Жарнама
Экономика

Балық шаруашылығы – аймақ экономикасының тірегі

Атырау облысында балық шаруашылығы тек экологиялық емес, сонымен қатар экономикалық маңызға ие салалардың біріне айналып отыр. Соңғы жылдары балық шабақтарын өсіру, табиғи ортаға жіберу, сондай-ақ оларды құтқару бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстар аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосуда.

2024 жылы «Жайық-Атырау» бекіре балығын өсіру зауыты мемлекеттік тапсырыс аясында 1,052 миллион дана шабақты табиғи ортаға жіберсе, жеке табиғат пайдаланушылар есебінен тағы 1,6 миллион бекіре шабағы Жайық өзеніне жіберілді. Алайда зауыттың материалдық-техникалық базасының әлсіздігі салдарынан жоспарланған 5 миллион дана шабақты жіберу мүмкін болмады. Бұл жағдай өндірістік инфрақұрылымның экономикадағы рөлін айқын көрсетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл бұл зауытты қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл инвестициялық жобалар болашақта өндірістік қуатты еселеп арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Махамбет ауданындағы «А-Дана» шаруа қожалығы базасында жылына 85 мың тонна тауарлы балық және 15 миллион дана бекіре шабағын өсіруге қауқарлы жаңа өндіріс орнының ашылуы жоспарға енгізілген. Бұл жоба аймақтың балық шаруашылығындағы экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, өңір экономикасына жаңа серпін бермек.

Балық шабағын құтқару жұмыстары да маңызды экономикалық мәнге ие. Биыл көктемде Құрманғазы ауданындағы жайылмаларды тазарту және сүзу арқылы 1,9 миллионнан астам шабақ құтқарылып, табиғи өсу аймақтары – Шора және Қиғаш өзендеріне жіберілді. Бұл іске бірнеше шаруа қожалықтары мен кооперативтерден 85 адам және 17 техника жұмылдырылды. Маусымдық болса да, бұл жұмыстар жергілікті тұрғындарға табыс көзі мен уақытша жұмыс орнын ұсынды.

Осындай жұмыстар Махамбет ауданында да жүргізілді. Жалғансай ауылы маңындағы жайылма судан 200 мың дана мөңке шабағы құтқарылып, Жайық өзеніне жіберілді. Бұл шаралардың нәтижесінде болашақта жергілікті балық өңдеу кәсіпорындарына жеткілікті мөлшерде шикізат түсуі күтілуде, бұл өз кезегінде өңдеу мен экспорт салаларына да оң әсер етеді.

Балық шаруашылығындағы мелиоративтік аулаудың тағы бір пайдасы – нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету. «Атырау-Астрахан» тасжолы бойындағы жайылмадан сүзілген көксерке, сазан, жайын, мөңке, алабұға сынды бағалы балық түрлері ішкі нарыққа шығарылып, азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосты. Бұл тұтыну нарығындағы бағаны тұрақтандырып, салық түсімінің өсуіне де сеп болуда.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың басынан бері облыстағы су көздерінен 11,5 миллион данаға жуық шабақ құтқарылып, табиғи өсу ортасына жіберілген. Бұл – болашақтағы кәсіптік балық аулаудың көлемін ұлғайтып, экспорттық түсімдерді көбейтуге, балық өңдеу саласын жандандыруға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, балық шаруашылығы – Атырау облысы экономикасының маңызды салаларының бірі. Шабақ өсіру мен құтқару жұмыстары экологиялық тұрақтылықпен қатар, экономикалық тиімділікті қамтамасыз етіп отыр. Бұл салаға бағытталған инвестициялар мен жүйелі жұмыс нәтижесінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, экспорттық әлеует еселене түсуде. Балық – байлық екенін экономика тұрғысынан тағы бір мәрте дәлелдейтін кезең туды.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button