Дампьер АЭС-і маңындағы даму нышаны
Франция атом энергетикасын пайдалану тұрғысынан әлемдегі көшбасшы елдер санатында. Себебі электр қуатының 75%-ын атом электр стансасынан алады. Біз айтқалы отырған Дампьер АЭС елдегі электр энергиясының шамамен 7%-ын өндіреді. Оның 4 реакторы бар.
Жалпы, Франция 1973 жылға дейін электр энергиясының жартысын шетелден импорттап, жартысын мұнайдан алатын. Мұнай дағдарысы біраз есеңгіреткеннен кейін, ел үкіметі атом энергетикасын қарқынды дамытуды қолға алды. Қазір елде 19 атом электр стансасы бар. Онда 56 реактор үздіксіз жұмыс істеп тұр. Реакторларға қажет отын-уранды біздің елден алады. Елдің ядролық қауіпсіздік басқармасы ең жоғарғы қауіпсіздік стандартын қолданады.
Бір қызығы, француздар басында ең арзан электр энергия өндіру мақсатында ғана ядролық энергетиканы дамытқан. Біраз жылғы еңбектен кейін реакторларын іске қоса бастады. Ал қазір өзінен артылған қуат көзін Испания, Италия, Швейцария, Ұлыбританияға экспорттап, жылына 3 млрд. еуро пайда көріп отыр. Әрине, әлем тәжірбиесіне сүйенсек, экономиканы декарбонизациялауда мұнай мен газды атом энергиясымен алмастыру маңызды-ақ.
«АЭС маңындағы өмірдің қандай болатыны бізге таңсық. Мысалы, осы Дампьер атом электр стансасының айналасында тұрып жатқан адамдар қалай өмір сүреді, нендей тіршілік кешеді? Дампьер-ан-Бюрли елді мекенінен бірнеше шақырым жерде АЭС бар. Үлкен ядролық реакторлар паркінен шамамен 10 км қашықтықта 630 мыңға жуық адам тұрады екен. Луар департаментінің тұрғындары 40 жылдан бері нысан маңында өмір сүріп келеді. Кейінгі жылдары қызық құбылыс орнап, ауыл халқының саны үш есе өскен.
«АЭС маңында өмір сүрудің біраз ерекшелігі бар. Бірақ станса жанындағы елді мекен тұрғындары атом энергетикасынан еш қорықпайды. Өйткені олар атом электр стансасының қауіпсіз екенін жақсы біледі. Оның үстіне АЭС жанындағы аумақ қазыналы аймақтарға жатады. Тұтас аймақтың экономикасы үшін де маңызы орасан. Жергілікті тұрғындар электр стансасының жұмысымен жақсы таныс. Ондағы үдерісті тамашалау үшін нысанаға арнайы рұқсатпен кіріп, көре алады. Бірақ бақылаушы орган мен ақпарат-тандыру комиссиясы кім келсе де, ол қызметкер, билік өкілі, белсенді немесе қарапайым тұрғын болсын қатаң қадағалайды», — дейді Жергілікті халықты ақпараттандыру комиссиясының президенті Жак Меса «24 KZ» телеарнасына берген сұхбатында.
Мамандар 2050 жылға қарай Францияда тоқты тұтыну 35%-ға өседі деп топшылап отыр. Сондықтан ел үкіметі алдағы уақытта тағы 14 атом электр стансасын салмақшы. Сәйкесінше, электр энергиясының бағасы да төмендеп, халықтың сатып алу қабілеті арта түседі.
«Біз жақтағы АЭС қайнаған тіршіліктің қақ ортасында ор¬наласқан. Сол себепті мұнда қоныстанған жергілікті халықпен сенімді байланыс орнату өте маңызды. Мұндай сенім ашық пікір, үгіт-насихат және түсіндірме жұмыстары арқылы жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарды Жергілікті ақпарат¬тандыру комиссиясы депутаттар, қауымдастық өкілдері және тұрғындардың көмегімен жүйелі жүргізіп отыр», — дейді Дампьер АЭС директоры Лоран Бертье.