ӘЛЕМНІҢ АЛТЫ МИЛЛИАРДЫНШЫ ТҰРҒЫНЫ – РӘБИЯ ЕРМҰХАНОВА

Жер шарының алты миллиардыншы тұрғыны Рәбия Ермұханова қазір Алматы қаласында тұрады. Бір қарағанда, қызық, әрі ерекше көрінетін «кездейсоқ сәттілік» екінің бірінің маңдайына жазыла бермесі анық. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен ерекше демографиялық атауға ие Рәбия Манарбекқызына 16 жыл бұрын туу туралы куәлік берілсе, күні кеше Алматыда кәмелеттік жасқа толуына байланысты ресми төлқұжат табыс етілді.

Он алты жылда ғаламшардағы халық саны 1,5 миллиардтай адамға артып, 7,5 миллиардқа жақындаған. Жер шарындағы жетінші миллиардтың көшін бастаған қазақ қызы Рәбияның болуы кездейсоқ емес дерсің. Мамандығы журналист Манарбек Ермұханов пен Алмагүл жеті жыл бойына жаратқаннан жалбарынып перзент сұраумен жүреді. Тұла бойы тұңғыштарының дүниеге келгеніне қуанған жас ата-ана сәбиінің амандығын тілейді. Бірақ, сол сәтте дүние есігін ашқан періштесінің бірден танылып, бүкіл Қазақ еліне, отбасына ерекше қуаныш ала келгенінен олар бейхабар еді. Кейін әкесі Манарбек Ермұхановқа айрықша жаңалық жеткен кезде отбасы мен жақын туыстары таңданыс білдірген. Содан шаңырақтың үлкендері қазақы ырыммен дүниеге келуінің өзі ерекше болған сәбидің есімін қоюды, кіндік әкесі мен анасы болуға лайық үлкендерді таңдайды. Үлкендер жағы сәбидің мінезі   «кіндік анасы мен атасына ұқсасын» деп, олардың бойындағы барлық қасиеттер сәбиге жұқсын деген ырыммен белгілі журналист, ақын Жұмабек Мұқановқа кіндік әке болуына қолқа салып, ол құп алады.

Игі жақсылардың өсиет-өнегесін көріп өскен Рәбия кішкентайынан дарынымен ерекшеленіп өсіп келеді. Кәмелеттік жасқа толуына байланысты ресми төлқұжат тапсыру рәсімінде де Рәбияның туған-туыстарымен қатар, халық қалаулылары  қатысып, ізгі тілектерін арнады. Оның болашағына зор үміт артты. Кіндік атасы Жұмабек Мұқанов та ақ батасын беріп, дархан көңілін білдірді.

Ал, Рәбия ресми түрде төлқұжатын иеленіп, құттықтаулар мен құшақ-құшақ гүл шоқтарын алғанда өзінің ғаламшардағы ерекше адам екенін сезіне түскендей. Әлемдегі құрметті атаққа ие қазақ қызы – қазір тоғызыншы сынып оқушысы. Түрлі білім бәйгелерінде оза шапқан дарынды қыздың талабы да зор. Биыл көктемде географиядан республикалық олимпиададан жүлделі орынды иеленген. География пәнін ерекше сүйіп оқитын Рәбия болашақта ландшафт дизайнері болуды армандайды. 

Журналистерге берген сұхбатында ол: «Әлемдегі алты миллиардыншы адам болу керемет сезім сыйлайды.  Жауапкершілік те жоғары. Мәселен, география пәнінің оқулығында мен туралы ақпарат бар. Оқушылардың бәрі қызығушылық танытып, түрлі сұрақ қояды», – дейді.

P.S. Рәбияның әкесі – журналист Манарбек Ермұханов Атырау облысы, Мақат ауданы, Доссор поселкесінде дүниеге келген. Ал, атасы Тілеумұқан Ермұханов – Ұлы Отан соғысының ардагері болды. Он ағайындының кенжесі Манарбек әке жолын жалғап, балаларын жан-жақты оқытып, елдің қалаулы ұл-қыздары етіп өсіргісі келеді. Манарбек пен Алмагүлдің отбасында Рәбиядан басқа қызы Нари мен ұлдары Әнуар, Мансұр өсіп келеді. Ата-анасы олардың болашағынан да зор үміт күтеді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз