
Инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері талқыланды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында халықаралық бизнес қоғамдастықтығының Қазақстан Үкіметімен өзара іс-қимылының өзекті мәселелері қаралды, — деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Еліміздің инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру, оның ішінде салық саясатын жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.
Отырысқа қатысушылар Үкіметтің қолайлы бизнес-орта құруға, өсу серпінін сақтауға және экономикалық даму сапасын арттыруға бағытталған реформалары туралы хабардар болды.
Әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі шеңберінде әкімшілендірудің сервистік моделін енгізу, салық есептілігін 30%-ға қысқарту және салық төлемдері түрлерінің санын 20%-ға азайту көзделгені атап өтілді. Өз өнімін өндірушілер үшін табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі енгізіледі, шикізатты қайта өңдеушілер жабдықтың импорты бойынша ҚҚС төлеу мерзімін ұзартады. Сонымен қатар роялтиге салық салудағы өзгерістер түсіндірілді.
Жиында Қазақстандағы Америкалық сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлих, АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Мишель Йеркин, Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, ЕО-ның Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Мачей Мадалиньский, Deloitte серіктесі Елдос Сыздықов, Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі EY басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков, Beeline Қазақстан бас директоры Евгений Настрадин, ExxonMobil Қазақстан бойынша басқарушы директоры Сесиль Раулин, Pfizer аймақтық директоры Дмитрий Козенков сөз сөйледі.
Көтерілген тақырыптарға Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, қаржы министрі Мәди Такиев түсініктеме берді.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы ҚҚС қайтару аясында рекордтық 1,2 трлн теңге төленген. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықты қайтару рәсімінің тиімділігі мен ашықтығын арттыратын жаңа ақпараттық жүйе қолданысқа енгізіледі.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов айтылған ұсыныстар мен бастамалар үшін алғысын білдірді. Қазақстан Үкіметі ашық диалог пен өзара үйлесімді іс-қимылға дайын.