Жарнама
Экономика

Болат жол бойында –  толассыз тірлік

Ресми дереккөздерден алынған ақпараттарға қарағанда, 2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысымен елдің көлік саласының даму көрсеткіші 22,7%-ға артты. Саланың өсу динамикасына жүк тасымалының жалпы көлемінің артуы әсер еткен. Осы кезеңде жалпы тасымал көлемі – 550,7 миллион тонна, бұл – былтырғы сәйкесті кезеңмен салыстырғанда 10,9 %-ға жоғары. Атап айтқанда, автокөлікпен жүк тасымалы – 1,8 %-ға, теміржол арқылы жүк тасу – 12,4 % және құбыр арқылы тасымалдар 18,2 %-ға артқан. Сол сиқты, жолаушылар тасымалы – 10,5%-ға ұлғайып, олардың саны 928 миллионға жетіпті.

Атап көрсетер жайт, жүк тасымалы көлемі тау-кен металлургиясы, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларының өзіндік есебінен өсті. Бұл – экономиканың базалық секторы. Соның ішінде теміржол көлігімен жүзеге асырылатын тасымалдың үлесі қомақты.

Бүгінде отандық теміржол саласында көліктік логистика жүйесін дамытуға зор маңыз беріліп отыр. Оны өркендету арқылы мол табысқа кенеліп, өркениет көшінің басынан көрінуге болатыны әлемдік тәжірибеден анық байқалды. Сол себепті, аймақтар бұл бағытта жаңаша жұмыс тәсіліне көшкен. Тоқетер түйін – теміржол логистиканың ілгері жетелеуші локомотиві саналады.

Қазіргі талап бойынша елдің қуатын еселеудің кепілі өңірлердің дамуына тың серпін туғызары сөзсіз. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы – Жүк тасымалдары» ЖШС филиалы-Атырау бөлімшесі де өз қызметінде осы бағытты ұстанған. Осының өзі болат жолдың бойында халық шаруашылығы жүктері тасымалының толастамай, күретамырдың тынымсыз соғып тұруына кепілдік береді.

Алты айлық меже – артығымен

Атырау бөлімшесінің директоры Аслан Базарғалиевтің айтуынша, ұжым биылғы жылдың алғашқы жартысын табысты қорытындылапты. Есепті мерзімде бөлімше бойынша негізгі қызметтен түсетін кіріс көлемі 56,5 миллиард теңгеге жуықтап, былтырғы сәйкесті кезеңнің көрсеткішінен жоспар 3%-ға артық орындалған. Оған негіз болған тасымалдаушы вагондар санының ұлғаюы. Қуантарлығы сол, жұмыс ауқымының айтарлықтай көбейгеніне қарамастан, отын-энергетика ресурстары үнемделіпті. Жоспардың орындалуында мұнай өнімдері, өнеркәсіптік шикізат, металл өнімдері мен сынықтары, құрылыс жүктерінің үлес салмағы басым. Тіпті, жүкті тиеп-түсіру жоспары да артығымен орындалған.

– Ең бастысы, биыл жүк пойыздары қозғалысының бекітілген кестеден ауытқуына жол берілген жоқ. Республиканың басты өндірістік аймақтарының бірі саналатын Атырау облысында бүгінде бірнеше индустриалды-инновациялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Оның тиісті талап деңгейінде орындалуы үшін көлік-логистика жүйесінің қолданыстағы стандарттарға сай келуі міндетті. Ол үшін тасымалдаушы компаниялардың материалдық-техникалық базасының нығайтылуы мен қуатының ұлғайтылуы – негізгі мақсат. Жүк тасымалының жылдамдығын арттырып, вагондардың бос тұрып қалу уақытын мейлінше қысқарту мақсатында қолданыстағы құрылғылардың басым бөлігінің жұмысы оңтайландырылды. Соның нәтижесінде қаржы айтарлықтай үнемделіп, экономикалық тиімділік артты, — деді Аслан Ұлықпанұлы.

Қауіпсіздік – басты көрсеткіш

Бөлімшеде жарты жылда қозғалыс қауіпсіздігі қатаң сақтағандықтан, бірде-бір тәртіп бұзу дерегі тіркелмеген. Еңбек жағдайын жақсарту мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді шарасы жасақталып, соған сай жұмыс нақты жоспарланыпты. Осылайша, оң нәтижеге қол жетіп, өндірісте адам саулығы мен өміріне қауіп төндірер бақытсыздық оқиғалары орын алған жоқ.

А.Базарғалиевтің айтуынша, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар толығымен жүзеге асты. Жұмыс орындары аттестацияланып, қажетті қауіпсіздік белгілері алынып, жұмысшы-мамандар түгел арнаулы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Бөлімшеге қарасты маңызды буындардың бірі – Атырау вагон пайдалану депосында жұмыс орындары мен техникалық кабинеттерді цифрландыру шаралары заман талабына сай жүйелі жүріп отыр. Басты мақсат – жүктелген міндетті мінсіз орындап, өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Бүгінде бөлімшеде жүк қабылдау мүмкіндігіне ие 18 станцияның бәрі де логистикаға жауапты мамандармен қамтылған. Логистер жергілікті жерде, станция басында барлық құжатты ресімдейді. Оның электронды нұсқаға көшуі де жүк операцияларының жылдамдығын арттырып, тасымалдың артуына сеп болады.

Жыл ішіндегі айрықша қадам

Жүздеген адам еңбек ететін ұжымда ортақ табысқа лайықты үлесін қосып жүрген білікті мамандар жетекшілік ететін бірнеше өндірістік буын бар. Солардың алдыңғы легінде Атырау теміржол станциясы тұрады. Құрылым басшысы, жоғары білімді маман Бекжан Жиенбетовтің сөзінен аңғарғанымыз – станция техникалық тұрғыда бірінші сыныпқа жатады. Мақат, Ақжайық және Ақсарай бағыттарынан құрам қабылдайтын станцияда 9 қабылдап-жөнелту және 6 сұрыптау жолы бар. Жүк пойыздарынан бөлек, Атырау станциясы жергілікті қатынастағы 13 жолаушылар пойызын қабылдап, жөнелтеді.

Ұжымдағы 110 қызметкер жыл өткен сайын біліктілігі жоғары мамандармен толығып келеді. Есімі ерекше құрметке ие қызметкерлердің қатарында Марат Шантеміров те бар. Еңбек жолын осы салада өткеріп, өнегелі ісімен өзгелерге үлгі болып жүрген ол қазір станция кезекшісі. Бұрынғы Гурьев теміржол техникумын бітірген Мараттың өз саласында жұмыс істегеніне қырық жыл болған, міндеті – күнделікті жүк және жолаушы пойыздарының қозғалысын бекітілген кестеге сай реттеп, уақытының сақталуын қадағалау, станцияға келген жылжымалы құрамның қай жолға тоқтайтыны, қайсысынан аттанатыны туралы нұсқау беріп, басқарып отыру. Бастысы – қауіпсіздік қағидалары мен ережелерінің сақталуын бақылап, төтенше оқиғалардың орын алуына жол бермеу. Марат пен оның әріптестері өздерінің осы міндеттерін мінсіз орындап келеді.

Адал еңбек, мінсіз қызметтің арқасында халықтың алғысын алып, көпшіліктің ризашылығы мен қызметтестерінің құрметіне бөленіп жүрген жандардың қатарында Атырау теміржол вокзалының кассирлері де аталады. Түрлі бағытқа жолға шығып, сапар шегетін жолаушыларды билетпен қамтамасыз ететін шағын ұжымға Ажар Еңсепова басшылық етеді. Құрамы жағынан адам саны аз болғанымен, атқарар жұмысы ауқымды ұжымда Ажар әбден сіңіскен. Әріптестерімен бірге жолаушыларға сапалы да мәдениетті қызмет көрсетуді басты міндеті санайды.

Темірдей тәртіпті негізгі нысанаға айналдырған теміржолда заманның талабына сай, бос жұмыс орындарына жаңадан кадр қабылдау ашық конкурс арқылы және әңгімелесу тәсілімен өтеді. Бұл өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін көрсетіп отыр. Осындай үрдістің бөлімшеге қарасты өзге құрылымдарда да жалғасып жатқаны құптарлық құбылыс.

Көмек пен қолдау қашан да қажет

Қай дәуірде де қоғамның дамуы әр маманның өз міндетіне ыждаһатты қарап, еңбегін адал атқаруына тікелей байланысты. Адал да абыройлы еңбектің иесі қандай марапатқа да лайықты, абырой-бедел мен сый-құрметке ие. Сол себепті оның жұмысын алаңсыз жасауына қолайлы жағдай жасалып, орта қалыптасуы тиіс.

Қоғамдық дамудың деңгейі көтеріліп, адамның санасы жетілген заманда да жұмыс беруші мен жұмысшы арасында кейбір келеңсіз жайлар, күрмеуі күрделі мәселелердің туындап отыратыны жасырын емес. Қордаланған проблемалардың шешімін оң тауып, жұмысшы мүддесі мен құқықтарының қорғалуында кәсіподақ ұйымдарының атқарар жұмысы мен оларға жүктелер міндет жүгі аз деп айтуға болмас. Салалық «Қазақкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің шешімімен зейнеткерлер мен отбасында қиын жағдайға душар болған жұмысшы-қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету де дәстүрге енген. Мұндай қамқорлыққа алынғандардың қатарында Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің еңбеккерлері де бар. Осыған орай ұлттық компания мен орталық кәсіподақ кеңесі арасында меморандум жасақталған.

«Теміржол – менің өмірлік таңдауым» тақырыбындағы шаралар шеңберінде теміржолшыларға арналған жазғы спорт алаңдары ашылып, жұмыс жасап тұр. Бұл да еңбек адамына деген көмек пен қолдаудың айқын көрінісі.

Жөнделген ғимараттың жұмысы да жақсарады

Ескірген ғимараттарды жөндеуден өткізіп, жаңғырту да күн тәртібінде тұрған мәселе. Оны басшылық ұдайы бақылауында ұстап, жүйелі жалғастырып келеді. Жылдың алғашқы жартысында Ганюшкино станциясының әкімшілік ғимараты, Махамбет станциясындағы тауар кеңсесі, Мақат станциясындағы «ВЧДЭ-1» мекемесінің теңгеріміндегі техникалық қызмет көрсету бекетінде жай жөндеу жұмыстары жасалған. Осындай жұмыстар әлі де талапқа сай жалғасуы тиіс. Жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында Ақжайық теміржол станциясының жылу мен су құбырларын, әкімшілік ғимараты мен басқа да инженерлік инфрақұрылымы мен коммуникацияларын жөндеуден өткізу жоспарланыпты. Атырау, Сағыз, Ганюшкино станцияларындағы локомотив бригадаларына арналған демалыс үйлерін күрделі жөндеуден өткізу де биылғы жоспарда тұр. Оған қоса, Сағыз-Мақат, Қиғаш-Ганюшкино, Құлсары-Бейнеу учаскелеріндегі жалпы ұзындығы 67 шақырымға жуық жолды күрделі жөндеу көзделген.

– Биыл жағымды жаңалық ретінде облыстағы 9 теміржол вокзалы реконструкциядан өткізілетінін атап өткен жөн, олар – Атырау, Аққыстау, Исатай, Ганюшкино, Доссор, Мақат, Жамансор, Мұқыр, Сағыз вокзалдары. Күні бүгінде бұл жұмыстар Аққыстау мен Ганюшкино вокзалдарында басталып кетті. Басқаларында нысанды уақытша басқа жерге көшіру, жұмылдыру, басқа да ұйымдастыру жұмыстары қолға алынған. Атырау вокзалында «Rise ProJect Group» ЖШС жобалау жұмыстарына кірісті, — дейді бөлімше бастығы А.Базарғалиев.

Дәулетқали АРУЕВ

Cандар сөйлейді…

* Жарты жылдағы кіріс көлемі – 56,5 млрд. теңге:

Соның ішінде:

*Тасымалдан түскен табыс – 47,3 млрд. теңге.

* Жүк тиеу жоспарының орындалуы – 104,1%;

* Қосымша алымдардан – 1,3 млрд. теңге;

* Жүк айналымының орындалу көрсеткіші –  103,4%.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button