап, әлемге жар салып, көздеріне бума-бума көк қағаздар елестеп, өрекпіп барып басыл­ды. Өйткені, олардың ашқан жаңалығы сынамадан өтпей сүрінді.

Осындайда бір тәмсіл ойға оралады. Баяғыда Қожанасыр бабамыз базар­да өткен-кеткендерге: «қандаланы се­спей қатыратын дәрі сатамын, алсаңдар өкінбейсіңдер» деп айқайлап тұрған көрінеді. Жұрт жапатармағай әлгі «кереметті» пышақүсті бөліп алыпты. Есебі түгел Қожекең ысқырып әндетіп, ақшасын санап тұрса, әлгі дәрі алған адамдар қайтып келіп: «мақтап бер­ген дәріңе қандала пысқырмайды да, ақшамызды қайтар» деп дүрсе қоя беріпті. Сонда Қожекең аспай-саспай:

– Сендер де қызық екенсіңдер, соны да білмейсіңдер ме? Әуелі қандаланы қолмен ұстап алып, сосын үстіне дәріні себесіңдер, – деп, сабырға шақырған екен.

Сол айтпақшы, коронавирусқа қарсы «су жаңа» вакцина мәселесі де езуге еріксіз күлкі үйіреді. Әлі піспеген нәрсені шикі, дүмбілез күйінде жарнамалап, жалпақ жұртқа жар салу абыройсыздыққа ұшыратады. Сондықтан, «құтқарушымыз табылған екен» деп жел сөздің жетегіне еріп, жайбарақат отырмай, коронавирусқа қарсы қолда бар «қаруымызды» сайлап, қандайма бір төтенше жағдайға дайын отырған жөн.

Мұның бәрін не үшін тәптіштеп айтып отырмыз? Ысқырынған жы­ландай зәрлі демін ішке тартқан та­жал тағы да тұтқиылдан тап бермесіне кім кепіл? Қазірдің өзінде Еуропа елдерінде коронавирустың екінші толқыны басталып кеткені айтылып жа­тыр. Мәселен, Францияда коменданттық сағат енгізілген. Үндістан халқы үрей құшағында. Іргедегі көршіміз – орман­дай орыстың да оңып тұрғаны шамалы. Күн сайын «жүздеген адам қырылып жатыр» деген хабарды естігенде жаның түршігеді. Соған байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілуде.

Ал, бізде қалай? «Өлең шіркін, өсекші, жұртқа жаяр» деп Абай атамыз айтпақшы, қазіргі заманның озық тех­нологиясы – интернет деген мықтың сыр жасыру дегенді білмейді. Сонау алыстағы Азғыр өңірінде тұратын ша­руа қожалығы бар бір күйлі азамат өзінің 50 жасын есте қаларлықтай етіп тойлапты. Тіпті, қолдан келіп тұрғанда, қонышынан басып, өз атынан бәйге тігіп, аламан ұйымдастырған көрінеді. Бас жүлдеге тігілген жабағыны Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей Ордасы ауданының Бисен ауылынан келген ша­бандоз жетектеп кетіпті деседі. Соған қарағанда, мерейтой иесі аяқ жетер жер­ге сауын айтқан ғой шамасы. Бұған енді күлеріңді де, жыларыңды да білмейсің. Коронавирус деген олардың қаперіне де кірмейтін сияқты. Мұрынының астындағы мұндай бассыздыққа жол беріп қойып, жергілікті әкімдік қайда қарап отыр? «Сыбырлағанды құдай да естиді» дегендей, шекара талғамайтын қауіпті тажал жайбарақат, ауа жайылып отырған алыстағы ауылға да жетіп бар­масына кім кепіл? Жаман айтпай жақсы жоқ, оқыс адам өлімімен аяқталатын оқиғалар орын алса, кім жауап береді? Мұны әкім қараларды тұқырту, тырнақ астынан кір іздеу үшін айтып отырған жоқпыз. Жанымыз ашығандықтан ащы дауысымыз шығып кетіп жатса, ғапу өтінеміз.

Тағы бір әжептәуір қызметте жүрген таныс азамат қиналып жүргенін айтып, ақыл сұрады. Бала күннен бірге өскен досы туған күніне шақырыпты. Шараның қайда өтетінін мерзімі жақындағанда қосымша хабарланатынын, әзірге құпия ұстау керектігін жеткізіпті. Соған бара­рын да, бармасын да білмей басы қатқан. «Бармай қалсам, сен достардан бөлініп, креслоңды ойлап, бізді сатып кеттің» деп шарт сынуы, өмір бойы көрмей кетуден де жүзі жанбайтын досының қызбалау мінезінен де хабардар. Сонда қайтпек керек? Бұған пәлен деп айтуға бізде де артық-ауыс ақыл болмады. Мұны да ой сүзгісіне бір салып көрейікші, ағайын! Бүкіл әлем өре түрегеліп, коронави­рустан сақтануға барын салып жатқанда, біздің қаннен қаперсіз той-тойлап жүрісіміз мынау.

Той өткізетін орын таппай қиналып жүрген бір танысымыз: «біреулер арқылы «мынауски» мейрамхананың әкімшісімен келісіп келдім. Артқы есіктен (черный ход) 100 адам кіргізіп, тойымды дүркіретіп өткізіп беретін болды» дейді қуанып. Тек мейрамха­на маңайына машина қаңтарып қоюға болмайды. Қуанышына ортақтасқың- а қ ке л е д і , б і р а қ о с ы н д а й д а н е айтарыңды білмейді екенсің. Біз қай қоғамда өмір сүріп отырмыз осы? «Мыңмен жалғыз алысқан» баяғы Абайдың заманы емес қой…

Салоны жолаушыға лық толы «Нұрсая» шағынауданына жүретін қоғамдық автобус «Академия» аялдама­сына келіп, тапжылмастан 15-20 минут­тай тұрып алды. Кінәлі адамдай өздерін жайсыз сезініп, берекеті қашқан жолау­шылар әр тұстан:

– Неге тұрмыз? Жүрсеңдерші, – деп дауыстағанда, жолсерік жігіт:

– Артта тағы бір автобус келе жатыр, содан жолаушылар түседі. Соны күтіп тұрмыз, – деді міз бақпастан.

Мұндай қаперсіздік жүйкелері сыр бере бастаған жолаушылардың одан сайын ашу-ызасын келтірді. Олардың сөзіне құлақ асып жатқан жолсерік жоқ. Тіпті, тәжікелесіп, еркек басымен ұрсысуға дейін барды. Соған шыдамаған бір қария:

– Т ү к і р і г і ң ш а ш ы р а п , н е г е салғыласасың? Сенікі дұрыс па? Бетпердеңді ки! – деп жекіді.

Қиқарланған жолсеріктің санасы­на енді ғана жеткендей көпшіліктен қ а й м ы ғ ы п , к і р – к і р бе т п е рд е с і н қалтасынан құлықсыздау алып, мұрынын тұмшалағандай болды.

Алдыңғы мысалдар «естіген құлақта жазық жоқ» дегеннің кебі болса, бұл жолғысы өзіміз куә болып, көзбен көргеніміз. «Жүре берсең, көре бересің» деген осы болса керек.

«Бәрін айт та, бірін айт», сонымен жыр болған коронавирустың екінші толқыны да есік қағып тұр. Ақпандағы бурадай шабынған ашушаң бәлекеттің енді не ойлап жатқаны бір Аллаға ғана аян. Сондықтан, көзімізді ашып, айналаға қарап, ақылға келейікші, ағайын! Ол үшін бүкіл ел болып коронавирусқа қарсы бағытталған ортақ жұмысымызды зая кетірмей, қарапайым қағидалар мен санитарлық талаптарды сақтағанымыз аб­зал. Бұл – қолдан келетін шаруа. Әйтпесе, кесел жұқтырған бір адамның кесірі жүздеген адамға тиетіні даусыз ғой.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған