Жарнама
Экономика

Инвестициялық саясатқа жаңа көзқарас қажет

Президент Жолдауында айтылған инвестиция саясатын түбегейлі жаңғырту қажеттігі – уақыт талабынан туындаған мәселе. Қазіргі жаһандық экономикада капитал үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқанын ескерсек, Қазақстанның да жаңа инвестициялық кезеңге қадам басуы заңды.

2059bc20 29d1 4f32 8202 18dd3b3d174e

Рас, ұзақ жылдар бойы елімізге тартылған инвестициялардың басым бөлігі шикізаттық салаларға бағытталды. Бұл белгілі бір дәрежеде экономиканың дамуына серпін бергенімен, тұрақты әрі әртараптандырылған өсімді қамтамасыз ете алмады. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткендей, ендігі міндет – өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық жобаларға инвестиция тарту. Бұл қадам Қазақстанды шикізатқа тәуелділіктен арылтып, жаңа сапалық деңгейге шығарады.

Экономика тұрғысынан алғанда, «инвестицияға тапсырыстың» өндірістің нақты сұранысына негізделуі аса маңызды. Қай салаға қанша қаражат қажет екенін дәл есептеу – инвестиция тиімділігінің кепілі. Сонымен қатар, тек ірі инвесторларға емес, орта және шағын капитал иелерімен де жүйелі жұмыс жүргізу ұсынысы өте орынды. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жалпы экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.

Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – инвестиция тарту жүйесінің күрделілігі мен қағазбастылығы. Шынында да, қазіргі ахуал шұғыл шешім қабылдауды талап етеді. Үйлестіру тетігін Премьер-министрдің өзіне жүктеу – жауапкершілікті нақтылауға бағытталған тиімді қадам.

Сонымен бірге инвесторлардың құқығын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл тұрғыда Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетті Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитетке айналдыру бастамасы – сенімді нығайтуға арналған дұрыс шешім. Инвестор үшін басты шарт – әділдік пен болжамды орта. Қазақстан дәл осы бағытта батыл қадам жасай алса, шетелдік капитал да, отандық инвестиция да артады.

Осыған қоса, мемлекет тарапынан ұсынылатын салықтық жеңілдіктерді мақсатты әрі мұқият қолдану қажет. Жеңілдік алған әрбір жоба ұлттық экономиканың дамуына нақты пайда әкелуі тиіс. Бұл ретте ұлттық қор қаражатын ел ішінде болашағы зор, нарықтық әлеуеті жоғары жобаларға инвестициялау ұсынысы – экономиканы жаңа деңгейге көтеретін бастама.

Жалпы, Жолдауда көтерілген міндеттердің барлығы – Қазақстанды шикізаттық тәуелділіктен шығарып, тұрақты экономикалық өсімге жеткізуге бағытталған. Ол үшін инвестиция тарту жүйесі ашық, қолжетімді және тиімді болуы тиіс. Ең бастысы, шетелдік капиталды тартумен қатар, отандық инвесторларды қолдауға айрықша көңіл бөлінгені абзал.

Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА,

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button