Атырауда 35 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр

novostroyka zaman 3 Экономика

    Атырауда мемлекеттік қадағалаушы органдар азаматтардың салымын пайдалана отырып, коммерциялық үй құрылысын жүргізуде өрескел бұзушылықтарды анықтады. Тіпті салынған үйлердің кейбіреулері  бұзылуы мүмкін. Бұл жөнінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Ерлан Қабдинов мәлімдеді. 

    Оның айтуынша, қазір Атырау қаласында 35 тұрғын үй кешенінің (ТҮК) құрылысы жүріп жатыр. Соның алтауында мемлекеттік органдардан берілетін рұқсат құжаттары, соның ішінде, үлескерлердің қаржысын тартуға рұқсат қағаздары толықтай жинақталған. Ал,  құжаты, толық он төртінде құрылысты бастауға рұқсат етілген құжаттары болғанымен, үлескерлердің қаржысын тартуға рұқсат алынбаған. Он алты тұрғын үй кешенінде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға болатындығына кепілдік беретін рұқсат құжаттары толық емес көрінеді. Яғни, құрылыстың басталғандығы жөнінде құзырлы құрылымдарды хабардар етпеген, эскиздік жоба келістіоімеген, т.б.

    Айта кету керек, алты тұрғын үй кешені шаһардағы тұрғын үй құрылысымен айналысатын коперативтер арқылы салынуда. Олардың біреуінің құрылысы қазірде аяқталуға таяу. Ал, бесеуіне қатысты бірқатар проблемалар туындап отыр.  Мысалы, «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2020 жылы басталып, оны тұрғын үй-құрылысы коперативі аясында жүргізген. 2021 жылдың ортасынан бастап құрылыс жұмыстарының қарқыны бәсеңдеп, еншілес, яғни үлескер азаматтардың алаңдаушылығын туғызды. Сол себепті, облыстық  прокуратураның  ұсынысымен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жобалық – сметалық құжаттамасыз құрылыс жүргізгені үшін және берілген ұйғарымды орындамағаны үшін мердігер кәсіпорынды әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде шешім қабылдады. Нақтылай кетсем, ҚР ӘПК-нің 314 және 462 баптарының негізінде  (2021 жылғы 24 қыркүйектегі қалалық соттың үкімімен) айыппұл салынды. Бұдан бөлек, тұрғын үй-құрылысы кооперативі  салынып жатқан тағы да үш тұрғын үй кешеніне қатысты күдікті жайттар бар екен. 

    «Бүгінгі күнге мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы азаматтық кодекстің 244 бабына сәйкес, қаланың «Лесхоз» шағынауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылысын  мәжбүрлеп бұзу жөнінде шағым түсірді.  Анықталғанындай бұл тұрғын үй кешенінің рұқсат құжаттары жоқ болып шықты. Оның үстіне,  жер телімінің пайдаланылу туралы құжатында  нысанның  жекеменшік тұрғын үйдің құрылысы деп көрсетлген», деді Ерлан Қабдинов.

    Басқарма басшысының мәліметінше, бақылаушы құрылым тарапынан салынып жатқан және тұрғын үй кешеніне қатысты шағым берілген. Құрылыс жүргізуге рұқсат құжаттарының болмауы өз алдына, мердігер кәсіпорынның жер телімін иеленуге құқығы жоқ екен. Яғни, бұл да заңнама талаптарын өрескел түрде бұзудың бір көрінісі саналады. Осындай жағдайлардың қайталанбасы, жоғарыда келтірілгендей кемшіліктерге жол берілмесі немесе олардың алдын-алу үшін төмендегідей жайларды қаперде ұстау керектігін де Ерлан Қабдинов ескертіп өтті.     Біріншіден, салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер алмастан бұрын, үлескер құрылысты  жүргізуші тараптан құжаттардың толық жинағын сұрату керек. Әсіресе, тұрғын үй-құрылысы кооперативтері арқылы тұрғын үй кешені құрылысына қаражат салатындар ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңымен қорғалмайтынын ескерген жөн. Сонымен қатар, тұрғын үй-құрылысы кооперативтерінің бір шаршы метрге ұсынатын бағалары көп жағдайда нарықтық бағадан әлдеқайда төмен болады. Алайда, бұндай бағамен тұрғын үй кешенін сапалы қылып, уақтылы салудың өзі екіталай, яғни күдікті. Осы тұста «Арзанның дәмі татымас» деген тәмсілді де ойдан шығарып алмағанымыз абзал.

    Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының сөзінше, егер құрылыс жүрізушінің қолында үлескерлердің қаржысын тартуға рұқсаты болса, бұндай тұрғын үй кешеніне қаражатын салған азаматтардың алаңдамауына болады. Себебі мұндай үйлер қайтсе де уақытында салынып, аяқталады. Құрылыс жүрізуші банкрот болып қалған жағдайда да, бұл нысандар сақтандырылған. Сол үшін сақтандыру құжаты арқылы басталған құрылысты  аяқтауға қаражат беріледі..               

    Айтарымыз, осы мәсәеле төңірегінде қажетті ақпараттарды алу үшін қала, облыс әкімдігіне немесе тікелей мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына (мекен-жайы: Атырау қаласы, Баймұханов көшесі, 16 «б» үй, «Назерке» бизнес-орталығы) немесе 52-45-41 нөмірлі  анықтамаға телефонына хабарласуға болады. 

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз